Танымал адвокат Джохар ӨТЕБЕКОВ өзі мүше Алматы қалалық адвокаттар алқасымен текетіресіп жүргеніне бір жарым жылдан асты. Facebook-те 34 мыңнан астам оқырманы бар қорғаушының жазбасына ренжіп қалған адвокаттар алқасы оны сотқа берген, ізінше Д.Өтебеков те қаржылық есептерін жасырған алқаны сотқа тартыпты. Адвокаттар алқасын 30 жылға жуық басқарып отырған әріптестеріне қарсы жалғыз шапқан ол «адвокатура саласына реформалар қажет» деп есептейді. Ол қандай өзгерістер екенін танымал адвокаттың өзінен сұрап білдік.

Джохар,  адвокат өзі мүше адвокаттар алқасын сотқа беріпті дегенді бұрын-соңды естімеппіз. Алматы қалалық адвокаттар алқасымен текетіресіңіз неден басталды?

–Мәселенің түп-төркініне үңілсек, бәрі «1 миллион доллар пара алды» деп айыпталып, сотта кінәсін мойындап өкінгені үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығының бұрынғы басшысы Василий Нидің ісінен басталды. Мен оны босатып сала берген соттың қаулысын интернеттегі сот актілер базасынан таппай ашындым. Жоғарғы соттың сот актілер базасында барлық соттың қаулылары болуы тиіс. Бірақ Нидің соты бойынша қаулы түгіл, істің өзі ізім-ғайым жоқ болып шықты. Сөйтіп, соған ашынып әлеуметтік желіде жазба жарияладым. Сол-ақ екен, Алматы қалалық адвокаттар алқасы президиум мүшесі Розенцвайг маған қысым жасай бастады. Артынша президиумның тағы бір мүшесі – Қанафин де Нидің қорғаушысы болғаны анықталды. Сондай-ақ президиум төрағасының орынбасары Неясова да бұл істе қорғаушы болыпты. Олар менің жазбама наразы болып, жақтырмағаны түсінікті. Қалалық адвокаттар алқасымен дау осыдан басталды. Соның ізінше өзім мүше болсам да, қалалық адвокаттар алқасының жалпы жиналыстарына қатыспайтынымды бірнеше мәрте ашық айтып, наразылық білдірдім. Бұл текетірес осымен бір жарым жылға созылды. Арасында қорқытып-үркіту де болды. Өз кезегімде қалалық адвокаттар алқасының ішкі құжаттарын, 2017 жылғы қаржылық есептерін, менің қатысуымсыз өткен жалпы жиналыстарының хаттамаларын сұраттым. Адвокаттар алқасы маған ол хаттаманы ұсынбады, сөйтіп, оларды сотқа бердім. Олар да қарап қалмай, бір мезгілде мені сотқа берді. Сондағысы – Facebook-те қалалық адвокаттар алқасы жайлы жағымсыз нәрселер жазып, іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп жазғырды. Сот адвокаттар алқасының арыз-шағымы сауатсыз жазылған деп арызды кері қайтарды. Ал менің арызым қабылданып, №2 Алмалы аудандық сотында қаралды. Сотта 2017 жылғы ревизициялық комиссия есептерін сұраттым, бірақ оны маған бермеді. Енді сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірдім. Апелляциялық сот менің пайдама шешіліп, алқаның қаржылық есептерін қолға түсіремін деп үміттенемін. Осының арасынша қалалық адвокаттар алқасы да мені сол баяғы арызы бойынша тағы сотқа беріпті.

–Шағымыңызды қараған №2 Алмалы аудандық сотында сіз өзіңіз сұратқан адвокаттар алқасының ішкі құжаттарымен, қаржылық есептерімен онсыз да таныса алатыныңыз жөнінде айтылды. Расымен, солай ма?

