Сатыбалды сенатқа барады

1791

Кезінде Шымкент қаласының әкімі, одан кейін  Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Дархан САТЫБАЛДЫ Сенат сайлауына түсіп жатыр.  Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының сессиясында депутаттар оның кандидатурасын Сенат депутаттығына ұсыну жөнінде мәселені қарады. Халық қалаулылары ұсынысты қарсылықсыз, қарсы қалусыз бірауыздан қабылдады.

Дархан Амангелдіұлы Сенатқа 2014 жылғы 1 қазанда сайланған өкілеттік мерзім бойынша ұсынылды. Яғни, ол сайлауда бағы жанып, жеңіске жетсе, Сенатта Шымкент қаласының атынан екі жыл депутат болады. Ал 2017 жылы сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімі бойынша Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров ұсынылды. Сайлау 5 қазанға белгіленген.

Дархан Сатыбалдының еңбек жолы өте бай. Коммерциялық ұйымдарда есепші, қаржы бақылау құрылымдарында, Президенттің іс басқармасында, Астана қалалық әкімдігінде, Білім және ғылым министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде,  премьер-министрдің кеңсесінде істеген.  2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. 2015 жылы облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа бірінші орынбасар болып ауысқан Д.Сатыбалды былтыр жыл соңында қызметінен босатылды.  Сол кезде оның шетелге оқуға кеткені айтылған. Айтылды емес, ресми мәліметте  «шетелге оқуға кетуіне байланысты өз өтініші негізінде жұмыстан босатылғаны» жазылды. Облыс басшысы Ж.Түймебаев оны «шет елге» шығарып салып тұрып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттаған.

Сөйткен Д.Сатыбалды шетелдегі оқуын жеделдетілген тәсілмен аяқтаса керек, Шымкентке қайта оралып, Сенат сайлауына түсіп жатыр.

Бүгін кандидаттыққа Дархан Сатыбалдыны бірауыздан ұсынған депутаттар оны ертең сенаторлыққа да бірауыздан сайлап жіберетіндігіне ешқандай күмән жоқ шығар.  Шымкенттегі Сенат сайлауының нәтижесі қазірдің өзінде белгілі сияқты.

Айта кетері, Шымкент қалалық мәслихатында 29 депутат бар.

Фотолар автордікі. 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.