Алматыда 6 тамыз күні Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) ұйымының қызметіне қатысты деп айыпталған қала тұрғыны Әсет Нұржаубай сотта прокурор Жәнібек Мамытовқа қарсылық білдірмек болды. Әсет Нұржаубай прокурор бұған дейінгі сот отырысында өз адвокаты Камила Толыбаеваны «кекетіп, мұқатқанын» және жәбірленуші деп танылған Айгүл Мусинадан жауап алу кезінде оған «қалай сөйлеуді сыбырлап айтқанын» мәлімдеді.

Адвокат Толыбаева Әсет Нұржаубайдың қарсылығын қолдады. Прокурор Мамытов оған қарсы шықты. Медеу аудандық қылмыстық істер жөніндегі  сотының судьясы Ұлан Кішібай сотталушы Әсет Нұржаубайдың қарсылығын қанағаттандырудан бас тартты.

Жауап беруге шақыртылған куәгерлер сотқа келмеуіне байланысты судья Ұлан Кішібай келесі сот отырысын тамыздың 16-сына қалдырды.

30 жастағы Әсет Нұржаубайға Қылмыстық кодекстің «экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу», “экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу” және “алаяқтық” баптары бойынша айып тағылған.

«Әсет Нұржаубай ісі» бойынша соттың осымен үшінші отырысы өтіп отыр. Алдыңғы сот отырысында прокурор Жәнібек Мамытов айыптау актісін оқыған. Сонымен қатар «алаяқтық» эпизоды бойынша жәбірленуші де сұралған.

Сот отырысының үзілісінде қамауда отырған Әсет Нұржаубай қолының білегінен жоғары тұсында тілгеннен қалған жараларын көрсетті. Нұржаубайдың айтуынша, ол білегін тергеу абақтысында тергеуші анасын да абақтыға жабатынын айтып, доқ көрсеткен соң өзіне қол салмақ болып тілген.

Польшада орналасқан «Ашық диалог» (Open Dialog) құқық қорғау ұйымы Әсет Нұржаубайды биліктің Астананы сынайтын әрі шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-мен күресі науқанына ілігіп кеткендердің бірі деп санайды.

Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар Әсет Нұржаубайды «саяси тұтқын» деп жариялаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.