Әлемнің қай тұрғынын да бейжай қалдыр­майтын, мойындалған ресми ғылымдар ауқы­мы­на сыймайтын бір құбылыс – ол өзіміз өмір сүріп жатқан ортада өте жиі болмаса да, орын алатын қауіпті (аномальді) жерлерге қатысты жұмбақ оқиғалар. Талай ғасырдан бері зерттеушілер мұндай тылсым құбылыстардың кілтін табуға талпынға­ны­мен, әлі де ғалымдардың тісі батып, төзімі жетпей жатқаны рас.

Адамдардың зәресін алып, кей жағдайларда есінен тандыратын ондай қауіпті аймақтар аясына кіретін нысандар жетіп-артылады. Сан ғасырлар бойы жер бетіндегі көзіқарақты қауымның әркез зәре-құтын қашыратын белгілі бір ғимараттар, іші қандай да бір жұмбақ құбылыстарға толы зәулім үйлер немесе табалдырығын аттаған жанды ол жерден кетуге мәжбүрлейтін қорқынышты мекемелер қай елде де бар.

Әлемдік статистикаға зер салсақ, қауіпті жерлердің белгілі бір аумақпен ғана шектелмейтінін аңғарамыз. Зерттеушілердің пайымдауынша, дүниежүзінің әр аумағындағы ондай қауіпті аймақтар санатына жататын жерлердің біразы, тіпті адамды қойып, жануарлар өміріне де қатер төндіреді. Мысалы, Үндістанның Ассам штатындағы Джатинга елді мекенінде жыл сайын күзде құстар құлап, мерт болатын жер бар. Бұл жерді тұрғындар «Құстар қабірі» деп атайды. Тағы бір сондай қорқынышты мекен – Мексикадағы «Қуыршақтар аралы». Аралдағы әрбір ағашқа ілінген көзі жоқ қорқынышты қуыршақтарды сол елдегі Джулиан Баррера деген азамат жинапты. Бұған қатысты ел аузындағы әңгіме сарыны, ол осы жерде суға батып кеткен қыздың қуыршағын тауып алып, оны иесімен бірге аралда қалдыруды жөн санаған. Бұл тосын көрініске таңғалған кейбір жандар оның бастамасын қолдау мақсатында бұл жерге әркез бірді-екілі қуыршақтарды әкеліп, ағаш басына іліп кетіп жүріпті. Кейіннен арал судың астында қалып, тұрғындар бір күнде жоқ болғанымен, қуыршақтар су деңгейі көтерілгенде оның бетіне қалқып шыққан.

Адам баласы тылсым құбылыстардан қанша қорыққанымен, бәрібір оның құпиясын тануға соншама құштар. Бұл да адам табиғатына тән қызығушылықтың бір көрінісі болса керек. Қорқынышты болғанымен, бәрібір, күні бүгінге дейін туристер ағылып келетін үрейлі жердің бірі – әлемге әйгілі 160 бөлме мен 40 баспалдақтан тұратын Калифорниядағы Сан-Хоседе орналасқан «Винчестер үйі». Аңыз бойынша бұл үйде Винчестер атты дәулетті адам тұрған. Ол қайтыс болғаннан кейін оның дүние-мүлкі әйелі Сараға қалады. Уақыт өте келе түрлі елестер көрініп, мазасы кеткен Сара амалы таусылып, көріпкелдердің көмегіне жүгінеді. Олар оған құрылысы аяқталмайтын үлкен үй салуға кеңес береді. Ол көп кешікпей елестерден құтылу мақсатында Калифорнияда үй салуды қолға алады. Адам айтса нанғысыз бір жайт, бұл үйдің құрылыс жұмыстары ұзын-ырғасы 38 жылға созылыпты. Естір құлаққа құдды ертегідегідей болғанымен, мұндай құпияға толы мекендердің біздің елімізде де көптеп кездесетіні өзгеше айғақты қажет етпейді.

