Шымкенттің полициясы қай дәуірде өмір сүріп жатыр?

3324

Шымкенттік көлік жүргізушілері патрульдік полиция қызметкерлерінің хаттама арқылы толтырған айыппұлын төлеуде әуре-сарсаңға түседі. Тәртіп сақшылары қара халықты ұмытып, алдымен өздерінің жағдайларын жасап алған. Хаттамалар арқылы айыппұл төлеу, эвакуторлар әкеткен көлікті айыптұраққа қою сияқты істердің төңірегінде күмәнді жайттар көп. Әлдебіреулер мұны бизнесіне айналдырып алған сияқты.«Жас алаштың» тілшісі осы мәселенің мән-жайына үңіліп көрген еді. 

Аялдамасы жоқ аялдама

Өткен аптаның жұмасында Шымкенттегі Тәшенов пен Майлықожа көшелерінің қиылысындағы көлік тұрағына қойып кеткен мәшинемнің орнын сипап қалдым.  Жақын жердегі асханада істейтін апайдан барып, мән-жайды сұрағанымда,  «өйбүй, інім-ай, сен бұл жердің аялдама екенін білмейтін бе едің?!» деді.  Шынын айтсам, білмейді екенмін. Өйткені бұл жерде ешқандай аялдама орнатылмаған. Бірақ 15-20 метр жердегі ағаш жапырақтарының арасынан  «аялдама» деген жол белгісі бар болып шықты. Әлгі апай маған «көп адамдар аялдама орнатылмаған соң білмей қала береді, бұл жерден әкетілген көліктерді «Водаканал» жақтағы айыптұраққа алып барады» деді. Айыппұл төлеудің «тар жол, тайғақ кешуі» осындай оқиғадан кейін басталды.

…Эвакуатормен әкетілген көліктерді алып баратын айыптұрақтың сиқы міне осындай. Пәлендей ерекшелігі жоқ.  Әйтеуір, айналасы қоршалған, ескі де болса ашылып-жабылатын қақпасы бар. Эвакуаторлар «тұтқындалған» көліктерді бірінен кейін бірін әкеліп тастап кетіп жатыр екен. Осы жерде менің көлігімді алып кеткен екі сержантпен тілдесудің сәті түсті. Олар көлікті 102 нөмірінен түскен шақыртумен алып кеткендерін айтты. «Хаттаманы ертең азанда өткіземіз» деді. Себебі тәртіп солай екен. Қысқасы, полицейлердің сөздерінен ұқанымыз, айыптұраққа кірген көліктер міндетті түрде осында кемінде бір күн «түнеп» шығуы тиіс екен. Сонда бұл не үшін қажет? Тұрақтағы қызметкерлер «айыппұлыңызды ертең таңертең ерте барып, «Кабискодағы» полицияға барып төлеңіз, болмаса, дүйсенбіге қалып кетеді» деді. Айыппұл төлеу үшін «тұтқында» отырған көліктегі барлық құжатты барып алу қажет екендігі айтпаса да түсінікті.

Аты мегаполис, заты…

 

Сайрам көшесінің бойындағы Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің ғимаратына таңертең ерте бардық. Айыппұл төлейтін орын ғимараттың артқы жағында орналасқан. Қақпа сағат 9-да ашылды. Бірақ полицейлер сенбі күні сағат тоғыз жарымнан бастап істейді екен. Тағы жарты сағат күтуге тура келді. Ғимараттың іші  кеңес одағы кезіндегі колхоздың сиыр фермасын еске түсіреді.

Есік деген атымен жоқ. Ашық тұрған терезенің арғы жағынан күл-қоқыс тастайтын контейнерлер көрінеді.

 

Бәрі қираған, алқа-салқасы шыққан, жамап-жасқалған. Полицейлер келушілерді аяғы талса, жерге аунап жата кететін мал сияқты көреді-ау. Аяқ басып отыратын орындық жоқ. Анандай жерде екі жағына екі шлакоблокты қалап, үстіне тақтай қойып, отыратын мынандай бір жай істепті.

