Ахметов Тұмабаевтың отставкасын талап етті

777

Қос әкім ісі қатардағы қос полицейді жұмыссыз қалдырды.

Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалады. ШҚО-ның әкімі Даниял АХМЕТОВТЫҢ айтуынша, Қуат ТҰМАБАЕВТЫҢ шаһарды бұдан ары басқаруға моральдық құқығы жоқ.

«Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың мұндай жоғары лауазымды қызметті атқаруға моральдық құқығы жоқ деп есептеймін.Өз еркімен арыз жазуды ұсындым», — деді Даниял Ахметов облыс апаратының жиынында.

Жиында Қуат Тұмабаевтың өзі болған жоқ. Демек қызметтен кетуі әбден мүмкін. Карьерасы жақсы басталып келе жатқан 38 жастағы Қуат Тұмабаевтың ендігі қызметі қандай болатынын болжау қиын. Бәлкім, облыс мәслихатының депутаты, кәсіпкер әкесі Мұхит ТҰМАБАЕВТЫҢ шаруашылығына болысар.

Бастысы кісі өлімі болған оқиғадан әкімдердің жеңіл жаза алғанының өзі үлкен олжа. 2018 жылдың 15 сәуірінде Риддер қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары  Бауыржан ҚҰРМАНБАЕВ ішімдік ішіп алып, BMW X5 машинасымен 18 жастағы Евгений СМОЛЬНИКОВТЫ қағып өлтірген. Қуат Тұмабаев досының 21 млн мен 41 млн аралығында тұратын қымбат көлігін оқиға орнынан айдап кеткен. Марқұмның әкесі Виктор СМОЛЬНИКОВ сот үкімен қатысты Жас Алаш сайтына арнайы сұхбатта берген еді. («Әкімдер тиісті жазасын алмады»)

Бұл істе Риддер қаласының қатардағы полицейлеріне обал болған. Кісі өлімі болған жол апаты оқиғасында бірінші болып жеткен капитан Қарақұлов пен лейтенант Қайратов жұмыстарынан қуылған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзды деген айыппен погондарынан айрылған. Кезекшілікті жүрген қатардағы полицейлердің әкімдердің кешкі серуенін бұза алмайтыны да белгілі. Және мұндай жағдайда дербе шешім қабылдамасы да анық. Қызығы, Қарақұлов пен Қайратовқа бұйрық берген Риддер Ішкі істер бөлімінің бастығы Абай БАҚТИЯРОВ тек ескерту алған. Мүмкін оған бұйрық берген «кісі» салмақтырақ болып тұрма екен…

Айтпақшы, облыс басшысы этика жөніндегі кеңеске Риддер қаласының басшылығымен айналысуды тапсырды. Жомар МҰРАТОВТЫҢ да орынбасары үшін моральдық жауапкершілігі бары айтылды.

Фото: altaynews.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.