«Көмірді қапқа салып сататындармен күресеміз»

421

Былтыр қараша түспей жатып бағасы шарықтап, одан қалса, тапшылығы қоса қабаттасқан көмір мәселесін болдырмауға Шығыс өңірдің басшылығы қазірден қамданып жатыр. Бірінші кезекте Өскемен мен Семейдегі қазандықтар мен әлеуметтік нысандарды қамтамасыз етумен қатар  жергілікті басшылық елдің көмір іздеп жүрмейтініне сендіріп отыр. Сол тұрғыда бір топ шенділер Семейден 175 шақырым қашықтықта  жатқан Қаражыра көмір кешеніне БАҚ өкілдерімен бірге барып қайтты.

Семей-Қайнар бағытындағы трассаның 130 шақырымынан оңға бұрылған автобусымыз көмір разьезіне 45 шақырым жүріп митыңдап әрең жетті. Соған қарап-ақ жүк көліктерінің қалаға өз бетімен көмір тасымалдауының нағыз тауқымет екенін бірден аңғардық. Әзірге Қаражырадан көмір жеткізудің негізгі күші жүк пойыздарына түсіп тұрғаны да сондықтан болса керек.

«Қазақстан теміржолы» ҰК басшысының кеңесшісі Қайрат ТҰРЛЫХАНОВ, ҚТЖ-ның Семей бөлімшесінің директоры Марлен КӨКІРЕКБАЕВ, ШҚО тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат МҰСАТАЕВ және Семей қаласының әкімі Ермак СӘЛІМОВТІҢ жұдырықтай жұмылып Қаражыраның басына сау етіп бара қалуы бекер емес. Осыдан бірер күн бұрын Шығыс өңірде көмірдің тоннасы 16-17 мыңға көтеріліп кеткені туралы ақпарат тарап кеткен. Алайда, сапар барысында оның шындыққа жанаспайтындығы беллгілі болды.

Келген шенеуніктерді кеніштегі қарбалас жұмыстармен таныстырған «Қаражыра» АҚ бас директоры Марғұлан МҰҚАШЕВТІҢ айтуынша, көмірге  сұраныс жылдан-жылға арта түскен. 2017 жылы 7 млн тонна көмір өндірілсе, биыл 8 млн-ға артып отыр. Қазақстан аумағымен қатар Ресей мен Украинаға, Қырғызстан мен Өзбекстанға көмір экспорттауды жолға қоя бастағанын  айтып мақтан еткен «Қаражыра» басшысы басты проблемасы барын  да жасырған жоқ. Яғни, сұраныс артқан сайын вагондардың жетіспейтіндігі «желке қасытатынын» айтқан Мұқашев ҚТЖ өкілдері – Көкірекбаев пен Тұрлыхановқа осы мәселені шешіп беруін сұрап мұңын шақты. Алдағы қыстан аман шығу көмірге қарап тұрғандықтан, вагон  жетіспеушілігі жөнге келетін болып шешілді. Айтпақшы, Қаражырадағы көмір қоры әлі де 100 жылға жететіндігін айта кеткен артық болмас.

Кездесу барысында халықты алаңдатқан көмір тапшылығы биыл қайталанбайтын тәрізді. Жағалай кездесу барысында мәселені орысша  талқылауға ауыздары  үйреніп кеткен «дәстүрді бұзып», қазақ  тілінде тиянақты түсіндірген ШҚО ТҮКШ басшысы Мұрат Мұсатаевтың өзі басқарып отырған саланың жайын жетік білетіндігі байқалады.

-Көріп  отырсыздар көмір  жеткілікті. Өскемен мен Семей тұрғындары көмірді  қазірден қалауынша ала берсе де  болады. Кеніштің басынан сатып алу бағасы – 6 200, ал Семейдегі арнайы үш көмір нүктесіндегі баға 7 400 теңге деп белгіленген. Сондықтан бұған дейін кейбір БАҚ-тарда тарап кеткен көмір тоннасы 16-17 мың теңгеге көтірлгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды,-дейді М. Мұсатаев.

Тағы бір  белгілі болғаны бұл баға алдағы жылдың қаңтар айына дейін тұрақты сақталатын болады. Ал облыс орталығы Өскемендегі көмір бағасы 8300 теңге деп белгіленіп отыр. Ал Зырян, Риддер, Аякөзді көмірмен қамтамасыз ету кестеге сай жұргізілетін болады. Қазір басты назарда Семей мен Өскемен болып тұр.

Айтпақшы, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қала ішінде көмір сатумен айналысатын алыпсатарларға тексеру жүргізетінін айтты.

-Жасыратыны жоқ, көмірді қалауынша вагон басынан 20-25 теңгеден  сатып алып аулаларына  әкеліп төгіп, қаппен сататындар жетіп артылады. Көбісі көмір саудасын заңсыз жүргізеді. Шындығында олардың жеке кәсіпкер ретінде салық органында  тіркелгенін айғақтайтын құжаты болуы тиіс. Ал ЖК құқығы жоқтарға енді биыл кешірім болмайды. Көмірді заңсыз сатумен айналысатындармен күрес жүргізетін боламыз,-деп мәлімдеді Семейдің әкімі.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.