«Қазконтент» медиа компаниясы директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Константин Горожанкиннің үстінен оның әлеуметтік желіде білдірген комментариіне байланысты іс қозғалды. Компанияның басқарма төрағасы Евгений Кочетовтің Facebook-те хабарлауынша, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Горожанкиннің үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-тармағы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын бастаған.

Горожанкин 6 тамыз күні Facebook-те Түркістан облысының Абай ауылындағы «зорланған баланың» ісі тоқтатылғаны туралы жазбаға «Қазақстанда 19-ғасырдағы жергілікті халық арасындағы гомосексуализм себептері» туралы білдірген. Оның пікірі әлеуметтік желіде қарсылық тудырып, дауға айналған. Горожанкин кейін аталған пікіріне түсінік бергенімен, наразы қолданушылар оны қабылдамаған.

Евгений Кочетовтің жазуынша, Ақпарат және коммуникация министрлігі Горожанкиннің пікірі бойынша Ішкі істер министрлігіне хат жолдаған. Кочетов Горожанкиннің пікірі «Қазконтент» компаниясының жұмысымен үйлеспейтінін айтып, оның директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелігінен шығарылғанын мәлімдеді.

Азаттық Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне Горожанкиннің үстінен іс қозғалғаны туралы білмек болып хабарласқанымен, телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.