Суы бар ауылға су тарту «операциясы» — 2

760

Алматы облысы, Казатком ауылындағы ауыз су мәселесі бойынша «Суы бар ауылға су тарту «операциясы» атты мақалаға орай Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ бірден «реакция» танытып, ауылға бір емес, екі орынбасарын жібергені туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР редакциямызға арнайы хабарласып, ескерткен. Тіпті, өте маңызды мәселені дер кезінде көтеріп, халық пен биліктің арасына дәнекер болған Жас Алашқа алғыс та айтты.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша суы бар ауылға су тарту «операциясына» бюджеттен 345 миллион теңге бөлінген. Казатком ауылында 105 үй бар. Алайда, жергілікті билік өкілдері 130 үйге су кіргізіп бермекші. Қызық, 25 үй қайдан шықты?Сондай-ақ,ауыл халқы Казаткомда су барын айтады. Ал ресми мәлімет бойынша Алматы облысында 100-ден аса ауыл сусыз отыр.

Шенділер халық ортасына барды деп қуандық. Сөйтсек… Облыс әкімінің қос орынбасары Казаткомға емес, көшелері қазылған күйі қалған суы жоқ Ақшиге барыпты. Ар жағында тиіп тұрған Казаткомға соқпаған. Казаткомға облыстың емес, аудан әкімінің орынбасарларын жіберіпті. Әкімдіктен арнайы келген өкілдерге алғыс айтуға тиіс ауыл тұрғындары салған жерден «қызық енді басталды», деп кейіп отыр екен.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі атқамінерлердің бұл сапарының жай-жапсарын былай түсіндірген: «25.07.2018 жылы аудан әкімдігі құқық қорғау органдармен бірлесіп, тұрғындармен кездесу өткізді, онда  жаңа су құбыры  құрылысының қажеттігі туралы түсіндірмелер берілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды және мердігер ұйым жұмысқа кіріседі. Сонымен қатар, жаңа су құбырын салу кезінде бұзылатын жол төсемі құрылыс аяқталғаннан кейін жөнделетіні туралы түсініктеме берілді», дейді. Яғни, ауылға бәрі бір су тартылады. Ауыл тұрғындары ауылға әкімдіктен арнайы өкілдер келе жатыр дегенде мәселеміз шешіледі деп күткен. Былайша айтқанда, осы күнге дейін қанша айтса да «түк ұқпай қойған» тұрғындарға тағы да бір «түсіндіру жұмысын» өткізген де қайтқан.

«Біз таза су ішіп отырмыз», дейді казаткомдықтар. «Сендердің суларың таза емес», дейді әкімдік. «Қазатком ауылында орталықтандырылған сумен жабдықтау жоқ. Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету 1988 (?) жылы бұрғыланған екі ұңғымадан жүргізіледі. Ауылда суды тазалау және сүзуді қамтамасыз ететін объектілер жоқ, сондықтан халық тұтынатын су  санитарлық нормаларға сәйкес келмейді», деген уәж ұсынады әкімнің баспасөз қызметі. Бұл туралы осыған дейін де айтылған. Тіпті, ауылдағы ағайынға айтылып келген негізгі себеп те осы болатын. Ел айтады, сүзгі жоқ болса орнатып берсін, қалғанына тиіспесін. Бірақ, ақша бөлініп қойған, ауылға қалай да жаңа құбыр тартпай болмайды. Өйткені, «Елбасының Алматы облысына 2014 жылғы жұмыс сапары барысында орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендердің санын азайту тапсырылған». Тапсырма артығымен орындалуы тиіс. Облыстық әкімдік ешқандай ауылдың «сапасы күмәнді су ішуіне» жол бермейді. Ал, Казатком ауылының тұрғындары ауызсуды ақылы жасауға қарсы. Дегенмен, баспасөз қызметі ұсынған мәліметте «кейбір жергілікті тұрғындар жаңа су құбыры салынғаннан кейін су беру қызметі үшін ақы төлейміз деп ойлаған» деген жолдар бар. Соған қарағанда, облыстық әкімдік суды ауылға тегін беру туралы да ойы бар сияқты…