–Жоқ, ол шылғи өтірік. Өзім сұратқан құжаттардың арасынан тек жалпы жиналыстың хаттамасын оқуға ғана мүмкіндік берілді. Оның өзінде 30 беттен тұратын құжатты ғимарат ішінде отырып оқуым керек екен. Құжаттың көшірмесін жасатып, асықпай оқиын деп едім, оған көнбеді. Ал өзге құжаттар – ревизиялық комиссия есебі, ішкі нормативтік құжаттар мен алқаға қатысты құжаттарды, мәселен, президиум мүшелері қанша жыл отыруға уәкілетті екенін көрсететін мәліметтерді бермей қойды. Сот «адвокаттар алқасы жалпы жиналыстың хаттамасын ұсыныпты, сол жеткілікті, көшірмесін беруге міндетті емес» деп ұйғарды. Көшірмені өз ақшама жасатамын десем де, ғимараттан алып шығып зерттеуге мүмкіндік берілмеді. Сот мен сұратқан өзге құжаттар қалалық адвокаттар алқасының сайтында бар деп кесті. Бірақ шын мәнінде онда жарғыдан басқа ештеңе жоқ. Сотта ол құжаттардың сайтқа ілінген-ілінбегені де қаралмады.

–Сізді сонда Facebook-те жазған жазбаларыңыз үшін ғана ұнатпай қалды ма, әлде өзге себеп бар ма?

–Адвокатурадағы реформалар мәселесін бұрыннан көтеріп, жақтап жүрген жайым бар. Менің жазған-сызғандарымды жібермей оқитын қалың оқырманым бар, олардың арасында шенеуніктер де жеткілікті. Осының кесірінен адвокаттар алқасы билік пен ықпалдан, ақшадан айырылып қаламыз ба деп қорқады. Мәселен, адвокаттық ордерді жоюды бұрыннан көтеріп жүрмін. Айталық, қазір адвокат ордерсіз сотқа да, полицияға да бара алмайды. Тіпті досыммен көлікте кетіп бара жатқан жерден полиция досымды тоқтатып, қамауға алатын болса, оны сол мезгілде ордерім болмаса, қорғай алмай қаламын. Әуелі заңгерлік кеңеске барып ордерімді алуым керек. Осы мәселені айтып жазып едім, адвокатура туралы қабылданған жаңа заңда бұл бапты алып тастады. Сөйтіп, енді 1 қаңтардан бастап адвокаттар тергеу мен сотқа ордерін көрсетуге міндетті емес.

Сонымен қатар адвокаттар алқасына төленетін кіріс жарнасын жоюды да көтердім. Әрине, салаға барынша аз адвокаттар келуі үшін кіріс жарнасы қала берсін, бәсеке болмасын деп, өзге әріптестерім тәрізді үнсіз отыра беруіме де болар еді. Адвокаттар алқасына кіремін деушілер 2-3 мың доллар көлемінде кіріс жарнасын төлеуі тиіс болатын. Жаңа заңда бұл бапты да алып тастады, енді адвокаттар алқасының қатары көбейер. Бұл да кішігірім жеңіс. Алқаның қаржылық ашықтығы, есептілік мәселесін айтып та, жазып та жүрдім. Нәтижесінде жаңа заң бойынша, адвокаттар алқасы қаржылық есебін сайттарында жариялауға міндеттелді.

Жоғарыда «адвокаттар алқасы ақшадан айырылып қалудан қорқады» дедіңіз. Бұл сонда қомақты қаржы ма?

–Қомақты. Алматы қалалық адвокаттар алқасына кіретіндер ай сайын 9,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна төлейді. Бұл – әр мүше 23 мың теңгеден төлейді деген сөз. Алқаға 770 адвокат мүше. Демек, алқа ай сайын 17 миллион теңге жинап отыр. Ал бұл сома бір жылда 200 миллионнан асып жығылады. Бұдан бөлек, тағылымдамадан өтушілердің төлейтін жарнасы тағы бар. Өз басым тағылымдама кезінде ай сайын 15 айлық есептік көрсеткіш төлегенмін. Қазір ол 10 айлық есептік көрсеткішке түсіпті. Тағылымдама бір жылға дейін созылады. Бәлкім, бұдан бөлек, алқаның алатын қаржылай гранттары да бар шығар. Қаржылық есеп жария етілмегендіктен, оны білмей отырмын. Қысқасы, осындай ақша айналымда жүрсе де, адвокаттар алқасы дамымайды, керісінше, кері кетіп, жас адвокаттардың дамуына кедергі келтіреді.

