Соңғы жылдары елімізде діни ахуалдың біршама қиындап, қаншама жастың жат ағымдар жетегінде кетіп, адасып жүргендігі де жасырын емес. Ислам бағытын ұстанған экстремистік топтың ең көп тараған түрі «Таблиғи жамағат» ұйымы болатын.

Француз баспаларының зерттеуінше, ислам дінінің атын жамылған экстремистердің 80 пайызға жуығы «Таблиғи жамағат» ағымынан шыққандар екен. «Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойсұнуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. Дегенмен таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы, зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады.

Осы сәрсенбіде Ақтөбе қалалық сотының «Таблиғи жамағат» ұйымының жеті мүшесіне қатысты үкімі күшіне енді. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, сотталушылар бұл діни ұйымға 2000 жылдан бастап мүше болған. Осы бағытта уағыз тыңдап, білімдерін жетілдіру үшін Үндістан мен  Пәкістанға барып келген. Соңғы кездері уағыз-насихатты облыс тұрғындары арасында белсенді түрде жүргізе бастаған. Яғни арнайы топ құрып, үй аралап уағыз айтқан.

«Таблиғи жамағат» халықаралық ұйымын сот экстремистік деп танығаннан кейін оның қызметіне ел аумағында тыйым салынған. «Сотталушылар ол туралы біле тұра, «Таблиғи жамағат» идеологиясын таратумен айналысқан» деп хабарлайды облыстық сот.

Соттың мәліметінше, «Таблиғи жамағат» ұйымына мүше болған жеті ақтөбелікті ҚР ҰҚК өкілдері 2018 жылғы мамыр айында қамауға алған.  Олардың үстінен ҚР ҚК 405-бабы бойынша («Экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу») іс қозғалған.

Сотталушылардың бесеуі Ақтөбе қаласының тұрғындары, екеуі Хромтау ауданынан. Барлығы да көпбалалы, әйелдері жұмыссыз, өздері бұрын-соңды сотталмаған. Осыны және айыпталушылардың тергеуге көмектескенін ескеріп, сот олардың бас бостандығын бір жылдан үш жыл мерзім аралығында шектеді.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.