Бірақ, ауыл суға ақша төлеуден қашып отырған жоқ. Тіпті, кешегі өткен жиында «суға ақша төлеу керек болса төлей берейік, тек көшені қазбаңдаршы, орнататын «счетчиктеріңді» осы суға-ақ орната беріңдер», деген де ұсыныс айтыпты. Бұл, енді, басқа амал қалмағаннан барған қадам екені түсінікті. Ал, әлгі судың сапасы нашар деген де әшейін сылтау екеніне сенімді. Тіпті, суымызды арнайы СЭС-тен тексеру үшін 20 күн бұрын сынама алып кетті. Тексеріп, кемшілік тауып берсе де қарсылығымыз жоқ, бірақ, соның өзін бермей отыр дейді ағамыз. Олардан қайыр болмаған соң, тәуелсіз сарапшыларға жүгінбек. Солар тексеріп, қорытындысын шығарып берсе болды дейді.

 «Аудандық СЭС жылына екі мәрте тексеріп тұрады. Сол кезде жарап тұрған су енді жарамай қалып па? Бұлардікі, сол, әйтеуір ақшаны игеру, оңды-солды шашу ғана. Әйтпесе, бізге су керек емес деп үш жылдан бері қақсап-ақ келе жатырмыз»,- деді ауыл тұрғыны Қалиақбар ДОСЫМОВ.

Жаңадан су тартылса, көшенің қазылатыны, құбырлардың ауысатынынан бөлек, үйдегі бүкіл құбырды, «санузелді» түгел ауыстыру керек болады. Тұрғындар бір жағы осындай басы артық шығындардан да қашып отыр.

Судың сынамасының тағдырын білмек болып, аудандық СЭС-ке хабарласқанбыз, телефондары жауап бермеді. Қалиакбар мырзаның айтуынша, кеше ғана сынаманың қорытындысын бүгін дайындап беруге уәде беріпті. Бірнеше мәрте әрекеттенгенімізбен, ештеңе шықпады. Бұл әрекеттің де ар жағында жоғарғы жақтың арнайы тапсырмасы болуы мүмкін деп күдіктенеді тұрғындар.

Аудан әкімінің 1 орынбасары Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ бастаған бір топ өкіл ауылға келіп, сөзді көп созбай, шаруаға бірден көшіпті. Бұл туралы істің басы-қасында болған Қ.Досымов былай дейді: «Осыған дейінгі жиналыстарда ауылды өркениетке қосамыз, мектеп, балабақша салып, елді сапалы ауызсумен қамтамасыз етеміз деген мазмұндағы сөздер айтылған жоқ. Әр тараптың ұстаным-позициясы белгілі болғандықтан, Құдайбергенов әңгімені көп созбай төтесінен кетті. Содан ұққанымыз: Екі орынбасардың да тықпалай беретін аргументі – осыған дейін айта алмай жүр екен – тендер ұтқандарға обал болыпты. Есепшоттары бұғатталып жатыр екен. «Бөлінген ақша жоғарыдан бекітіліп кетті, ол Казаткомға жұмсалады, енді бұл конвейерді тоқтата алмаймыз», деді де, сіздер бұлай шулай бермеңіздер, ауылдағы екі коллонканы жаппаймыз, үйдегі, ауладағы суды қалай пайдаланып келсеңдер, солай пайдалана бересіңдер, бәрі сол қалпында қалады. Тек жанама, альтернативті су жүйесі қатар түседі, ал оған қосыласың ба, жоқ па, өз еріктерің», деді».

Қалиақбар ДОСЫМОВ және Жас Алаш тілшісі Алмас НҮСІП

«Қызықтың көкесі ертеңіне болды», дейді. Бір күн бұрын ауылдағы жиналыста осылай сөйлеген орынбасарлар енді аунап түсіп, ауылға осы мәселе бойынша келген «Евразия» арнасының тілшісіне берген сұхбатында (екі тілде): «Ауылдағы екі коллонка Совет одағы кезінде мал ішуге, жер суаруға арнап қазылған, ауызсуға пайдалануға мүлдем жарамсыз – санитарлық нормаға сай емес. Сол үшін ауылға жаңадан 280 метр тереңдіктен скважина қазатын болдық», деп мүлде басқаша сөйлепті.