Неліктен сөйтеді?

–Бұл – бәсекелестікті шектеу амалы. Бұл – бір. Екіншіден, билік пен ынсаптан айырылмаудың жолы. Үшіншіден, билікті басып алып, өздерінше үстемдігін көрсетіп, адвокаттарға қалай жүріп-тұруды, жұмыс істеуді нұсқап, өз пікірлерін таңғысы келеді. Ең бастысы, президиумда 30 жыл бойы отырғандар бар.

Сіз қалалық адвокаттар алқасының төрағасы Кенжеғали Карчегеновті меңзеп тұрсыз ба?

–Ол алқаны 27 жылдан бері басқарып отыр. Өткен жұма күні көріп қалып, «неге ұзақ отырсыз?» деп сұрағаным сол еді, ол «сонда отырмын екен» деп еш уақытта кеудесін ұрмағанын айтты. Оның кеудесін ұрған-ұрмағанында менің шаруам жоқ, басты мәселе – адвокаттар алқасынан даму көріп тұрғаным жоқ. Адвокаттардың бір тобы әлеуметтік желіде менің соңыма түсіп, маған қарсы шауып жүр. Осының өзі алқаның деңгейін көрсетеді. Ал енді алқаның қалай дамығанын айта алмаған адаммен не деп дауласасың? Ұзақ жылдан бері салаға адвокаттар келіп жатқан жоқ. Сол баяғы 760 адвокат деңгейінде қалып отырмыз. Мәселе адвокаттар төлейтін ай сайынғы жарна, кіріс жарнасы тәрізді ақшада да емес. Мәселе – біздің мамандық жұрт келуге таласып-тырмысатындай беделді емес. Жоғары оқу орындарының түлектері бұл салаға келмейді, шындығына келсек, олар үшін күресіп, кел деп шақырып жүргеніміз де жоқ. Қарт мамандықтардың біріне айналып барамыз. Адвокатураның жасарып жатпағаны ащы болса да шындық.

–Өзіңіз мүше адвокаттар алқасына қарсы жалғыз шауып жүрсіз бе, әлде әріптестеріңіздің арасында сізді қолдайтындар бар ма?

–Жалғызбын деуге де болады. Азғантай мүдделестер бар. Алайда көпшілік бұған енжарлықпен қарайды, енді бірі сескенеді. Жоғарыға қарсы шығу қашанда қауіпті іс қой. Бәлкім, қоғам мені көп қолдайтындықтан, көп оқырманым бар болғандықтан, мені аяқтан шалу қиынырақ шығар.

–Бұл текетіреске республикалық адвокаттар алқасының көзқарасы қандай?

–Олар әрекетсіз отыр. Тіпті бұл тартыс олардың көңілінен шығатындай. Әйтеуір, республикалық алқа да дамуға үлес қосып отырғаны шамалы. Адвокатураның ақсап тұрған бірден-бір саласы – мемлекет кепілдік ететін заңгерлік көмек. Бұл – халық аузында тегін адвокат аталып кеткен сала. Шын мәнінде бұл тегін қызмет емес, оған мемлекет ақша төлейді, бірақ заңгерлік көмектің сапасы сын көтермейді. Сөйтіп, қалтасы көтеретін жұрт ақылы адвокатқа жүгінеді. Бірақ заңгерлік көмекке зәру әлеуметтік жағдайы төмен халық бар, олар кәнігі қылмыскерлер ғана емес, азаматтық іс бойынша соттасып жүрген зейнеткерлер, кәмелеттік жасқа толмағандар, алимент даулап жүрген аналар. Осы бағыттағы реформаға әділет министрлігі, адвокатура көңіл бөлмейді.