Дүниежүзі туристерінің Қазақстанға келгенде тамашалайтын орны – Медеу мұзайдыны. Десек те, осы әйгілі сырға­нақ орны орналасқан жердегі үрейлі мекеннің бірі – сол маңдағы сандаған жылдар бойы қаңырап бос тұрған иесіз үй екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Әуелде жоспар бойынша мұнда мейрамхана кешенін салу бастал­ғанымен, белгісіз күштердің кедергі келтіруінен аяқталмаған. Байырғы тұрғындардың біразы мұндағы отба­сын біреулер өлтірген, сондықтан олар­дың рухы тыным таппаған десе, енді біреулері бұрын ол жерде зират болғанын айтады. Мұндағы тағы бір қорқынышты орын – ширек жылдар үлкен-кішінің зәре-құтын қашырған жерасты шіркеуі. Тарихи деректер мен ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, бұл құлшылық орнын өткен ғасырда Анатолий және Серафим деген екі монах тұрғызыпты. Ылғалдың әсерінен уақыт өте келе шіркеу төмен түсіп кетсе де, ондағы елестер ол жерге адамдарды аттап бастырмайтын көрінеді. Сонау бір жылдары бұл жерді қызықтауға барған бір топ жеткіншек көз көріп, құлақ естімеген қорқынышты оқиғалармен бетпе-бет келіп, одан кейін ол жаққа ат ізін салмайтын болыпты. Сондай-ақ Алатау баурайындағы кеңес заманында соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне арналып салынған ғимарат та елестер мекені саналады. Өткен ғасырдан бері адамды қойып, далада қаңғырып жүрген ит пен мысық та есігінен сығаламайтын бұл мекеменің іші бір кездері онда тұрған адамдар қолданған заттардың қалдықтарына толы. Емделушілердің қажетті заттарын қалдырып, алды-арттарына қарамай бұл мекемеден бір күнде асығыс аттануларының себе­бін ешкім нақты айта алмайды. Бос ғимараттың ішін қалдық заттардан тазартуға да ешкімнің жүрегі дауала­майды. Кейбір болжамдар ондағы тұрғындардың асығыс кетулерін сол кезде болған зілзаламен байланыстырса, биофизик-мамандар, керісінше, оларды кетуге мәжбүрлеген бір тылсым күш дейді.

Белгісіз тіршілік иелері жайлаған, қауіпті жерлер тек мұндай иесіз ғима­раттарға ғана тиесілі емес. Алматының қақ ортасындағы «Қазақстан» кино­театрын да соңғы 20 жыл бойы елес кезіп жүр деген сыбыс бар. Ел аузын­дағы әңгіме бойынша, мұнда 90-жыл­дары дискотекада адам қолынан ажал құшқан жас жігіттің жасырынған мәйі­ті бір аптадан кейін ғана табылған. Осы оқиғадан кейін ол жерде түрлі қорқынышты дыбыстар естіліп, жарық өзінен-өзі сөне беретін болыпты. Соған орай, өткен ғасырдың соңында ол жерге барушылар легі де анағұрлым азайған. Негізі, мұндай беймәлім жерлерді әркім әрқалай атайды. Зерттеуші-ғалымдар оны «жұмбақ орындар» деп, оның ар жағында бір құпияның бар екеніне сенсе, қарапайым адамдар ондай жер­лерді бірден «қауіпті аймақтар» қатарына санап, оны ауызға алмақ түгіл, ат-тондарын ала қашуға әзір тұрады. Кім қалай атаса да, жұмыр басты пендені ойға батырып, санасын сан-саққа жүгіртетін ең басты сұрақ – «Ондай жерлердің құпиясы неде және несімен қауіпті?» деген сауал. Қалай болғанда да, мұндай қорқынышты жерлердің пайда болу тарихы мен онда орын алатын құбылыстарды ғалымдар біржақты түсіндіре алмайды. Жаратылыстанушылар ондай аймақтардың пайда болуына бірден-бір себеп адамдардың өздерінің жағымсыз ой-пиғылының шақыртқы болуынан жиналған кері қуаттардың әсері десе, уфологтар жер бетінде орын алатын оқиғалар салдарын параллельді әлем­нен іздеген жөн деген пайымды алға тартады. Ал биолог-ғалымдардың бұған ғылыми негізде тарқатып айтатын өз пікірлері бар.

