Азаматтық белсенді Вадим Курамшин мерзімінен бұрын босатылатын болды. Курамшиннің адвокаты Мұратбек Іргенің Азаттыққа  хабарлауынша, тамыздың 1-і күні Өскемен қалалық №2 сотының судьясы Тельман Әлімханов оны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім шығарған.

— Сот біздің өтінішімізді қанағаттандырды, прокурор да қолдау білдірді. Енді 15 күн ішінде шешімге ешкім қарсылық танытпаса, 16-күні шешім күшіне енеді де, оны шығаруы тиіс. Бірақ қарсылықты прокуратура ғана белдіре алады, ал олар бүгінгі сотта еш қарсылығы жоқ екендерін жеткізді, — дейді адвокат Мұратбек Ірге.

Шілденің 29-ы күні Азаттық тілшісіне телефонмен хабарласқан Вадим Курамшиннің өзі де өзін босатпауға еш негіз жоқ екенін айтқан.

— Мекеме ішіндегі ережені қасақана бұзған емеспін, керісінше, бірнеше ынталандыру алғаным бар. Материалдық залал келтірген жоқпын, соттың шығынын төледім. Сондықтан мені мерзімінен бұрын босатуға еш негіз жоқ, — дейді Курамшин. 

Түрмедегі тұтқындардың құқын қорғаумен танылған Вадим Курамшин 2012 жылы «бопсалау» бабы бойынша айыпталып, қаңтардың 23-і күні Жамбыл облысында тұтқындалған. Ал сол жылдың тамыз айында алқа билер соты ақтап, ол түрмеден шыққан. Дегенмен арада екі ай өткенде қайта қамауға алынған. Бұл жолғы ресми уәждің бірі –елден кетпейтіні туралы қолхат бергеніне қарамастан, ол Қазақстаннан сыртқа шыққан. Курамшин қазан айында Варшаваға барып,Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) конференциясында билікті сынап баяндама жасаған.

43 жастағы құқық қорғаушы Вадим Курамшин 2012 жылдан бері бопсалау айыбымен 12 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірнеше құқық қорғау ұйымы оны саяси тұтқын деп таныған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.