Адвокатурадағы ахуалды қалай жақсартуға болады?

–Адвокатура жайлы заң қабылданғанның арқасында алға басушылық бар. Заңның ұйымдастырушылық бөлігі толығымен 2019 жылдың жазында күшіне енеді. Нәтижесінде адвокатура ашығырақ бола түседі. Десек те, бұл заң адвокаттық өзін-өзі басқару мәселесін шешпейді, ескі кадрларды ауыстырып, жаңаратын өзгерістер керек. Сондықтан республикалық адвокаттар алқасының саяси ерік-жігері болмайынша, қандай да бір бетбұрысты өзгерістердің бола қоюы қиын.

–Танымал спортшы Денис Теннің тапа тал түсте көлігіне түскен ұрылар қолынан қаза табуы қоғамды дүр сілкінтті. Арада бес күн өткеннен кейін тілшілерге сұхбат берген ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов полицейлердің тікелей қылмысқа кінәсі болса ғана кешірім сұрайтынын қадап айтты. Жалпы, қылмыс үшін ішкі істер министрлігі жауапты ма?

–Әрине. Меніңше, кешірім сұраса, бұл, керісінше, орынды болар еді. Бірақ полиция жетекшілігі өзінің халық алдындағы міндетін сезінбейді, халыққа қызмет ететіндерін түсінбейді, сондықтан кешірім сұрауға тиіс емеспіз деп есептейді. Бұған полиция толықтай жауапты, өйткені ұрлық тал түсте болды. Бұл – көлікке түсетін ұрылар әбден шектен шықты деген сөз. Ішкі істер министрлігінің зорлық-зомбылық қылмыстары азайды деген дерегін жоққа шығармаймын. Сөйте тұра жағдайды өз көзімізбен көріп, бастан өткеріп отырмыз. Мәселен, әкемді бірнеше жыл бұрын үйдің жанында тонап кетті. Баламның велосипедін ұрлап кетті. Ұрылар түскен видео полицияға берілгеніне қарамастан, құқық қорғаушылар ешкімді таппады. Яғни ұрлық қылмысын полиция бетімен жіберген. Көп жылдан бері ұрлықты ашумен дұрыс айналыспайды. Әбден сыздаған жараның аузы бір күні болмаса, бір күні ашылатынның кері бұл. Бұл ретте ішкі істер министрлігінің жетекшілігі толығымен отставкаға кетуі тиіс. Денис Теннің өлімі ішкі істер министрлігінің реформасына жол ашуы тиіс.

–Қандай реформалар керек?

–Ішкі істер министрлігін бірінші кезекте өзіне тән емес функциялардан босату керек. Ішкі істер министрлігі тек қоғамдық тәртіпті бақылау, қылмысты ашу мен оның алдын алумен айналысуы тиіс. Сондықтан оның қарамағынан төтенше жағдайлар органын, апаттық құтқару және өрт сөндіру қызметін шығару керек. Сондай-ақ ол шетелдіктерді тіркеу және виза берумен айналыспауы тиіс. Министрлікке қарасты антитеррористік қызметтің де қажетін көріп тұрғаным жоқ. Ұлттық гвардия да отауын бөлек шығаруы қажет. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті де министрлік қарамағында болмағаны жөн. Дамыған елдердің бәрінде қылмыстық атқару жүйесі комитеті ішкі істер министрлігіне бағынбайды. Өйткені мұнда мүдделер қақтығысы бар. Олар қылмыскерлерді ұстап, қамап, өздері күзетеді. Бұл ақылға қонбайды. Демек, тергеу изоляторы мен түрме министрлікке қарамауы тиіс. Сонымен қатар пробация қызметі де ішкі істер министрлігінің міндетіне кірмегені дұрыс. Сонда бізде құқық қорғаушылар өздері қылмыскерді ұстап, қамап, күзеткенімен қоймай, оны дұрыс жолға салумен айналысады.