«Ол – ол ма, бізді бұзақы тобыр деген болу керек, айналасы бір күннің ішінде екі сөйлеп, ел аман, жұрт тынышта бастарына не күн туғанын қайдам, өзімен бірге бір полковник, екі майор, 3 капитан шеніндегі полиция қызметкерлерін ерте келіпті», деп өкпелеп отыр. «Бұл – елді, ауылды сыйламаудың белгісі» дейді. Және, бүкіл ауыл тұрғындары «бізге басқаша, телеарнаға басқаша сөйлеп, елді уақытша алдай салуға дайын тұратын әкімдік өкілдері үш жылдан бері ауылды мазақ қылып келеді», деген пікірде. «Аудандағылар түгелдей келіп болды, біз де жазатын жердің бәріне жаздық, баратын жердің бәріне бардық. Енді бұлардан жоғары тұрғандар ауылға итпен келсе де таңғалмаймыз!» депті ел.

Бір қызығы, әкімдіктен келген өкілдер бұл жолы мердігер компанияның өкілдерін ерте келіпті. Естеріңізде болса, казаткомдықтар осы уақытқа дейін мердігердің кім екені белгісіз деп шағынған. Істің жайы жалпақ жұртқа жайылып кеткен соң санасқандары шығар, бұл жолы арнайы таныстырыпты. Бұған дейін жасырын ұсталып келген мердігер компания – «Қарасай құрылыс» ЖШС екен. Әкімнің орынбасарлары кеткен соң, ауыл тұрғындары әлгі компанияның өкілдерімен оңаша сөйлесіп, қалай жұмыс істейтіндерін сұрапты. Компания өкілдері «бізде ауылдың бас жобасы бар, арнайы сызбамыз, жоспарымыз бар, сол бойынша қазамыз. Жолда біреудің құбыры бар ма, басқасы бар ма қарамаймыз. Біздің келіскеніміз 87 миллион теңге, соны алам да, кетем. Біздің келіскен жұмысымыз сол», депті. Ауыл тұрғындары әкімдер бар кезде неге айтпағанын сұраған екен, «оны өздерің шешіп алыңдар», деп қысқа қайырыпты.

«Төменнен келген хатты әкім Амандық Баталов осыған дейін оқымаған да сияқты. Өйткені, газетке шығып, елдің назары ауған соң ғана арнайы өкілдер жіберді. Бұған да шүкір, бірден бәрін шешіп тастамаса да, тым құрығанда мердігердің кім екенін білдік», деп, істің бұлайша тез қозғалғанының өзінен үміт күтеді ел. «Полиция қызметкерлерімен бірге келгені – бізге көрсеткен сесі деп түсіндік. Әрине, ешкімді итерген жоқ, қорқытқан жоқ, бірақ, тәртіп бұзбаңыздар деп ескертті. Біз тәртіп бұзатындай бұзылған ел емеспіз, шектен шығатындай жөніміз жоқ» деген шағынушы тарап полиция қызметкерлерінің тәртіп бұзғандарға (?) заң жүзінде әкімшілік жаза қолдану туралы бір әңгіменің шетін шығарыпты.

Ауылдағы төртінші мәрте өтіп жатқан жиында 92-ге келген қарт ана әкімнің орынбасарына талап қойыпты:

«Егер осы суды құртып, көшені қазсаңдар, эксковатордың астына түсем».

Ауыл тұрғындарының да негізгі ұстанымы осыған саяды. Заң бойынша, тиісті орындардан берілген жауапқа риза болмаса, одан жоғарғы органдарға хат жазуға мүмкіндігі бар. Бірақ, бұл кісілер жазатын жердің бәріне жазып көрдік, бірақ, елді «кеңкелес, тобыр» деп санайтын әкімдіктегілерге сөзіміз өтпесе, техниканың жолын бөгегеннен өзге амал жоқ», деп отыр.

Ақшиге келген облыс әкімінің орынбасарлары «Казаткомға соқпай кетті» деп өкпелеп отырған ел осы сапардан кейін Ақшидегі тоқтап тұрған су тарту жұмыстары қайтадан жүріп жатқанын айтады.

…Елді жиып алғанда ауыз толтырарлық ешқандай сөз таппаған, тек істің бекітіліп, ақшаның бөлініп қойғанын қайта-қайта алға тарта берген аудан әкімінің орынбасары қасындағы «подрядчик» жігітті нұсқап:

«Мына жігіттерге обал болайын деп тұр. Өзіміздің қазақтың жігіттері, шоттары блокта жатыр», депті «жанашырлықпен».

Елдің жайын ойлайтын азаматтар бар екен-ау деп қаласың осындайда…

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.