«Жас Алаш» газетінің өткен сандарының бірінде журналист Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫНЫҢ Орталықазиялық демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВАМЕН сұхбаты жарияланған еді. Айтары бар белгілі саясаттанушының әңгімесінің бір үзігін сайт оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік. 

«Мемлекетті сатсаң – жеңіл жазаланасың»

 –Өткенде Қасым-Жомарт Тоқаев BBC-дің HardTalk бағдарламасына берген сұхбатында келесі президенттік сайлау Н.Назарбаевсыз өтуі мүмкін екенін айтып қалды. Бұған қандай баға бересіз?

Мұны саяси элита ішінде жүріп жатқан ойын деп бағалаймын. Элита осындай мәлімдемелер арқылы ахуалға әсер етуге тырысып жатыр. Тоқаев мәлімдеме жасап еді, артынша оны теріске шығарды, оған Ақпарат министрі үн қосты. Меніңше, бұл элита арасында келісім жоқ, күрес жүріп жатқанының айғағы. Егер бәрі бір ауыздан Тоқаевты қолдаса, онда президент расымен келесі сайлауға бармайды, мұрагер белгіленіп қойылды, элита топтары бір үміткерге тоқтады деп топшылауға болар еді. Бірақ қарама-қайшы пікірлер айтылғанына қарағанда, элита келісімге келген жоқ.

Алайда Тоқаев өте сақ адам, ол әлгіндей салмақты мәлімдемені құр бекерге жасамайды.  Оның үстіне ол дербес саяси ойыншы емес, президенттің айтқанымен жүріп-тұратын тұлға. Сондықтан оның мәлімдемесі президентпен келісілген әрі осы жайт бәрін іркіп тұр. Президенттің әккі саяси ойыншы, саяси ойындарда көп-көрім тәжірибесі бар, сол себепті бұл мәлімдеме құр бекер айтылмағаны хақ. 2020 жылға дейін элита келісімге келе алса, президент сайлауға түспеуі мүмкін. Оған дейін әлі уақыт бар, бәлкім, президент осы мәселені шешу үшін әлгіндей мәлімдемені әдейі тастап қоюы мүмкін. Оның үстіне адамның жасы деген табиғи фактор дегенді ешкім сызып тастай алмайды. Демек, бұл мұрагерді анықтап, келісімге келетін шешуші кезең. Әрі қоғамдағы қарсылық көрсеткіші жоғары. Тіпті, Денис Теннің өлімінен кейін Қасымовты кетіру мәселесі тегіннен-тегін көтерілген жоқ, меніңше,  осы оңтайлы сәтті пайдаланып, Қасымовты кетіргісі келетін топ бар.

– Элита келесі президент  сайлауына дейін келісімге келіп, бір мұрагерге тоқтайды деген қаншалықты мүмкін нәрсе?

Оны болжау қиын. Дегенмен элита билікте қалғысы келсе, келісімге келуден басқа амалы жоқ. Әйтпегенде, басқа саяси күштер пайда болмақ. Мәселен, «Жаңа Қазақстан». Тіпті «Жаңа Қазақстан» президент әкімшілігімен келісіп құрылған дегеннің өзінде, олардың өз электораты бар.

Меніңше, элита қазірдің өзінде транзитте кім қандай рөл атқарады, қандай өкілеттіліктерге ие болып, қандай саланы басқарады дегендей ойын ережесін талқылап жатқан сияқты. Өйткені президент кім болса да, ол бәрібір барлық элита топтарының мүддесін ескеруге міндетті. Егер элита салалар мен өкілеттілікті бөліп алып келісімге келсе, болашақ президент осы ережені белгілі бір уақытқа дейін, билігі күшейгенше ұстап тұруы керек.

– Өкілеттіліктерді бөлу демекші, ҰҚК төрағасы К.Мәсімовтің өкілеттіліктері кеңейді. Соған қарап К.Мәсімов транзит кезеңінде элита арасын реттеп, келіссөз жүргізетін модератор болады деген болжаммен келісесіз бе?