Болатхан Заядан, биология ғылымының докторы, профессор:

– Адам бойындағы энергетикалық қуат көзі әуел­ден бар және ешқашан жойылмайды. Тек жан иесінің бойындағы табиғи қасиеттері мен инстинктеріне, генетикалық жады, ойы мен эмоционалды-интеллектуалдық ерекшелік­теріне байланысты, ол жағымды және жағымсыз болып бөлінеді. Бәрі адамның жеке басына байланысты яғни оның ойы, сөзі, көзқарасы бәрі-бәрі энергетикалық қуаттың күшімен жүзеге асады. Пенде о дүниеге аттанғаннан кейін де, оның биоқуаты өлмейді, тек бір өлшемнен екіншісіне өтеді. Егер адамның ой-пиғылы, істеген ісі оң бағытта болса, әлбетте энергиясы да жағымды болады, ал сөзі мен ойы теріс болса, бәрі керісінше өрбуі табиғи заңдылық. Жалпы, адам баласы басқа тіршілік иелерінен несімен ерекшеленеді? Ол белгілі бір қоғамда өмір сүріп, қандай да бір әлеуметтік топтың өкілі болғандықтан, әртүрлі ортада неше түрлі адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Сәйкесінше, адам баласының айналасында түрлі жағымды-жағымсыз сөздер сарыны мен пендешілікпен жүзеге асырылатын жағымсыз айла-әрекеттер тізбегі үнемі ілесіп жүреді. Мұның бәрі көзге көрінбегенімен,біртұтас энергияны құрайды да, тек адамға ғана емес, айналаға, тірі табиғатқа әсерін тигізеді. Әрбір айтылған сөз, жасалған іс-әрекет ғарыш заңдылығы бойынша материялануы салдарынан адамның жеке тағдыры тікелей соған тәуелді болады. Жан иесінің басқаға жасаған қандай да бір зұлымдығы, оның көзінің тірісінде «қарымта заңдылығы» (бумеранг) арқылы оның алдынан шығатын болса, бақилық болған кезде оның түйіні марқұмның энергетикалық тәнінің қай кеңістікте тұрақтауына байланысты шешіледі. Өзіміз тілге тиек етіп отырған, мұндай қауіпті жерлер мен ғимараттардың пайда болуының түп-тамыры сондай, жағымсыз энергия көздерінің бір жерде шоғырланып қалуында. Егер, адамның жаны шыққан кезде оның бойынан бөлінген энергия екі дүние арасында қалып қойса, ол тұрақ таппай, осындай бос ғимараттар мен ескі жерлерді мекендейді. Сонау тәңіршілдік заманынан қалған өліктің орнын отпен аластау рәсімі осыны меңзейді. Түркі тектес халықтардың бәрінде де, осыған ұқсас, қайтыс болған адамның орнын аршамен аластау дәстүрі бар. Бұл марқұм тұрған үйде оның бойындағы қуат көздерін түп-тамырымен жою үшін жасалатын танымал әрекеттің бірі. Қазақтарда иесіз жерге кіргенде шырақ алып кіру немесе төрдегі кілем басына қамшы ілу де осындай қатердің алдын-алу үшін жасалатын рәсім болып табылмақ.

Қауіпті аймақтар қатарын то­лық­тыратын тізімге жынысты орман­дарды да, айдыны түпсіз терең өзен­дерді де жатқызуға болады. Дүние жаратылғаннан бері адам баласының өмірі сумен байланысты болғандықтан да, суға қатысты жұмбақ сырларға толы қиял-ғажайып әңгімелер мен оқиғалар барлық халықтардың ауыз әдебиетінде кездеседі. Мәселен, су иесіне қатысты айтылған орыстың «русалка», белорустардың «купалка, украиндардың «мавка» атауларын қазақтар «Су перісі» деп атаған. Осы бір теңеуге қарай отырып, үнсіз, тып-тынық болып ағып жатқан өзен-көлдердің түп-тереңінде біз білмейтін құпиялардың мол екеніне илана түсеміз. Бұл ретте Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің эсселерінде кездесетін, су перісіне айналған сұлу бойжеткеннің жұмбақ әлемі мен әйгілі «Қар қызы» шығармасындағы қар қызының бейнесі де тек қиялдан туған образдар емес екендігіне шек келтірудің өзі артық секілді. Ал, одан да дәлірек айтсақ, қаламгер көзі тірісінде қақаған аязда далада қалған үшеудің бірі – өзіне осы қар қызының анық көрінгенін, барлық сұхбаттарында қадап айтқан болатын.

