48 жастағы Ольга Некрасованың 1-ші тамыздан  2-не қараған түні орын алған өрттен енді ғана есін жия бастағанын айтады. Тәтті ұйқыда жатқан кезде тұтанған жалыннан бала-шағасы шошып қалыпты. Өрттің басталғанын көршілердің бірі аңғарған екен. Ішке есікті бұзып кірген азамат әйел мен оның балаларын айғаймен оятыпты.

Керекуде «Алтын алқа» иегері үйсіз қалды  

Айғайдан ояндым. Өртеніп жатсыңдар деп кірген өзіміздің көрші екен. Ұйықтап жатқан балаларым дереу тұрып, көрпе жамылып сыртқа атып шықты.Бәріміз қатты шошып қалдық,-дейді Павлодарское ауылының тұрғыны Ольга НЕКРАСОВА.

Анықталғандай, өрт үйге жапсарлас орналасқан жазғы ас үйден басталған. Осылайша төрт бөлмелі қамыс үй күлге айналған.Іштегі жиһаз, тұрмыстық техника түгел жарамсыз болып қалған екен.Шырт ұйқыда жатқан көп балалы ана балалары мен құжаттарын сыртқа алып шығып үлгеріпті.Ал қызыл жалынмен таңға дейін арпалысқан төтеншеліктер қазір оның нақты себебін анықтауда. Өрттен аман қалған балалар болса, көрші ағай келмегенде бәріміз жанып кетер едік дейді.

Керекуде «Алтын алқа» иегері үйсіз қалды  

Ұйқыдан оянғанымда көрші ағайды көрдім.Сосын тағы бір кісі келді. Олар бізге далаға шығыңдар деп дауыстады.Әпкем мені көтеріп алып, шығып келе жатқанда қолын күйдіріп алды.Сыртқа шыққанымызда үйсіз қалдық деп жылады, -дейді Ольга Некрасованың қызы Мариям НЕКРАСОВА.

8 баланы тәрбиелеп өсірген Ольга Некрасованың өзі «Алтын алқа» медалінің иегері. Бірақ, отағасымен ажырасып кетіпті. Ересек ұл-қыздары облыс орталығында өз күндерін көріп жүр. Қолындағы төрт баланың екеуі студент, тағы екеуі оқушы. Павлодарское ауылындағы шіркеуде жұмыс істейтін әйелдің табысы күнделікті ішім-жемнен аспайтын көрінеді. Сондықтан ол жомарт жандардан көмек сұраудан басқа амал таппай отыр. Әзірге туыстарын паналаған отбасыға атқамінелер қолдан келгенше көмектесеміз дейді.

Керекуде «Алтын алқа» иегері үйсіз қалды  

-Мектепке баратын балаларының өлшемдерін алдық. Ауыл тұрғындарымен бірігіп қажетті киім мен оқу құралдарымен қамтимыз. Жақын арада мемлекет тарапынан 70 мың теңге көлемінде өтемақы төленуі тиіс.Бүлінген мүлікті сыртқа шығарып тастауға қажетті техниканы да береміз, -дейді Павлодарское ауылының әкімі Аждар ЖҮСІПОВ.

Бұған қоса, әкімдіктегілер күлге айналған үйдің орнына судай жаңасын салу үшін жергілікті кәсіпкерлерден біраз құрылыс материалдарын алып береміз деп уәде етті. Ал көп балалы ана көпшіліктің көмегінсіз далада қалам ба деп алаңдайды.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.