Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласындағы клиникалар тарапынан бірінші жарты жылдықта көрсетілген қызмет сапасын бақылау барысында бірқатар олқылықтар тапты. Мониторинг жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек 312 млн теңгенің қызметі кемшіліктермен көрсетілген. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Айтуынша, мониторинг барысында анықталған кемшіліктер негізінен емдеу-диагностика шараларының дұрыс жүргізілмеуіне қатысты. Кей жағдайларда медициналық қызмет бағасын негізсіз көтеру фактілері де орын алған.

«Кемшіліктің басым бөлігі стационарлық көмек көрсететін ұйымдарға тиесілі. Алматы қаласы бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде стационарлық көмекті 57 клиника көрсетеді. Ал, консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін 59 медицина мекемесі 3,7 млн теңгенің қызметін кемшіліктермен көрсеткен», деді Т.Әбілдаев.

Қор мәліметінше, жыл басынан бері еліміз бойынша 2,7 млрд теңгенің қызметі түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықтаған. Денсаулық сақтау саласындағы заңдар мен сатып алу туралы келісімшарт талаптарын бұзған медицина ұйымдарынан 65 млн теңге қайтарып алынды.

«Медициналық қызметтердің көлемі мен сапасы Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген талаптар бойынша жүргізіледі. Мониторинг негізінен «Медициналық қызмет сапасын басқару жүйесі» (СУКМУ) деп аталатын ақпараттық жүйе арқылы жргізіледі. Сонымен қатар, біздің мамандарымыз аталған ақпараттық жүйемен қамтылмаған емдеу ұйымдарын өздері барып тексереді», — деді Т.Әбілдаев.

Оған қоса, мониторинг жоспардан тыс та өткізілуі мүмкін. Оған пациенттер тарапынан түскен шағымдар негіз болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, қор биылғы жылдың бірінші жартысында халыққа тегін қызмет көрсеткен Алматыдағы медицина ұйымдарына 53,4 млрд теңге төлеген болатын. Бұл — оңтүстік астаналық 170 клиникамен бекітілген келісімшарттар сомасының 56 пайыздан астамы. Жыл соңына дейін оларға 94,3 млрд теңгеге жуық қаржы берілуі тиіс.

Фото: arnapress.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.