АҚШ тамыздың 6-сы күні Иранға қарсы жаңа санкцияларын жарияламақ. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Сингапурдегі саммиттен қайтар жолында журналистерге АҚШ 2015 жылы Иранның әлемдік алты державамен жасасқан ядролық келісімінен шыққан соң жоспарлаған санкцияларын күшіне енгізетінін мәлімдеді.

Помпеоның сөзінше, Ақ үй санкция жайлы егжей-тегжейлі 6 тамыз күні хабарламақ. Алайда, АҚШ шенеуніктері санкция аясында Иран үкіметі 7 тамыздан бастап АҚШ банкнотын сатып ала алмайтынын хабарлады.

Америкалық шенеуніктер санкция шеңберінде Иранның өңдеу өнеркәсібіне шектеу қойылатынын, оның ішінде әйгілі парсы кілемдерін экспорттауға тыйым салынатынын жеткізді.

Помпео Тегеранға қысым «Иранды зұлымдық әрекетінен бас тартқызуға көндіру» мақсатында» жасалып отырғанын айтты. Мемлекеттік хатшының сөзінше, Иран халқы «өз басшыларының экономикалық даму болады деген уәделерін орындай алмағанына наразы».

Иран экономикасының өсімі соңғы айларда АҚШ санкция салуы мүмкін деген қауіпке байланысты төмендеп, елдің көптеген қалаларында экономикалық қиындықтарға байланысты халықтың наразылығы күшейе бастаған.

Иран мемлекеттік телеарнасы 5 тамыз күні билік ұлттық валюта — риалдың құны одан ары құлдырамауы үшін  шетел валютасын айырбастау ережелерін жеңілдететінін хабарлады. Риал бағамы сәуір айынан бері 50 пайызға құлдырады. 5 тамызда Иран билігі Орталық банк басшысының шетел валютасын айырбастауға жауапты орынбасары Ахмад Арагчиді «экономикалық қылмыс жасады» деген күдікпен тұтқындады.

2015 жылы Тегеранның АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германиямен жасасқан келісімі бойынша, Иран ядролық бағдарламасын тоқтатып, есесіне бұл елге салынған халықаралық санкциялар жеңілдейтін болған. Биыл мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды «ядролық келісім талаптарын толық тақтамай отыр» деп айыптап, өз елін келісімнен шығарған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.