Бүгін “Саяхат” шағын базарының сүрілуіне қарсы саудагерлер ереуілге шықты. 2007 жылы сүрілген “Саяхат” автобекеті сүріліп, жартысы бүгінде шағын жайма базарға айналған. Енді мұнда ірі сауда орталығы бой көтермек.  Ал базардан нәпақасын тауып жүрген жұрт базар әкімшілігі “осы жылдың соңына дейін сүрілмейді. Сіздер қала бересіздер” деген. Сондықтан  ешқайда кетпейміз деп отыр. Бұл туралы Жас Алаш тілшісі хабарлайды.

Саудагерлер ереуілге шықты

«2018-2020 жылға дейін осы маңда базар болады деп бізді 2011 жылы кіргізген болатын. Сөйтіп осы жердің салығын, арендасын тіпті қоқыс тазалауға кететін ақшаны да төледік. Сауда –саттық жасау үшін несие де алдық. Маусымның бесі күні базар әкімшілігінен адамдар келіп мұнда ешқандай базар болмайды. Бұл жеке меншік жер деді.  Ал қала әкімдігі де біздің сөзімізге құлақ асып отырған жоқ», – дейді сатушы Манар БЕЙСЕМБЕКОВА.

Саудагерлер ереуілге шықты

Саудагерлер базар әкімшілігі тарапынан қоқан-лоқы жасалғандарын да айтады. Алдын ала бір жылға аренда ақшасын да төлепті. Журналисттерге наразылығын білдірген жұртқа «Саяхат-Инвест» компаниясы өкілдері келіп мәмілеге келмекші еді қос тарап келісімге келе алмады.

Саудагерлер ереуілге шықты

«Бұл әуел бастан сатып алған «Саяхат-Инвест» компаниясының жеке меншік жері. Құжаттары толық. Қазір жоба бойынша мұнда ірі үйлер, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында үлкен құрылыстар түседі. Ал мұндағы жайма базардағы саудагерлер заңсыз сауда жасап отыр. Одан мемлекетке, үкіметке, тіпті, компаниямызға да ешқандай салық төленіп жатқан жоқ. Бұл базар сүріледі. Мұндағы базардың орынын “Саяхат-Инвест” компаниясынан ИП Ильина дейтін жеке меншік компания жалға алған. Ал ол келісім шарттың уақыты бітті. Шағын саудагерлер мен  “Саяхат-Инвесттің” арасында ешқандай келісім-шарт жоқ. Оны біз білмейміз. Бастысы жер біздің иелігімізде. Олар сол Ильина деген компанияға арендасын төлеп жатқан шығар», — дейді компания қызметкері Бөкен ТӘЖИЕВ. 

Саудагерлерге басқа сауда орталықтарынан орындар ұсынылыпты. Бірақ ұсынысты ешкім қабыл көрмеген. Жас Алаш тілшісі осы дауға қатысты Жетісу аудандық әкімшілігіне барғанымен түсініктеме беруге ешкім құлық танытпады.

1963 жылы салынған “Саяхат” автобекеті еліміз тәуелсіздік алған соң жекешелендірілген. Тоғыз жолдың торабына айналған Саяхат әлі күнге дейін қала тұрғындары үшін маңызды орын. Ірі сауда кешені салынса да қала көркіне сән қосары анық. Шілде айында базар сүріліп, құрлыс жұмыстары басталуы керек болған. Одан бері бір айдан аса уақыт өтті. Саяхатттың осындағы он жылдан бері сауда жасап жатқан шағын саудагерлер үшін маңызы тіпті де зор. Олар бұл орыннан ешқайда кетпеу үшін тіпті аштық жариялауға да дайын екендіктерін айтып отыр.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.