АҚШ-тың Ресейге Ұлыбританияда ресейлік бұрынғы барлаушы Сергей Скрипальге химиялық қару қолданғаны үшін санкция салатыны туралы хабары әлемдік нарықта рубль мен ресейлік акция және облигациялар құнын күрт түсіріп жіберді.

Ресей валютасының долларға шаққандағы бағамы 3,1 пайызға құлдырап, бір доллар 65 рубль 55 тиын болды. Бұл — 2015 жылдың қарашасынан бергі ең төменгі көрсеткіш. 9 тамызда Азиядағы қор нарықтарында да рубль бағамы төмендеді.

РТС индексі 8 тамызда 3 пайызға арзандады. Рубль мен ресейлік акциялар және облигациялар бұған дейін де БАҚ-та АҚШ конгресмендері Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға ықтимал киліккеніне жауап ретінде «ауыр санкциялар» салуды ұсынғанын хабарлаған соң-ақ ақырындап арзандай бастаған.

Конгресмендер ұсынған заңға өзгерістер жобасында Ресейдің сыртқы қарызына қатысты санкция салу қарастырылған. Бұл Ресей экономикасына ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Алайда, қаржы сарапшылары конгресс заң жобасын дәл осы күйінде қабылдап, оған президент Дональд Трамп қол қоюы екіталай деп есептейді. «Сыртқы қарызға қатысты санкция — соңғы тетік болмақ. Санкция корпоративтік облигациялар мен жеке адамдарға салынуы әбден мүмкін» деді Bloomberg агенттігіне берген комментариінде AllianceBernstein инвестициялық компаниясының дамушы нарықтардың бағалы қағаздары жөніндегі директоры Шамаила Хан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.