–Басқасын қайдам, түзу жолға салып, тәрбиелеу қолдарынан келмейтін сияқты. Әйтпесе Денис Тенді өлтірді деген күдікті бұған дейін де жауапкершілікке тартылған ғой.

–Иә, Құдайбергенов бұған дейін Қызылордада ұрлық үшін сотталған. Ол уақытта жасы 18-де болған көрінеді. Ондай жаста адамды өзгертуге, қайта тәрбиелеуге болады. Психолог қол ұшын созып, әлеуметтік жұмысшы отбасының жағдайымен танысып, қажет болса анасына, өзіне жұмыс тауып беріп көмектесуге болар еді. Ал бізде пробация қалай жұмыс істейді? Аптасына, екі аптада бір келіп, белгіленіп кетсең болды.

Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір мәселе – рақымшылық. Осы рақымшылыққа келгенде мемлекет неге таңдаулы түрде әрекет етіп, негізінен, жемқорлықпен сотталған шенеуніктерге рақымшылық жасайды?

–Бұл мәселені президент шешеді. Демек, ол жемқорларға оң көзбен қарайды деген сөз. Тағы бір мәселе – президент жанындағы рақымшылық комиссиясының әрекеті ашық емес, тіпті сайттары да жоқ. Қоғам рақымшылыққа жыл сайын кімдер ілінеді, не үшін рақымшылық етілетінін білуі керек. Бізді бұл мәселеде тек ашықтық қана құтқарады. Осының бәрі сайтта жариялануы тиіс. Әйтпегенде бұл комиссияға әртүрлі күдік ұялатады.

–Елімізде жемқорлыққа шатылған шенеуніктерге айыппұл төлетіп, босатып сала береді. Тәжікстан жемқорларға айыппұл төлеп, бостандыққа шығуға тыйым салды. Бізге де осындай тәжірибе керек пе?

–Жоқ, олай деп ойламаймын. Өз басым жемқорларға адамгершілік тұрғысынан қарамау керек дегенге қарсымын. Жемқорлардың басқа қылмыскерлерден айырмасын көріп тұрғаным жоқ. Әрине, олар кәнігі қылмыскерге қарағанда қауіпті емес. Қоғамдық орындарда баукеспе ұры мен  бұзақылар жемқорларға қарағанда әлдеқайда қауіптірек. Сондықтан «жемқорларды Қытайдағыдай өлім жазасына кесу керек» деген жалаң ұрандарды қолдамаймын. Жемқорлар сотталған соң, бұралаң жолға қайта түсуі екіталай. Оларға онсыз да мемлекеттік қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынған. Осы жеткілікті деп есептеймін. Тоқетері, мемлекетке келтірген шығынын толықтай өтеп берсе, бостандыққа шығаруда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ бұл ретте оларға салынатын айыппұлдарды қарастырып, қылмысына қарай әртараптандыру керек. Әйтпесе кейде төлейтін айыппұлдары ақылға қонбайды.

Бұл реттегі басты мәселе заңнамаға келіп тіреледі. Заңның өзі жемқорлыққа жол бермеуі тиіс. Шенеуніктердің пара алатындай мүмкіндігі болмауы керек. Біз бұл бағытта белгілі бір жетістікке жеттік. Мәселен, 15 жыл бұрын заңды тұлғалар ЖШС-ні тіркеу үшін міндетті түрде пара беретін, қазір оны үкіметтің электронды порталы арқылы 15 минутта бітіруге болады. Сондықтан бұл сегменттегі жемқорлық жойылды. Сол сияқты жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жолдары бар. Ең алдымен жалпыға ортақ мүлікті жария ету енгізіліп, дүние-мүлкі мен ақшасының шыққан тегін түсіндіре алмаған шенеуніктер жауапқа тартылуы тиіс.

–Әңгімеңізге рақмет.

Фото: facebook.com

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.