Тәжікстан бас прокуратурасы Хатлон облысы Даңғара ауданында қаза тапқан шетелдік төрт туристі өлтіруге күдікті бес адамның кімдер екенін жариялады деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі.

Бас прокуратура жұма күні таратқан мәлімдемеде Пяндж ауданы тұрғындары Хуссейн Абдусамадов, Асомидин Мажидов пен Зафар Сафаров және Нурек қаласының тұрғындары ағайынды Аслиддин мен Жафар Юсуповтардың аты-жөндері аталған. Прокуратура «террорлық топтың жетекшісі» деп сипаттаған Хуссейн Абдусамадовтың ұсталғанын, ал қалған төрт күдіктінің «ұстау кезінде қарулы қарсылық көрсетіп, көздері жойылғаны» туралы хабарлаған. «Олардан қылмысқа пайдаланылған жеңіл автокөлік пен қару алынды» делінген мәлімдемеде.

Оқи отырыңыз: Тәжікстанда қаза болған шетелдік саяхатшылардың аты-жөні жарияланды

Бас прокуратура күдікті бес адам 2015 жылы елде қызметіне тыйым салынған «Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясы мүшелері болған және бұйрықты содан алған» деп мәлімдеген. «Олар өздерінің ұйымынан күдікті басқаға аудару үшін, терактіні «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының атын жамылып жасаған» дейді Тәжікстан билігі.

Бұған дейін «Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясы» өкілдігі осы ұйымға билік тағып отырған айыптауды оққа шығарып, оны «саяси мақсатпен ешқандай негізсіз тағылған айып» деп атаған.

Шілденің 29-ы күні Тәжікстан астанасы Душанбеден оңтүстікке қарай 150 шақырым қашықтықта велосипед мінген саяхатшыларға тұтқиылдан шабуылдаған қылмыскерлер әуелі оларды көлікпен қағып, кейін машинадан түсіп, пышақтап тастаған. Шабуылдан төрт адам Нидерланд пен Швейцарияның бір-бір азаматы және екі америкалық ажал құшқан. Олармен бір топта кетіп бара жатқан тағы үш адам жарақат алған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.