Биыл Атырауда ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптылар саны екі есеге өскен. Былтыр жарты жылдың ішінде 496 жұптың жолы екіге айырылса, 2018 жылдың  алты айында бұзылған неке саны 521-ге жетіпті. Бұл туралы Жас алаш сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Нұрлы ҚАБИЕВАНЫҢ айтуынша, дәм-тұзы жараспаған отбасы иелерінің орта жасы 27-50 жас аралығында. Ажырасу себептері ретінде «мінездің үйлеспеуі» мен «баланың болмауы» көрсетіледі.Вахталық жұмыс ажырасуға себеп пе?

-Біз неке бұзылған жағдайда мәселеге баланың құқығы тұрғысынан қараймыз. Атырау облысына тән жағдай – ажырасушылар арасында вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар көп кездеседі. Соның ішінде, кінә «тап мына жақтан» деп кесіп айту қиын. Кейде вахтада айлап жасайтын отағасының сол жақтан тағы бір «отбасы» пайда болады, кейде ері ұзақ уақытқа кеткенде зеріккен немесе «әй дейтін әже» болмаған әйел ішімдікке салынып, бала-шағасына қарамай жатады. Бұл, әрине, жаппай орын алып отырған жай емес, бірақ, некенің алғашқы жылдарында жас ерлі-зайыптылардың бір-бірінен мүмкіндігінше ұзаққа көз жазбағаны дұрыс деп ойлаймын, — дейді Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нағима ЫСҚАҚОВА.

Мұнайлы өңірде вахталық әдіс кәсіпорындарда қолданылады. Айта кетейік, кейбір мердігердік мекемелерде жұмысшылар 28 күндік вахталық әдіспен жасайды және кейде өзара келісілген жағдайда бұл мерзім ұзартылады. Бұл – компанияда жұмыс жасайтын әйел немесе ер адам осынша уақыт үй-ішінен жырақта болады деген сөз.

Психолог мамандар отбасылардың бүлінуін ерлі-зайыптылардың жұмысымен байланыстыруға болмайтынын айтады.

Вахталық жұмыс ажырасуға себеп пе?

-Жұмыс жасау керек, отбасын асырау керек. Бірақ, жұмыста болып, ұзақ уақыт алшақта жүру ажырасуға себеп емес. Бағзыда аналарымыз соғысқа кеткен ерін де сан жылдар бойына күткен. Олар да ет пен сүйектен жаралды. Бірақ, пенделікке бармады. Бәрінен арын, намысын жоғары қойды. Қазіргі адамдарда осы қасиеттер жетіспей жатыр. Сондықтан, жұбайлар уақытша осалдыққа жол бермей, сағынышты құрметке, кездесуді махаббатқа ұштастыра білуі керек. Балаларының болашағын ойлаған адам жеңіл өмірді тәрк етіп, адамдықты жоғары қояды, — дейді тәжірибелі психолог Роза ҚОЖАМБЕРГЕНОВА. 

Фото: azattyq

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.