Лондон Ресей Бас барлау басқармасының бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальді улауға күдікті деп таныған екі ресейлікті экстрадициялау туралы құжат дайындауға бірнеше апта немесе ай кетуі мүмкін. Бұл жайында Ұлыбритания үкіметіндегі дереккөзіне сілтеме жасаған The Telegraph басылымы хабарлады. Басылым дереккөзі үкімет күдіктіні қолға түсірудің барлық шарасын жасайтынын айтады. Дереккөздің айтуынша, Мәскеу өз азаматын экстрадициялаудан кез-келген сылтаумен бас тартады. Бірақ Ұлыбритания Ресейге қайтадан халықаралық деңгейде қысым жасауды қолға алуы мүмкін.

Лондонның Солсберидегі улауға қатысы бар деген күдікті екі ресейлікті экстрадициялауды талап ететіні туралы 6 тамызда британдық The Guardian газеті хабарлаған еді. Басылым мәліметінше, прокуратура ендігі экстрадиция құжаттарын дайындап қойған.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты я растап, я терістемеді. Ресей елшілігі The Guardian мәліметін «расталмаған ақпараттық қалдық» деп атады. Елшілік журналистерден ешқандай ресми үндеу алмағанын хабарлады.

Лондон мен Мәскеу қарым-қатынасы биыл 4 наурызда әкелі-балалы Скрипальдер Солсбериде уланған соң нашарлап кеткен. Лондон олардың СССР тұсында жасалған «Новичок» уынан уланғанын айтып, қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарады. Ауруханада ұзақ уақыт емделіп шыққан соң екеуіне де күзет қойылған. Ұлыбритания билігі олардың қайда екенін айтпай отыр.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.