Мұндай «жайлы» орындықты ешқандай мемлекеттік, халыққа қызмет көрсететін мекемеден кездестірмесіңіз анық. Сағат тоғыз жарымда терезені ашқан инспектор бізге эвакуаторлар арқылы толтырылған хаттамалардың түс қайта келетінін айтты. Аң-таң болдық.

-Хаттамаларды жол полициясы рәсімдейді, біздің оған қатысымыз жоқ,-деді. Сонда бір хаттаманы толтыру үшін инспекторларға бір тәулік қажет болғаны ма?

Жалпы осы жерге келген оншақты азаматтармен әңгімелесу барысында Шымкентте хаттама арқылы салынған айыппұл төлеудің азап екендігіне көз жеткіздік. Инспектор хаттама жазып, жүргізушінің қолына құжат береді. Жүргізуші оны екінші деңгейлі банктер немесе «Қазпочтаның» бөлімшілері арқылы төлейді. Осыменен іс бітті емес пе? Жоқ, айыппұлдың төленгені туралы түбіртектің түпнұсқасын осында-Шымкент қалалық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясына әкеліп өткізіп, ал көшірмесіне мөр басқызып алуы қажет. Әйтпесе айыппұл базадан өшірілмейді. Бір азамат осындай тәртіптен бейхабар екен.  Үстінен қозғалған әкімшілік іс сот орындаушыларына өтіп, ал сот орындаушылары жұмыс орнына хат жолдаған кезде бірақ білген.

-Мен айыппұлды әлдеқашан төлеп қойғанмын. Осында келіп міндетті түрде мөр бастыру қажеттігін қайдан білейін. Әйтеуір, адамды әуре сарсаңға салу. Осы жөнінде «разборка» жасау үшін келдім,-деді бізбен тілдескен азамат.

Бір қызығы, мемлекет полицейлердің өздерініше барынша жағдай жасап қойған ба деп ойладық. Шымкент қалалық ішкі істер департаменті ғимараты алдындағы мынандай қымбат қызметтік көліктерге қарап, адамға осындай ой келеді екен.

Өкінішке қарай, әкімшілік полиция бізді де табанымыздан тоздырды. Осы жерден білгеніміз, эвакуаторлар алып кеткен көліктерге салынған айыппұлды төлеу үшін бірнеше құжат даярлау қажет . Бұл құжаттардың тізімін тәртіп сақшылары ғимаратқа іліп қойған екен

Жеке куәліктің, жүргізушілік куәліктің, техпаспорттың, сақтандыру полисінің көшірмелерін алу қажет. Ең қиыны, процессинг орталығына барып, фоторадарлар арқылы салынған айыппұлдан қарызы жоқ деген анықтама алып келуіміз тиіс. Ал аталған орталық қаланың сырт жағында орналасқан. Барып-келу көп уақытты алады.

Айыппұл төлегісі келген азаматтарды мұншалықты әуре-сарсаңға салудың сырын білу үшін Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің басшыларымен тілдестік. Бастықтың орынбасары Алмас МЫРЗАХМЕТОВ бізге:

-Сіз жол ережесін бұзбаңыз, сонда ешқандай проблема болмайды,-деген жақсы ақыл айтты.

-Жүргізушілерді неге табанынан тоздырып, әуреге саласыздар, неге олар айыптұрақ пен процессинг орталықтың және әкімшілік полицияның арасын жол қылып, құжат жинауы қажет,-деген сауалымызға орынбасар тәртіптің солай екенін, жүргізушінің айыппұлдан ешқандай қарызы жоқ деген анықтаманы талап ету прокуратураның нұсқауымен жүргізілетінін айтты. Яғни, адамды әуре-сарсаңға салуға прокуратура кінәлі болып шықты.  

