Амандық Баталов: Сылбыр әкімдерге демалыс жоқ

435

Алматы облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру баяу жүріп жатыр. Тіпті, жыл басынан бері Балқаш, Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр сынды алты бірдей аудан ешбір кооператив құрмаған болып шықты. Бұл туралы өңір әкімі Амандық БАТТАЛОВТЫҢ төрағалығымен өткен кезекті есептік жиында айтылды.

«Кейбір сылбыр әкімдерді жақсы жұмыс істейтін басқа аудан әкімдері есебінен тып-тыныш демалып жүруіне жол бермеймін. Сол үшін де осы әкімдік отырысында мен орынбасарым Жеңіс ТҰЯҚОВТАН аудан, қалалардың, әр саланың бүге-шігесіне дейін талдау жасап, терең сараптама жаса деп тапсырдым. Облыстың ортақ көрсеткіші негізінен аудан, қалалар әкімдерінің жұмысына байланысты», – дейді Амандық Баталов.

Жиында 2018 жылдың І жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қортындылары және ІІ жартыжылдыққа арналған міндеттер туралы мәселе қаралды. Отырыста негізгі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов жасады.

Өңір басшысының орынбасары әуелі аталған аралықта ірі қара етінің мүлде экспортқа шығарылмағанын атап өтті. Айталық, жоспарланған 15 мал бордақылау алаңының қазірде 8-і ғана құрылып отыр. Бұған тағы да жекелеген аймақтардағы, нақтырақ айтқанда, Қаратал, Ақсу, Ескелді және Панфилов сынды аудандардағы сылбыр жұмыс себепші болуда.  Жергілікті жерлердегі бұл немқұрайлық өз кезегінде өңір көрсеткішін кері тартып келеді. 

«Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру баяу жүріп жатыр. Әзірге кооперативке тарту жоспарланған 10,8 мың ЖҚШ-ның 362-сін ғана тартып үлгердік. Жыл басынан бері Балқаш, Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр аудандары бір де бір кооператив құрмаған», – дейді Жеңіс Шылбынұлы.

Аграрлық салада республикада көш басшы болуы тиіс деп көзделген өңірде  сүт-тауарлы фермалар құру ісінде де серпінді қадамдар жасалмауда. Оған да есептік жиын аясында арнайы тоқталып өткен баяндамашы сөзі дәлел. Әкімдік өкілінің айтуынша, облыста әзірге ет өңдеу көрсеткіштері 38 пайызды қанағат етсе, сүт өңдеуде   32 %-дық қана нәтижеге қол жеткен.

Өңдеу демекші, облыста өңдеу саласында да оң әсер байқалмайды. Бір ғана мысал айтсақ, жер жаннаты атанған Жетісуда жеміс-жидек өңдеу небары 11%-ға жетіп отыр. Соның себебінен өңір тұрғындары бау-бақша өнімдерінде өзгенің тауарына деген қажеттілікті сезініп келеді.

Жиында бұдан бөлек, басқа салалардағы бірінші жарты жылдық көрсеткіштері мәлім етілді. Мәселен, есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,7 % болса, соның ішінде өңдеу саласының ұлғаю көрсеткіші 6 % құрап отыр. Жаңадан іске қосылған 23 және кеңейтілген 10 кәсіпорынның есебінен 760 жаңа жұмыс орны құрылды. Бірақ осы кезеңде де жекелеген аудандар –  Ақсу, Қаратал Ұйғыр аудандары өндіріс көлемін құлдыратып жібергені айтылды.

Бұл ретте, шағын және орта бизнес көрсеткіштері де назардан тыс қалмады.  Әкімдік өкілінің мәліметіне сүйенсек, бұл кезеңде 113 мың бірлік субъект жұмыс істеген. Нәтижесінде, жылдың алғашқы жартысында олардан түскен салық түсімі 47 млрд. теңгені құрап, жергілікті бюджеттегі үлесі айтарлықтай өскені байқалған. 2018 жылы ашу жоспарланған ШОБ-ның 100 нысанының 32-сі ашылып, соның есебінен 700-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылыпты. Алайда, аталған 100 нысан дерегіне сүйенгенде, бұл бағытта әлі күнге дейін төрттағандап қана отырған аудандар бар. Маңызды кездесуде олардың да аттары аталып, есебі сұралды.

Сонымен бірге, отырыста өңір жұртшылығының назары ауған «7.20.25» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы да пысықталды.  Айталық аталған бағдарлама аясында 581 пәтерлік оннан астам тұрғын үй салу жоспарланған. Оның 4-еуі — Қарасай, 9-ы — Талғар аудандарында бой көтереді деп көзделсе,  3-еуі — Талдықорған қаласында салынады деп күтіліп отыр. Қазірде 1 тұрғын үй Қапшағай қаласында пайдалануға берілді.

Баяндамашы атап көрсеткен олқылықтарға орай, Облыс әкімі Амандық Баталов ірі қара етінің жыл басынан бері экспортқа шығарылмауы, ауылшаруашылығы кооперативтерін құрудағы сылбыр жұмыс, газдандыру шараларын ұйымдастырудағы олқылықтар, шағын және орта бизнес нысандарын ашу ісіндегі баяулық және басқа да бірқатар мәселелер бойынша аудан, қала әкімдері мен тиісті құрылым басшыларын сынға алды. Балқаш, Көксу аудандарының әкімдерін, облыстық ауылшаруашылығы, құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармаларының басшыларын мінбеге шығарып, толымды жауап талап етті. 

«Облыстың ортақ көрсеткіші негізінен аудан, қалалар әкімдерінің жұмысына байланысты. Сондықтан осындай терең талдауды әр аудан, қала өздерінде дайындап, жұмыстың қай бағытта, қалай жүріп жатқанына жақсылап үңіліңдер», – деді өңір басшысы. 

Сонымен қатар, Амандық Ғаббасұлы Ауыл шаруашылығындағы жол берілген кемшіліктерді тез арада түзеуге бағытталған кешенді шаралар қабылдауды, «7.20.25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша нақты нәтижені талап етенінін қадап айтты.

Фото: Алматы облысы әкімшілігі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.