Талдықорғанда 2 млрд. теңгеден аса қомақты қаржыға салынған оқу орнының ғимараты үшін талас басталды. Оңтүстік-батыс тұрғын ауданында салынған су жаңа ғимарат жетісулық дарынды балаларға арналған Мұхтар Арын атындағы №24 мектеп  лицейіне берілмек деген әңгіме шығып, «дарынсыз» балалардың ата-аналарының наразылығын тудырып отыр. Лицей оқушыларының  әлі күнге тозығы жеткен кеңестік ғимаратта отырғандығы да рас. Соңғы сөз облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТА.

6-7 шағынаудан тұрғындарының айтуынша, жаңа мектеп дарынды балаларға арналған лицейге берілсе, бұл аумақтың бүлдіршіндері күн сайын жол азабын тартпақ. Бұлай болғанда, олардың ертелі-кеш жол бойындағы қауіпсіздік мәселесі де бар.Осы сәтте  түйіткілдің түйінін іштей шешіп келгендей сенімді жауап қатқан әкім жаңа мектептің аталған лицейге берілмейтінін жеткізді.

Алайда А. Баталовтың бұл пікірі жаңадан құрылған шағынаудандардың тұрғындарын қуантқанымен, жаңа ғимаратқа көшеміз деген лицейліктердің үкілеген үмітін үзіп тынғандай… Кезінде Талдықорған шаһарының экс-әкімі болған Ермек АЛПЫСОВ лицейге арнап жаңа ғимарат салынатынын айтса, ағымдағы жылдың мамыр айында қаламыздағы мәдениет сарайында өткен  «Анаға тағзым» атты мектептің мерекелік іс-шарасында экс-әкім Бағдат ҚАРАСАЕВ та лицейдің жаңа ғимаратқа көшетінін айтқан-тын. Ал осы іске қатысты шаһардың қазіргі әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВТЫҢ ойын білу үшін қалалық  баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, олар өздерінің бұл мәселемен айналыспайтындығын жеткізді.

Республика бойынша білім деңгейімен үздік үштікке енген, биылдың өзінде грантқа түсу көрсеткіші 100 пайыздық нәтижені көрсеткен оқушылар үшін ескі ғимараттан суырып алған еңсесін қайта бастыру – нағыз әділетсіз шешім екені рас. Әрине, бұл олардың жаңа мектепті өзгеге қиғысы келмеуінен туған наразылық болмаса керек. Оған өңірдегі «Жас Алаш» тілшісіне хабарласып, өз аты-жөнін айтпауды өтінген мектеп оқушыларының орынды пікірі дәлел деуге болады. Онда оқушылар кеңес заманынан «мирас» болған оқу ордасына табаны күректей 25 жыл бойы бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін, соның салдарынан өз қатарластарының қыстың күні курткамен отыруға мәжбүр, зертхана мен стадионға зәру екенін жеткізеді.

Қордаланған жайға байланысты аталмыш білім ордасына барып, ондағы жауапты тұлғалармен жолығуға ниеттенгенімізде, талпынысымыз сәтсіз болып шықты. Өйткені, бізді кірер есіктен «күтіп алған» мектеп қызметшілері: «Сіздерге мұнда ешкім жауап бермейді. Директор жоқ. Рұқсатсыз түсірсеңіздер, сотқа береміз» деп қорқыта сөйлеп, ізінше біздің ауладан шығуымызды бұйырды да, оқу ордасының есігін тарс бекітті.

Өзі де осы мәселенің мән-жайына қанығуды көздеп келген  мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мониторинг тобының маманы Қайрат НҰРМАХАНОВ  бұл шешімнің дұрыс еместігін айтып берді.

Екі миллиардқа салынған мектеп үшін талас

«Бұл ғимарат әуелден білім ордасына лайықтап салынбаған. Әкімшілік қызметке лайықталған. Сол себепті де нысанның ішкі кабинеттерінің орналасуында ешқандай жүйелілік жоқ. Тіпті, қауіпсіздік мәселесі де толыққанды қанағаттандырылмаған», – дейді ол.

Үнемі құрылыстың сапасына, оның қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлуімен жетісулықтар тарапынан «құрылысшы әкім» деген атқа ие болған  Амандық Баталовтың бұл мектептің жайынан хабарсыз болуы мүмкін болмаса керек. Себебі, аймақ басшысы білім нысандарының құрылыс жұмыстарын тексеру мақсатында арнайы жұмыс тобын құрған болатын. Сол жұмыс тобы мүшелерінің құрылыс нысандарын аралауда аталмыш жаңа ғимараттың №24 мектеп лицейіне тиесілі екенін айтқан еді. Бұған облыстық «Жетісу» газетіндегі: «Талдықорған қаласы тұрғындарының назарындағы нысан оңтүстік-батыс тұрғын аумағындағы 1200 орындық орта мектеп.  Ғимарат Мұхтар Арын атындағы №24 лицейге берілмекші» деген мақала дәлел. («ЖАҢА МЕКТЕПТЕР УАҚЫТЫНДА БЕРІЛЕДІ». Гүлжан ТҰРСЫН.)

ОСЫ РЕТТЕ аталмыш мектепке  бюджет қоржынынан 2 млрд 134 млн 726 мың теңге бөлінгенін де айта кету керек. Осындай қомақты қаржы бөлінген ғимарат дизайнының даралығын, орналасу орнының (Алматы-Талдықорған тасжолының бойы – Қ.Қ.)  маңыздылығын айтпағанда, білім ошағында  аспан әлемін алақандағыдай көрсететін телескоп орнатылған арнайы орын мен түрлі зертханалық кабинеттер де қарастырылған. Әрі 1200 орындық мектепті жаңа құрылған шағынаудандардағы балалар есебімен толтыру мүмкін бе?!

Осы орайда облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат ЖҮКЕЛГЕ хабарласып, істің мән-жайын білген едік.

«Аталған мәселеге орай әлі түбегейлі шешім шықпады. Дүйсенбі күні осы іске қатысты облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен арнайы жиын өтеді», – деп мәлім етті баспасөз хатшысы.

Фотолар автордікі және әлеуметтік желіден алынды. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.