«Әкімдер тиісті жазасын алмады»

607

Өскемен қаласының әкімі Қуат ТҰМАБАЕВТЫҢ бір ай ақысыз демалыстан кейін түк болмағандай қызметіне кірісуін Риддердегі жол апатында қайғылы қазаға ұшыраған Евгений СМОЛЬНИКОВТЫҢ әкесі Виктор СМОЛЬНИКОВ әділетсіздік деп санайды. Осы орайда ол «Жас алаш» тілшісіне хабарласып, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ПЕН пен Ішкі істер министрі Қалмұхамбет ҚАСЫМОВТЫҢ ұлының қазасына себепкер Риддер қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бауыржан ҚҰРМАНБАЕВ пен Өскемен әкімі Қуат Тұмабаевтың ісін тікелей өз бақылауына алғанын мәлімдеуі де құр сөз болып қалғанын жасырған жоқ.

Марқұм Евгений Смольников

-Қазір кімнің тірегі мықты соның дәурені жүретін заман екенін осының өзі-ақ көрсетіп тұр ғой. Сол күнгі жол апатын жасаған Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев пен қасында отырған Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың істегендері өмір бойы жүрегімде дық болып қалды. Енді ғана ер жетіп азамат болып қалған жалғыз ұлым Евгениді жол шетінде кетіп бара жатқанда мас күйінде келіп қағып өлтіргендердің біреуі жеңіл жазамен құтылып, екіншісі түк болмағандай қызметін жалғастыруы әділдік пе?! Облыс әкімі Даниал Ахметов пен Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың алғашында бәрін де өздері қатаң бақылауға алып, қылмысқа себепкерлердің лайықты жазасын алатындарына сендіргені де құр сөз болып қалды. Ұлымды қағып өлтіргенде машинаны Тұмабаев ары қарай мініп кеткені, Құрманбаевтың оқиға орынында қалғаны талай айтылды. Енді қараңыз сараптама нәтижесі машина рулінде Тұмабаевтың саусақ іздері жоқ екенін көрсетіп шыға келіпті! Қалай түсінуге болады?! Көлік иесі Құрманбаевтыкі түседі де, көлікті ары қарай жүргізіп оқиға орынынан бой тасалауды көздеген Тұмабаевтың саусақ іздері рулден қалайша өшіп кетеді немесе ұшты-күйлі жоғалып кетеді?!

-Атышулы оқиға барысын көрген риддерлік полицейлердің ісі туралы не дейсіз?

Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев. Фото: informburo.kz

-Не деуге болады?! Риддер қалалық ІІБ басшысы Бақтияров көп нәрсені жақсы білгенімен, ашық мәлімдеме жасаудан жалтарып отыр. Жол апатының қалай болғаны туралы бүге-шүгесіне дейін жазылып болды ғой. Тұмабаев оқиғаға аяқ астынан куәгер болып жедел жәрдем шақырған болып шыға келді. Ал полицейлердің бірі маған алғашында рулден оның удай мас күйінде түскенін айттты. Қарапайым ғана тұжырыммен қарасақ, ол ішпеген күннің өзінде біреудің көлігін еш себепсіз айдап әкетпейді ғой. Кісі өліп жатқан оқиға орынынан көлікті алып кетуінің өзі көп жайды көрсетіп тұр емес пе?! Сау екені анық болса, шақырған жедел жәрдемі туралы да айта алар еді. Мен Өскемен қаласы әкімінің айыппұлды төлеуден босатылуының өзіне не деп айтарымды білмеймін. Сақтандыру полисіне қатысты салынған айыппұлды төлеуге тырыспауының өзі оның азаматтық шамасының қандай екенін көрсетіп тұр.

-Жоғарыда сіз екеуін де кешіре алмайтыныңызды айтып қалдыңыз. Ал кейбір сайтта сіздің оларды кешіргені туралы да ақпарат таратуын қалай түсінеміз?

Риддер қаласы әкімінің бұрыңғы орынбасары Бауыржан Құрманбаев

-Мен осы іске кінәлілерді ешуақытта кешірген емеспін, тек Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, Құрманбаев пен Тұмабаев өздеріне лайықты жазасын алғанда ғана қанағаттана аламын. Өкінішке қарай, қазір өңір басшысы Ахметовтің айтқаны да құр сөз болып қалғаны аздай Тұмабаевтың қала әкімі қызметін жалғастыруына жол бергені мені қатты қынжылтып отыр,- деді Жас Алаш тілшісіне жалғыз ұлынан айрылған әке.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 15 сәуірінде Риддерде қала әкімінің орынбасары Бауыржан ҚҰРМАНБАЕВ ішімдік ішіп алып, BMW X5  автокөлігімен Евгений Смольниковты қағып өлтірген еді. Оның қасында болған тағы бір әкім Қуат Тұмабаев өлімге себепкер болған көлікті мініп кетіп қалған. Қымбат автоның сақтандыру полисінде Өскемен басшысының аты-жөні болмағандықтан, оған 10 АЕК ретінде айыппұл салынған. Алайда, бұл істе тек куәгер ретінде қатысқан әкім шешіммен келіспей сотқа шағым түсірген. Шененунік талабы қанағаттандырылды. 2018 жылдың 28 маусымында бұл іске қатысты Риддер қалалық сотының судьясы Татьяна ДРЕМЛЮХ үкім шығарды. Экс-шенеунік бар жоғы бір жылға сотталып, 5 жыл авто жүргізуге тыйым салынды.

Фото: zhasalash.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.