Жас Алаш газетінің өткен сандарының бірінде журналис Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫНЫҢ Орталықазиялық демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВАМЕН сұхбаты жарияланған еді. Айтары бар белгілі саясаттанушының әңгімесінің бір үзігін сайт оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік. 

«Қасымовты қызметте енді көп ұстамайды»

 – Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін әлеуметтік желідегі азаматтық қоғам ішкі істер министрлігінің реформасы мен министр Қ.Қасымовтың отставкасын талап етіп жатыр. Қайғылы қаза өзгерістерді талап етуге түрткі болған себеп қана, шын мәнінде халық наразылығының себептері тереңде жатыр деген тұжырыммен келісесіз бе?

– Әртүрлі министрліктер, әкімдіктер, тіпті ауылдық жердегі жергілікті басқару органдарына халық күнде көмек сұрап бара бермейді, жылына бір рет баруы мүмкін. Ал полициямен халық күнде бетпе-бет келеді. Әр адамның полицияға ісі түскен және әркімнің полицияға бүккен қарсылығы бар. Халық бетімен кеткен полициядан шаршады. Полицияның өзім білермендігі, бассыздығы,  бармақ басты көз қыстыға салуы, қысқасы, жауапқа тартылмайтынын біліп тайраңдауы оны жазалаушы органға айналдырып жіберді. Ең бастысы, адамды қылмыскерден қорғау орнына адамды қорлайтын қылмыскердің нақ өзіне айналды. Қоғамда наразылық біртіндеп жиналып, бір күні шығатын арнасын тауып, бұрқ ете қалады. Яғни қоғамда пісіп-жетілген қарсылықтың сыртқа шығуына белгілі бір себеп түрткі болатыны түсінікті. Бұған дейін ол себеп жер мәселесі болса, қазір ол –  құқық қорғау органдары. Тоқетері, полицияға деген қарсылық бар, бұл бір, екіншіден, елдегі жалпы ахуалға қарсы наразылық өршіп тұр.

Меніңше, Қасымовты отставкаға кетіру мәселесі 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін көтерілуі керек еді. Өйткені Қасымов еңбекақысын талап етіп ереуілге шыққан мұнайшыларға қарсы айдың күні аманда полицияның оқ жаудыруына жол берді. Қасымов шын мәнінде өз ісінің маманы болса, осыдан кейін-ақ өз еркімен қызметінен кетер еді. Оның қызметкерлері сырттан жау шаппаған бейбіт күнде өз халқына қарсы оқ атты. Кейін Ақтөбедегі оқиғалар кезінде құқық қорғаушылар 15-16 жастағы балалардың көзін жойды. Қызығы, Қасымовтың өзі «күдіктілердің көздері жойылды» деді, яғни оларға тағылған кінә дәлелденбеді де.

– Қасымовты отставкаға жібере ме?

Қоғам ары қарай табандап талап етсе, жаңа жылға қарай қызметінен кетірер. Президент әр уақытта да шешімді өз бетінше қабылдайтынын көрсеткісі келеді, сондықтан қазір қоғам қысымымен Қасымовты кетірмеуі мүмкін. Бірақ шу басылған соң, отставкаға кетіреді деп ойлаймын.

Жалпы, полицияға тоқталар болсақ, онда кімдерді жұмысқа алғанына қатысты сұрақ көп. Меніңше, құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасатын адам алдымен оқудан өтіп, заңдарды білетінін дәлелдеп, адамды құрметтеп үйренуі тиіс. Ал қазір білім-біліктілікті талап ететін жұмысқа қабылданбай қалғандар құқық қорғау органдарына жұмысқа барады. Себебі полиция боламыз деушілер білім-білігі болмаса да, бастысы, адамды қорлап кемсітетін бетпақ болса болды. Бұл ретте  құқық қорғау органдарының концепциясын өзгерту керек деп есептеймін.  Ол заңдылықты сақтайтын, ең бастысы, адамды қорғайтын институтқа айналуы тиіс.

