Грантсыз қалған чемпиондар

504

Бүгін Алматы қаласында Қазақтың Спорт және Туризм академиясының алдына ондаған ата-ана жиналып, халықаралық, ел чемпионаттарда жеңіске жеткен спортшы балаларының грантқа түспей қалуына байланысты академия басшылығына наразылық білдірді. Спорт саласында жетістікке жеткен балаларының есімін грант иегерлерінің тізімінен таппай қалған ата-аналар білім жүйесіндегі жаңа заңды да, жемқорлықты да кіналап отыр.

Спорт академиясында оқып, Қазақстан туын әлемге танытсам деген арманына бір ғана балл кедергі болған Аяулым ТІЛЕУБАЙ енді бар салмақ ата-анасының мойнына түскеніне қынжылады.

— Арнайы баскетбол спортымен айналысып жүргеніме 7-8 жылдың жүзі болды. Содан бері республикалық жарыстарда жүлделі болдым. Қазір Алматы облыстық қыздар құрамасында ойнаймын. Тіпті, ұлттық құрамаға да үміткермін. Енді міне, 115 балл алдым. Академия 116 балл алмағаным үшін оқуға түсе алмағанымды айтып отыр, — дейді бойжеткен.

Бес бала тәрбиелеп отырған Аяулымның анасы ортаншы қызының Республикалық жарыстарда алған сандық толы медалінің грантқа түсуге титтей де көмектесе алмағанына қысылады. Ақылы оқу қалтаға ауыр түсетініне қиналған ана бір қайыры болар деген үмітте.

Ал спорт академиясы спортшылардың мұндай жетістіктеріне тек емтихан нәтижесі тең болған жағдайда ғана басымдық береді екен. Арманына айналған спортқа Мектеп жасынан бастап қаншама жылын сарып еткен спортшы түлектер гранттың спортпен үш қайнаса сорпасы қосылайтын әлде кімдердің қанжығасына кетіп жатқанын айтады.

-Үйімнің қабырғасы толған медал. Қызымның осы жетістіктеріне қуанбаған адам жоқ. Мынадай көрсеткішпен спорт академиясына оқуға түспей қалғанына мен түгілі көршілерім де ренжіп отыр. 115 балл алған спортшы емес екі оқушы оқуға түседі де, осыншама көрсеткішімен 114 бал алған, спорт шеберлігіне үміткер қызым оқуға түспей қалады. Соған шырылдап отырмын, — дейді Жанар ОМАРБЕКОВА.

Бұл мәселе туралы Жас Алаш тілшісі Қазақтың Спорт және Туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Есқалиевпен сөйлесіп қайтты.

“Бұған бір ғана себеп бар, 2018 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының білім туралы заңы 26-тармағының 5-бабына өзгеріс енгізілді. Оған дейін соңғы үш жылында халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған түлектер грант мәселесінде басымдыққа ие болатын. Енді жаңа заң бойынша басымдылық ҰБТ нәтижесіне беріліп отыр. Білім туралы заңға енгізілген өзгеріс спортшыларымыздың құқықтарын аз да болса шектеп жатыр деп айтуға болады.

“Ата-аналардың наразылығы бұл ғана емес секілді. Спортпен мүлдем қатысы жоқ балалар оқуға түсіп жатыр, сатып алған дейді” – деген сұрағымызға:

“Бұл мүлдем жаңсақ пікір. Мұның бәрі де компютерлік бағдарламада есептеп шығарылады. Бұл жерде министрлік белгілеген компютер жүйесінен қателік кетеді дегенге сенбеймін. Бұл гранттардың тағайындалуына жеке адамдар түгілі жоғары оқу орындарының өзінің де қатысы жоқ. Біз тек талапкерлерді қабылдаушы және даярлаушы ғанамыз. Ал конкурс комиссиясы Астанада”, — дейді проректор мырза.

Ата-аналардың наразылығына тағы бір себеп, Биыл спорт мамандығына 450 ғана грант бөлініпті. Ал, былтыр 715 грант бөлінген екен. Демек, 300-ге жуық гранттың орыны жоқ. 2013 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Коллегиясының отырысы өткен болатын. Сол кезде 2013 жылдан бастап дене шынықтыру және спорт мамандығына ел тұрғындарының қызығушылығын арттыру, сонымен қоса, 2017 жылы өтетін қысқы Универсиаданы қолдау мақсатында спорт саласындағы грантты мыңға жеткізу туралы қаулы қабылданған. Бүгінгі күнде бұл шешім де назардан тыс қалып отыр.

Фото: azattyq.org

 

 

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.