Шағалалы Шардара өңірі жоғары туристік потенциалға ие. Тек сол мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Шынында, жазы ұзақ әрі өте ыстық болатын Шардарадағы көк айдынның жағалауын Қара теңіз сияқты қаптаған демалушыларға қашан толтырамыз? Ол үшін не істеу керек?

– Біздің облысымызда туристер қызығатын тарихи және мәдени нысандар өте көп, – деген еді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жақында ғана туризм саласының өкілдерімен өткен жиында. – Тамаша табиғатының өзі бір төбе. Солай бола тұра, неге бізге Түркиядағыдай туристер ағылмайды?! Себебі қонақтарға көрсетілетін қызмет тиісті деңгейде жасалмаған. Міне, осы кемшіліктерді жоюымыз керек. Яғни әуежайдан бастап, қонақүй, сервис, дәмхана, гидтерге дейін жоғары дәрежеде қызмет көрсететін болса, келушілердің қатары арта түседі. Сол үшін шетелдік әріптестермен жан-жақты тәжірибе алмаса отырып, қонақ күтудің озық үлгілерін үйренуіміз керек.

Сондай-ақ өңір басшысы туристік индустрияны дамыту мақсатында арнайы бағдарлама құрылатынын айтты. Осының негізінде туристік нысандардағы инфрақұрылым мәселесі шешіліп, сервистік қызметті жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылмақ. Одан бөлек, облыс басшысы Шардара ауданында халықаралық туристік фестиваль өткізуді тапсырды. Шетелдік туристік агенттердің қатысуымен өтетін шараның мақсаты – шағалалы Шардарадағы демалыс аймақтарын әлемдік деңгейде насихаттау.

Міне, шағалалы Шардараның жағалауын туристерге толтыруға деген талпыныс басталып та кетті. Ал әзірге Шардара ауданынан бір топ ардагер турист ретінде Астана қаласына саяхаттап келіп, осы өңірдің ерекшелігін, тарихын, жетістігін елордалықтарға паш етіп қайтты. Әрине, Астананың ажарын көру әрбір қазақстандықтың асқақ арманы. Содан болар, Арқа төсіндегі арман қаланың кең төрі қонақтардан босаған емес. Әсіресе жаз мезгілі кезінде аймақтардан елорданы аралауға келушілердің қатары артады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтің айтуына қарағанда, бүгінде Шардарада 6200 ардагер тұрады. Оның 88-і тыл ардагері.

– Былтыр да аудан әкімінің ұйымдастыруымен 30 ардагер тегін тамашалап, мол әсермен оралып еді. Биыл сол игі дәстүр қайта жалғасын тауып, әсем қаланы тамашалау үшін тағы 30 ардагер келді. Олардың қатарында Қызылқұм өңірін игеруге белсене қатысқан құрылысшылар, ұстаздар мен дәрігерлер, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге атсалысқан диқандар мен малшылар бар, – дейді Тоқсанбай Бердібеков.

Бүгінде Шардара ауданында 80 мыңға жуық халық тіршілік етуде. Екі мың шақырымдай жолды шаршамай жүріп келген шардаралық ардагерлер Астана қаласынан ұмытылмас әсер алып қайтқандары анық.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.