Дүниежүзіне тосын оқиғаларымен әйгілі орманның бірі – Жапониядағы Аокигахара орманы. Бұл үрейлі орманда өткен ғасырда 500-ге жуық адам суицидке бой алдырған. Зерттеушілерді таң қалдыратыны сол, орман ағаштары тәулік бойы күн көзін көрмейді яғни көлеңкеде орналасқан. Сонда да ағаш­тардың шынардай тіп-тік болып, ас­пан­мен таласа өсе беруі, келушілерді қойып, орманшы-мамандарды да ойға қалдырады. Мұнда ешбір техника, соның ішінде жол іздеуге көмекші құрал – компас жұмыс істемейді. Келушілердің көбі көп ұзамай, жұмбақ жағдайда өзде­ріне өздері қол жұмсайтын көрінеді. Сондықтан, жергілікті тұрғындар оған «Өзін-өзі өлтіру аралы» деген атау берген. Мұндай құпияға толы ағаштар бір ғана Жапонияда орманында емес, әлемнің басқа өңірлерінде де бар. Мәселен, сондай ағаш деп, Алматы облысының Жаркент қаласы маңында өсіп тұрған қара ағашты да атауға болады. Оның діңінің жалпақтығы сондай, айнала қоршағанда 7-8 адамның құшағына әзер сыяды. Ел аузында аталмыш ағаштың әулие ағаш аталуының тарихына қатысты аңыз әңгімелер көп. Оның бәріне тоқталмай, халық жадында сақталған, шындыққа жанасатын бір нұсқасын тілге тиек етсек, ол «Ертеде Меккеге қажылыққа бара жатқан жеті әулие осы жерге келіп түнейді. Осы жетеудің ішіндегі Шамашұрып деген тақуа, алыс жол жүріп шаршағаны сондай, кеш түсе қолындағы аса таяғын осы жерге шаншып қояды да, ұйықтап кетеді. Сәлден кейін оянғанда асасы қадалған жерде ағаштың көктегенін көріп, өз көзіне өзі сенбей аң-таң болады. Ол осылай әрі-сәрі күйде отырған қалпында, бұл тосын құбылыстың мәнісіне бара алмай, тағы да ұйқыға бой алдырады. Қалың ұйқы құшағында жатқан тақуаға түн ортасы ауғанда, Алладан «бұл ағашты отауға болмайды» деген аян түседі. Таңертең оянғаннан кейін ол өзіне айтылған аманатқа қиянат жасамай, асасын сол жерде қалдырады да, сапарын жалғастырып, кете барады. Осы Жаратушының әмірімен бір түнде көктеген ағашқа қазір жеті ғасырдан асыпты. Дүниежүзінде мұндай небәрі үш-ақ ағаш өседі екен. Біреуі қасиетті Меккеде, екіншісі – Қытайда, ал үшіншісі – осы қара ағаш. Бүгінде бұл қара ағаштың тамырынан көктеп, жайқалып өскен жеті жас ағаш бұтақтарын жаркенттіктер «Жеті ағайын­ды» деп атайды. Сырт­тай қарағанда, меңіреу күй­де өсіп тұрған бұл қара ағаш­тың зерттеуші-ғалымдарды таңғалды­ратыны, оның түбінен әркез белгілі бір сұйықтық бөлінетін көрінеді және оның қайдан пайда болғаны жұмбақ. Адамның көз жасына ұқсайтын бұл сұйықтықтың тері ауруларына таптыр­майтын ем екеніне көздері жеткен келушілер осыдан кейін-ақ, бұл ағаш­ты әулие ағаш деп атап кеткен. Кеңістігі қасиетіне сай бұл ағаштың асқанды тоқтататып, күштінің мысын басатын тылсым құдіреті бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Сол өңір тұрғындарының айтуынша, ағаш түбінде оны жамандықтан қорғайтын жыланның ұясы бар және ол адам көзіне өте сирек жағдайларда ғана көрінеді. Әулие ағаштың тағы бір құпиясы, ол кез келген адамды қабыл етпейді. Мұнда келушілер күні бұрын тазаланып ниет етулері керек. Егер, кейбіреулер еш мақсатсыз оны әншейін қызықтау үшін жолай соғатын болса, ондай жандарға бұл ағаш қандай да бір белгі беру арқылы ескерту жасап, жазалайтын көрінеді. Оны кеспек түгілі, оның бірде-бір талына қол тигізуге болмайтынына ауыл адамдарының әлдеқашан көзі жеткен. Соғыс жылдары бұл ағашқа көзі түскен бір азаматтың Алланың қаһарына ұшырағаны туралы оқиғаны ауыл қарттары әлі күнге дейін аңыз ғып айтады. Сол маңдағы көрші ауылда тұратын бір шешен жігіті қара ағаштың бұтақтарын отап, үйіне таси бастайды. Бұл оқиғаның куәсі болған үлкендер жағы оған «киесі ұрады, кеспе» деп басу айтқанымен, ол алған бетінен қайтпаған. Осыдан кейін-ақ, сол күні түнде ол азаматтың отбасының бірнеше мүшесі жұмбақ жағдайда бақилық болыпты. Осы кезге дейін бұл ағаштың беймәлім сырын танып-білуге ынталы ғалымдар тек ТМД елдерінен ғана емес, әлемнің 12 мемлекетінен келген. Алайда бұл әйгілі ағаш табиғатында тоғысқан киелілік пен қоса қатердің құпиясын әлі ешкім аша алған жоқ.