– Мәсімов ҰҚК-ны басқаратындықтан, көп нәрсе оған байланысты екені түсінікті. Алайда Бағлан Майлыбаевтың басындағы жағдай К.Мәсімов соншалықты мықты екенін көрсетпейді. Жоғары лауазымды шенеунік тұтқындалғанда бүкіл елдің алдында ол мемлекетке сатқындық жасапты деген мәлімдеме жасалды. Былай қарағанда, мемлекетке сатқындық ең қатал жазаланатын қылмыс. Десек те артынша Майлыбаев тек бес жылға сотталды, соған қарағанда Мәсімов соншалықты ықпалды, қауқарлы, салмақты тұлға емес. Сондықтан ол тек ҰҚК-ны басқарғандықтан, шексіз ықпалға ие демес едім. Оған салмақты рөл беріледі деп те айтпас едім. Меніңше, ара ағайындық рөліне одан гөрі салмақтырақ, сенімге көбірек ие тұлғалар бар.

 – Мысалы, кімдер?

– Ол Отбасы өкілдері болуы мүмкін. Олар бұл орынға көбірек лайықты деп тұрғаным жоқ, олар анағұрлым ықпалды дегенді меңзеп тұрмын. Бұл ретте Дариға Назарбаева ғана емес, Отбасында осы рөлді ойнай алатын өзге тұлғалар жетерлік.

–  Жоғарыда «Жаңа Қазақстан» форумы туралы айтып қалдыңыз. Олар сайлауалды науқаны кезінде емес, өліара тыныштықта жоқ жерден неліктен пайда болды?

– Сырт көзге олар жоқ жерден шыға келгендей көрінгенімен, білуімше, олардың арасында партия құру жөніндегі ойлар бұрыннан талқыланып жүр. Тіпті Facebook-тегі партия құру туралы идеялар айтылған. Өйткені Әміржан Қосанов партиясыз қалды, Серікжан Мәмбетәлиннің де өзіндік амбициясы бар. Ал қазір саяси ортада партиясыз ештеңе істей алмайсың, саяси процестерге қатысу үшін партияң болуы шарт. Парламент, мәслихат сайлауына партиясыз қатыса алмайсың. Қазір партия ретінде тіркелу қиын, бұдан бөлек олардың өздері де ұйым жабылып қалмауы үшін, өздері қамауға алынбауы аса сақ түрде әрекет етті. Осылайша билік белгілеген ойын ережесіне көндігуге мәжбүр болды. Десек те билікке ашық қарсы шықпаса да, ойларын айтып, қолдарынан келгенше әрекет етіп жүр. Әйтеуір саяси күш ретінде танылып, келеді. Алайда бір қызығы, форумға әрқилы бағыттағы тұлғалар кірген, ақыр соңында партия құрса, ол қандай бағыттағы партия болады, бағдарламасы қандай болмақ, осы жағы сұрақ тудырады.

– Транзит кезеңінде «Жаңа Қазақстан» белгілі бір рөл ойнай ала ма?

– Ойнай алады. Себебі оларға құлақ асатын халық бар, әсіресе, олардың пікірі Facebook аудиториясы үшін маңызды. Сондықтан транзит кезеңінде оларды пайдалануы мүмкін, бірақ олар қазір сол ойын ережесіне келіскенімен, Х сағатында өз ойынын ойнауы мүмкін. Бірақ олар үшін сол уақытта не маңызды, өзге біреудің ойынын ойнап, саяси алаңда қалу ма, әлде өз ойынын іске қосу ма? Саяси ойында жеңіске жету үшін элита ұсынған ойынды емес, өз ойыныңды ойнауың керек.

Тоқетері, «Жаңа Қазақстанды» үлкен сынақ күтіп тұр. Олар маңызды саяси кезеңде өзара келісімге келіп, диалог орната ала ма, қалай әрекет етеді, сол жағы қызық. 

Фото: azh.kz, exclusive.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.