Атырау облысына жақын шетелдерден келген жұмыс күшінің арасында иммун тапшылық вирусы инфекциясын (ВИЧ) жұқтырғандардың болуы аймақтағы көрсеткішке теріс әсер етіп отыр. Былтырғы алты айда қауіпті вирусты жұқтырған он адам тіркелсе, биыл бұл дерек 16-ға көбейген. Облыстық ЖИТС-пен (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) күрес және алдын алу орталығының бас дәрігері Нұрғабыл АЙТМҰХАМБЕТОВ бұл мәселені уақыт ұзартпай заң жолымен шешу керек деген пікірде.

Атырауда ВИЧ-ке шалдыққан шетелдіктер көбейіп барады

-Біріншіден, бұл азаматтар өздерінің науқас екенін білмейтін болып шығады. Екіншіден, Қазақстанда олардан бойында қауіпті вирус бар-жоғы жөніндегі анықтама талап ететін заң жоқ. Біз жақында бизнес құрылымдардың өкілдеріне «Сіздер ондай заң болмаса да шетелдіктерді бізге тексеруге жіберіп отырыңыздар деген ұсыныс айттық. Енді осы мәселені миграциялық қызметтің алдына қойғымыз келіп отыр. Қазір аймақта жұмыс жасап жатқан гастербайтерлердің жергілікті қыз-келіншектермен қосылып, балалы болып, содан ВИЧ жұқтырған деректері тіркеліп отыр. Жағдайдың алдын алып, әрі қарай таралуына жол бермеуіміз керек, — дейді Нұрғабыл Айтмұхамбетов.

ҚР Парламентінде басқа елден келген азаматтардан иммун тапшылық вирусы инфекциясына анықтама талап ету жөніндегі ұсыныс бір рет қаралып, қабылдаудан бас тартылған екен. Халық қалаулылары адамдардың «мұндай медтексерістен анонимді өтуі керектігін» алға тартқан. Қазіргі күні аймақтағы еңбек мигранттары үш айда бір рет құрт ауруына тексеріледі. Қомақты айыппұл төлеуден қашқан жұмыс берушілер оларды туберкулез диспансеріне тұрақты әкеліп тұрады екен.

Атырау облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан білгеніміз, шетелдерден заңды түрде жұмыс күшін квотамен алдыратын шетелдік компаниялар қызметкерлерін келгеннен кейін, өздерінің ішкі ережелеріне сай, толық медициналық тексерістен өткізіп алады. Соның ішінде, ВИЧ-инфекция жөніндегі анықтама да болуы мүмкін. Ал шағын мердігер мекемелер мен еш жерде тіркелмей нәпақа тауып жүрген гастербайтерлер ше? Олар үшін өздерінен басқа, ешкім жауапты емес.

Атырауда ВИЧ-ке шалдыққан шетелдіктер көбейіп барады

-Шетелдіктерден ВИЧ-инфекциясы жөніндегі анықтаманы талап ету еңбек заңдылығында жоқ. Меніңше, бұл — денсаулық саласына жауапты ведомоствоның құзіретіне кіретін жұмыс. Шекара асқанда, жұмысқа тұрғанда талап етілетін медициналық формалар бар. Сондағы тізімге осындай анықтаманы енгізу керек. Әйтпесе, оны «Еңбек туралы заңға» кіргізу тетігін көрмей тұрмын, — дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВ.  

Қазіргі күні Атырау облысындағы СПИД-орталығында 15-49 жас арылығындағы 179 адам есепте тұр. Мұнайлы өңір бұған дейін ВИЧ деңгейі жағынан республика бойынша соңғы орындарда болып келген. Аймаққа ағылған шетелдіктер бұл көрсеткішке кері әсерін тигізіп тұр.

Фото: knowledge

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.