Ақтау қаласының іргесіндегі Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылының малдары Каспий саммитінің оңтайлы өтуіне кері әсерін тигізе ме? Әлде, Маңғыстаудың малдарына Каспий жағасындағы ел президенттерінің аллергиясы бар ма екен?  Қысқасы, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Ильхам ӘЛИЕВ, Құрбанқұл БЕРДІМҰХАММЕДОВ Хасан РУХАНИ мен Владимир ПУТИНГЕ қояр сұрақ бар. Маңғыстаудың малдары қайсыңызға жақпай қалды?

facebook.com әлеуметтік желісінде 10.08.2018 – 16.08.2018 күндері президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ келуіне байланысты малдарыңызды 32 шағынаудан мен әуежай тас жолының бойында жүрмеуін қадағалауын сұраймыз. Жүрген жағдайда әр мал басына 48 мың теңге көлемінде айыппұл салатынын ескертеміз деген хабарлама жарияланды.

Маңғыстаудың малдары қай президентке жақпай қалды?

Осы хабарламадан-ақ сөз басындағы сұраққа жауап алуға болатын сияқты. Алайда, «Үшқоңыр» жайлауында өскен Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ үшін берекенің басы саналатын төрт түлік малды жатсынады дейсіз бе?  Бәлкім, Иран мемлекетің басшысының, әлде, В. Путиннің келуіне байланысты малды 32 шағынаудан мен әуежай жақта жаюға болмас. Әйтеуір  төрт мәртебелі қонақтың біреуіне малдар «мешать» етіп тұр. Мүмкін  Ералы ТОҒЖАНОВТЫҢ қауіпсіздің шарасы ма екен… Кім білсін? Есі жоқ құмның кемелері (түйелер) президенттер жолына жатып алса қонақжай елдің имиджіне нұқсан келеді ғой.

Жас Алаш тілшісі істің мән-жайын білу үшін ауыл халқына хабарласты. Ақшұқыр елді мекені аудан орталығы Форт-Шевченкода 115 шақырым жерде, Қаспий теңізінің жағалауында орналасқан. Облыс орталығы Ақтау қаласынан 17 шақырым жерде.

«Бұл хабарландыру 100% рас болуы керек, өйткені, барлығы малдарын үйлерінде ұстап отыр. Естуімше, ауызшада ескертілген», — дейді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Марат ОРАЗ.

Президенттердің келуімен пайда болған 48 мыңдық жаңа айыппұл туралы ақпарат «WhatsApp» желісі арқылы тараған. Әзірге малдары үшін мойындарына айыппұл ілінгендер жоқ екен. Алайда, ақшұқырлықтар бірден жазалау арқылы үркіткен айыппұлдың жаңа түрі қандай заңдық негізде салынатынын түсіне алар емес.

Маңғыстаудың малдары қай президентке жақпай қалды?

«Бұл хабарландыру WhatsApp арқылы ауылдың ішін кезіп кетті. Бірақ мұндай айыппұл салынбайтын шығар деп ойлаймын. Өйткені, оны қандай заңға сүйеніп салады? Малдарға аталған жерде жайылуға болмайды деген бапты жазып шықпаса. Әлде, басқа бір әкімшілік істермен байланыстырып жібермесе,қалай айыппұл салады? Бұл жергілікті шолақ белсенділердің ісі шығар деп ойлаймын», — дейді ақшұқырлық Уайс ЕРСАЙЫНҰЛЫ.

Сайын Шапағатов ауылы Ақтаудан 23 шақырым қашықтықта орналасқан. 4 мыңнан аса халқы бар елді мекен маңында «Казахстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС, Халықаралық «Ақтау әуежайы» АҚ мекемелері жұмыс жасайды.

«Бізге де бұл хабарландыру WhatsApp арқылы келді. Мұғалімдердің осы желідегі топтарына да түсіпті. Нақты ауыл әкімдігі тарапынан мұндай ақпаратты өз басым естігенім жоқ», — деді Жас Алаш тілшісіне Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Хиуаз.

Каспий саммиті кеше 12-тамыз күні Ақтаудағы достық үйінде басталды. Бес елдің басшылары биоресурстарды пайдалану, экология, мұнай-газды өндіру тағы басқа мәселелерді шешпек. Ақтауда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Маңғыстаулықтардың айтуынша, самит кезінде қала халқы балкондарына шығуға болмайды деген қаусетте тарапты. Әзірге бұл қаусеттеге қатысты жергілікті билік өкілдері мәлімдеме жасаған жоқ.

Фото: sputniknews.kz, sputnik.kg

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.