Еліміздің әр өңіріндегі тас жол­дар да «Мың бір пәле мен жүз бір қа­терге» толы аномальді аумақтар сана­тына жатады. Жол полициясының пайымдауынша, алматылық такси жүргізушілердің біразы Жандосов көшесінің бойынан, әсіресе кешкі мезгілде жолаушы алмауға тырысатын көрінеді. Оның себебі, осыдан біраз жыл бұрын жол бойында такси тоқтатпақ ниетпен қол көтерген қыз мерт болып, артынша оның бейнесі жүргізушілерге көліктің салонынан көрініпті. Жиі апат болатын «Қапшағай – Алматы» тас жолының да көлік тізгіндеген жандарды тәубесіне келтіргені туралы деректер көп. Білетіндердің айтуынша, тас жол қабір үстіне төселген. Егер шынымен солай болса, ол мұсылман дінінің қағидасы бойынша марқұмдар рухын аяқ асты етіп, қорлау. Әр нәрсенің салдарынан бұрын, қандай да бір себебі болатынын ескерсек, мұның астары да негізсіз емес екені сөзсіз. Қазақта «аруақ, рух» деген түсінік бар. Әлбетте, бұл тәннен бөлініп шыққан пенделердің жанына қатысты айтылған ұғым екені даусыз. Шын мәнінде, Құран-Кәрімде ескертілгендей, «рухтар әлемі» бар екендігіне сенсек, онда кейбір «жандардың» екі дүние арасында қалып қоюы салдарынан, басқаларға елес болып көрінуі немесе бос ғимараттарға келіп қоныстануы да дау тудырмаса керек. Осы «беймәлім рухтар мен елестерге» қатысты бір оқиғаны өмірінің жартысын медицина ғылымына арнаған патолог-анатом былайша өрбітті.

Жауғашты Ахметов, медицина ғылымының кандидаты, профессор:

– Егер адам өз өмірінде материалдық әлемге байланып қалса, оны тастап кетуге қимаса, жан тәннен бөлінген сәтте арғы әлемге өт­пей, осы дүниеде қа­лып кетуі мүмкін. Олар бізге үй иесі, елес, құбыжық, беймә­лім бейнелер түрінде көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі өлген адамдардың рухы. Жаратылыс заң­дылығы бойынша, адамның жаны ілгерілеу (прогресс) жолымен дамып, Алланы тануға ұмтылады немесе теріс (регресс) «Шайтандық жолға» түсуі мүмкін. Жалпы, адамның физикалық тәнінен бөлек, ментальді, эмоциональді, астралды, винтальді, каузальді, атмондық денелері болатынын айтсақ, соның ішіндегі энергетикалық тәннің жан иесінің осы өмірі мен мәңгілік ғұмырында атқаратын ролі зор. Ежелгі заманда атам қазақ бұл ғылыми заңдылықтарды білмесе де, өмір-тәжірибесінің, діни сенімінің арқасында жанның энергетикалық құрылымын өте жақсы білген де, оны «аруақ, рух» деген бір-ақ ауыз сөзбен сипаттаған. Мұсылман дініндегі марқұмның жаназасын шығарып барып, көму, арнайы дұға жасау, тек бір халыққа ғана тән рәсім емес. Ғылым тілімен айтсақ, оның түп-төркінінде тәннен бөлінен жанның о дүниедегі өмірінің кемелденуіне негіз болатын амал-жоралғылар жатыр. Осыдан біраз жыл бұрын адамның рухы өлмейтіндігі туралы бір оқиға орын алған. Ол тіпті, республикалық мерзімді басылым бетінде де жарияланды. Тараз-Бішкек тас жолының бойында жеңіл көлігімен келе жатқан жігіт ағасы, сол маңдағы өзен бойына жақындағанда, аяқ астынан пайда болған бейтаныс қыздың оның көлігімен ілесіп, жүгіре бастағанын көреді. Мұның бұл әлемге тән құбылыс емес екенін іштей сезген ол, мүмкіндігінше жылдамдығын асыруға тырысады. Қанша тез жүруге тырысқанымен, әлгі қыз да одан қалыспайды. Тек бір елдімекенге келгенде ғана жаңағы елес бірте-бірте көзден ғайып болады. Тосын жағдайдан есеңгіреп қалған жүргізуші, ауыл адамдарына болған оқиғаны баяндағанда, олар да бұған, жергілікті өзенге осыдан біраз жыл бұрын бір қыздың батып кетіп, сүйегі табылмай, көмілмей қалғанын айтады. Сөйтсе, бұл қыздың елесі оған ғана емес, басқа жүргізушілерге де дәл осылай бір емес, бірнеше рет көрініпті. Бірақ оған көбі мән бермеген. Мұның бәрін ой тезінен өткізген жігіт ағасы, көп кешіктірмей, бір тоқтыны алып, құрбандық шалып, ауыл молдасына барып, құран оқытады. Осыдан кейін тас жолдың бойындағы әлгі қыздың елесі мүлдем жоғалыпты. Мұның астарында да, жаңағы «аруақ, рух» ұғымдарына қатысты бір қисынның жатқаны сөзсіз.