-Сонда өздеріңізде айыппұл базасы жоқ па?-деген сауалға А.Мырзахметов тек хаттама арқылы толтырылған айыппұлдармен айналысатынын жеткізді.

Қазір көліктің айыппұлы бар-жоғын интернет арқылы да білуге болады. Тіпті мұны ұялы телефонға жүктеп алатындар бар. Білуімізше, Қазақстанның кейбір қалаларында әкімшілік хаттамалар электронды түрде толтырылады. Өркениеттің, техниканың  осындай тамаша мүмкіндіктерінен шымкенттік полицейлердің мақұрым қалғанына амалсыздан бас шайқап, процессингтік орталыққа тарттық. Орталыққа алып барып, қайта әкеліп тастайтын таксилерді табу қиындық тудырған жоқ. Бағасы бір жарым мың теңге, бір сағатқа жуық уақытыңыз кетеді. Процессингтік орталық қызметкерлері  базадан тексеріп, қарызыңыз болмаса, техпаспорттың көшірмесіне титтей мөр басып береді екен. Әкімшілік полицияның талап еткен анықтамасы осы.

Тәулігіне 650 теңге

Қайтып келіп, құжаттарды «терезеге» өткізген соң инспектор қолыңызға айыппұлды төлейтін құжат береді. Оны алып, жақын жердегі мейрамхананың бір бұрышында орналасқан банк кассасына барасың. Қызмет ақысы 400 теңге. Құжаттарды, түбіртекті ксерокөшірмеден өткізу қажет. Қысқасы, айыппұл төлейтін бір адамның арқасында біраз адам нан жеп отыр.  Осыдан кейін барып әкімшілік полицияның қызметкері қолымызға сыртына үш мөр басылған құжат берді. Осы құжатпен көлігімізді айыптұрақтан шығарып алдық.

Әрине, айыптұрақ қызметкерлері көлікті тегін шығармайды. Көлік тұрағының ақысын төлеу керек. Өйткені ол жекеменшік.  «Нанның» ең үлкен бөлігі осы айыптұрақтың иесіне тиесілі болып шықты. Көлік тұрағының ақысы тәулігіне 650 теңге. Көліктің тұрғанына бір тәуліктен асып кеткен соң  1300 теңге төлеуге тура келді. Қызметкерлер ақшаның төлегені туралы ешқандай чек бермейді екен. Кассалық аппаратты да көзіміз шалмады. «Чек бермейсіздер ме?» деген сұрағымызға «жоқ, бермейміз» деп жауап берді.  Қазір Шымкентте көлік тұрақтары тәулігіне 200 теңге алады. Соларға  650 теңге төлесеңіз, көлігіңізге шаң қондырмайтын, күн түсірмейтін жағдай жасап берер еді. Ал мынандай тұрақты Шымкент қалалық полициясының не үшін таңдап алғаны тіптен ақылға сыйымсыз. Несіне қызықты екен? Бұл кімнің бизнесі? Ақша кімнің қалтасына барып құйылады? Полиция басшыларының ба?   Естеріңізде болса, жуырда Шымкентте осындай бір айыптұрақтан өрт шығып, ондаған көлік жанып кетті.  Мына айыптұрақтың да сондай бір оқыс жағдайға душар болмасына кім кепілдік бере алады? Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің жуырда тағайындалған басшысы  Ералы Жұмаханбетов пе?

 Жуырда Шымкентте көлік рәсімдеу мен жүргізушілік куәліктерді берумен айналысатын тіркеу-емтихан бөлімін қара базарға айналдырған 38 әкімшілік полиция қызметкерінің ісі сотқа түсті.  Олар екі жыл бұрын ұсталған болатын. Өкінішке қарай, осындай шулы істен кейін де Шымкенттің әкімшілік полициясы ес жинамапты.  Жабайы, жөнсіз тірліктер әлі жалғасып жатыр. Ал жабайылық пен жөнсіздіктің арғы жағында жемқорлық жатқан жоқ па?

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.