Қарағанды облысында түрмеде тұтқындарды азаптауды ұйымдастырды деп айыпталғандарға сот үкімі шықты деп хабарлады облыстық сотқа сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері. Шахтинск қалалық соты АК-159/6 колониясы бастығының көмекшісі Бауырбек Шотаев пен АК-159/7 колониясы жедел бөлімінің жедел уәкілі Виталий Зарецкийді Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-тармағымен («Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басшылық ету») және 146-бабы 3-тармағымен («Жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтiруге немесе абайсызда оның өліміне әкеп соққан азаптау әрекеті») айыпты деп танып, әрқайсысын жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен.

2017 жылы 11 наурызда жетел бөлім қызметкері Виталий Зарецкий сотталушы, түрме жанындағы мектеп оқытушысына дөрекі сөз айтқан  Валерий Чупинді басқа бөлімге ауыстыруға және бөлім басшысына оны «жазалауға» пәрмен берген. Іс материалдары бойынша, былтыр 11 мамырда бірнеше сотталушы Валерий Чупинді ұрып-соғып, денесінен ток өткізген. Бұдан соң Чупин жараланып, жергілікті ауруханаға түскен. Келесі күні дәрігерлер оның «тік ішегінің жарақаттан зақымданып, ағзасы уланып» қайтыс болғанын хабарлаған.

Бөлім басшысы Тимур Қырбаев «жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтiруге немесе абайсызда оның өліміне әкеп соққан азаптау әрекетін» жасады деп айыпталып, 10 жылға сотталды. Өзге бес сотталушы — Евгений Флотский, Дмитрий крушинский, Николай Тюков, Максим Коваль және Қуанышбек Жарасбаев та осындай айыппен әрқайсысы сегіз жылға сотталды.

Сот бұған қоса осы іс бойынша Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті, Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы мен Қарағанды облыстық прокурорына «тергеу органдарының осы іс бойынша қылмыстық-процессуалдық заң нормаларын және азаматтардың конституциялық құқықтарын өрескел бұзғаны» туралы мәлімдеу жөнінде жеке ұйғарым қабылдады. Сот аталған орган басшыларына ендігіде мұндай заң бұзушылықты болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.