Қорқынышты орындардың пай­да болуын әр сала мамандары әрқалай түсіндіргенімен, діндардар қауіп­сіз мекендердің қатерлі жерлерге айналуының бір себебін, көзге көрін­бейтін жындар әлемімен байланыстырады. Яғни жан иесінің лас жерде дәретсіз жүруі, харам дүниелерге бой алдыруы, Аллаға серік қосуы, бәрі-бәрі, түптеп келгенде, адамның жындар әлеміне бой алдыруына негіз болады. Ендеше, Жаратушы әуелде адам баласымен бірге жындарды да жаратқанын айтсақ, олардың жер бетіндегі пенделер өміріне тигізетін кері ықпалын да әсте теріске шығара алмаймыз. Осы жерде бұлардан бөлек, «қауіпті аумақтардың туындауына, белгілі бір жер қыртыстарының ерекшеліктері әсер ете ме?» деген сауалға жауап іздесек, оған қисынды жауапты география ғылымынан табамыз. Ғылыми негіз бойынша, әрбір жер қыртысындағы топырақ қабаттары гидросфера, топосфера, ноосфера секілді қатпарлардан тұратынын ескерсек, оның әрбір бөлігі ауа райы мен белгілі бір өңірдің табиғи ерекшеліктеріне сай жаратылған. Яғни әу бастан ғаламдық өлшемге сай етіп жасалған табиғи теп-теңдік тек жер қабаттарында ғана емес, тұтастай қоршаған ортада да сақталады. Егер, қандай да бір жанартаудың атқылауы, су тасқыны, теңіздің арнасынан асып-тасуы секілді апаттар орын алса, оны ғалам кеңістігіндегі өзгерістерге байланысты орын алған үдерістер деп қабылдаған жөн, яғни мұндай аномальді құбылыстар қорқынышты жерлердің пайда болуы мен беймәлім бейнелердің туындауына негіз бола алмайды.

Қауіпті аймақтар мен қорқынышты мекендердің сырын ғалымдар ғылыми негізде түсіндіруге тырысқанымен әлі түбегейлі нүктесін қойған жоқ. Негізі, қандай да бір жерді өзіне қоныс етуге бейімдейтін адам баласы болғандықтан, ол жердің жағымды ортаға айналуы жұмыр басты пенденің өз қолында. Сол себепті де кейде «қауіпсіз жерлер мен қауіпсіз мекендердің», керісінше, «қорқынышты мекендер мен қатерлі аймақтарға» айналуына түрткі болатын, адамдардың өздері емес пе екен, деген ойға қаласың. Қалай дегенде де жер бетіндегі ең саналы жаратылыс иесі-пенденің күнделікті тіршіліктегі ойы мен сөзінен бастап, иманы мен Жаратушыға деген сенімі, оның соған сай әрбір іске қатысты жасаған амал-әрекетінің бәрінің материяланатыны сөзсіз. Ең бастысы, мұның бәрі оның бүкіл ғұмырына арқау болмақ. Өйткені әрбір адам өзі өмір сүретін ортасының барометрі.

Арай Сахариева,
журналист

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.