Тіпті элита өз мәселесін шешуге құқық қорғау органдарын пайдаланатын жағдайлар болған. Мәселен,  Ratel.kz сайтына келгенде, құқық қорғаушылар бүкіл заңды бұзып, журналистерді бір күн бойы бөлімшеде ұстады. Сонда бизнесмен Кәкімжановтың мүддесі неге журналистердің мүддесінен басым болуы тиіс? Әрі-беріден кейін онымен құқық қорғау органдары емес, сот айналысуы керек емес пе?! Полицияның бұған қандай қатысы бар?

Түптеп келгенде, полицияның әрекет ету аясын тарылту керек. Қазақстан өзінің әскери концепциясында құқық қорғау органдары тек қорғаныс үшін ғана қажет екенін көрсеткен. Біз ешкімге шабуыл жасамайтын, президент айтқандай демократиялы ел болсақ, құқық қорғау орындары қазіргі мән-маңызға ие болмауы керек, полицейлердің саны қазіргідей көп болмауы тиіс. Десек те бізде кеңестік кезеңдегідей құқық қорғау органдарына арқа сүйейтін тоталитарлы жүйе әлі де жалғасып жатыр. Жалпы, құқық қорғау органдарының рөлі мен маңызына қарап, саяси жүйені бағалауға болады. Егер күштік құрылымдар ерекше маңызға ие болып, жазалаушы функциясын атқарса, демократия туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Тағы бір ескеретін нәрсе, құқық қорғау орындары биліктен тәуелсіз болуы шарт. Өйткені билікке әртүрлі топтар, күштер келуі мүмкін, бірақ құқық қорғау жүйесі тек азаматтардың мүддесін қорғауы тиіс.

– Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше. Биліктің өзі құқық қорғау орындарына сүйенеді, тіпті халықтан полицейлер арқылы қорғанады.

Иә, дәл солай. Өйткені биліктің өзге арқасүйері жоқ. Экономикалық жүйедегі реформалардың ешқайсысы аяғына дейін жетпей, күл-талқаны шықты. Мемлекеттің халық қолдауына ие болып, елдің сүйкімін жинайтындай бағдарламасы жоқ. Өйткені бүкіл жүйе жемқорлыққа батқан. Мемлекет байлықтың 50 пайызы халық арасында бөлінгенде ғана дамыған болып есептеледі. Ал бізде байлықтың 90 пайызы бір пайыз дәулеттілердің қолында шоғырланған. Демек, қалған 10 пайызы ғана халыққа тиесілі. Ондай кезде, әрине, мемлекет халық қолдауына ие бола алмайды. Еуропа мемлекеттерінде халықтың 90 пайызы байлықтың 60 пайызына ие, қалған бөлігі ірі компаниялар арасында бөліске салынған.

– Жер митингілері мен құқық қорғау органдарына қарсы наразылық қазандағы буды шығарудың жолы дедіңіз. Қоғам ашу-ызасын әзірге осындай жолдармен шығарып жатыр, бірақ алдағы уақытта бұдан да үлкен жарылыс бұрқ ете қалуы мүмкін бе?

–  Әбден мүмкін. Қазір азаматтық қарсылық жүріп жатыр, әзір «мына билікке тойдық, оны төңкерейік» дейтін саяси қарсылық жоқ. Бірақ мемлекет осы мәселелерді шешпесе, бұл ерте ме, кеш пе, саяси наразылыққа ұласады. Бір күні болмаса бір күні осы шешімдерді қабылдайтын кім деген сұрақ қылтияды. Ал шешім қабылдайтын элита. Демек, элита мемлекет қаржысын талан-таражға салуды қоймаса, оны кетіру керек деген мәселе көтерілмек. Халық бір күнде төңкеріс жасай алатын үлкен күш.

Фотолар: akorda.kz, exclusive.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.