Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон көпшілікті интернетте терроризмге шақыру және әлеуметтік желілерде террорлық әрекетті ақтауға қолданылатын жазаны күшейтетін заңға қол қойды.

Тәжікстан заңдарында «террорлық әрекетті ақтау» деген түсінік террорлық актіні қолдап, сол идеологяны дұрыс деп есептейтінін көпшілікке мәлімдеуді білдіреді. Осындай қылмыс жасағандарға енді 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Қылмыстық кодекске түзетулер жобасын Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы 13 маусымда қабылдады.

Заңды талқылау кезінде депутат Бахтовар Сафаров әлеуметтік желілер мен мессенджерлер «терроризм мен террорлық әрекетті насихаттау алаңына айналғанын» мәлімдеген.

Тәжікстан билігінің мәліметі бойынша, Таяу Шығысқа барып, «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылған тәжікстандықтардың дені әлеуметтік желі арқылы арбауға түскен.

Бір апта бұрын Тәжікстанның оңтүстігінде топ адам велосипедпен саяхаттап жүрген шетел туристеріне шабуылдап, төртеуін өлтіріп кеткен. Тәжікстан билігі қылмысты теракт деп танып, оны «Ислам мемлекеті» ұйымы мойнына алған. Бірақ ресми Душанбе бұл шабуылдың артында елде тыйым салынған Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы (ТИҚП) тұрғанын мәлімдеген. ТИҚП Душанбенің бұл мәлімдемесін негізсіз әрі саяси астары бар деп, терістеген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.