Кім өтрікші: шенеуніктер ме, шаруалар ма?  

957

«Жас Алашқа» жарияланған «Қырымбек кәсіпкерлерге неге қырын қарайды?» атты мақалаға орай Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат ШАХАНОВА хабарласып, мәселенің біз жазғандай емес екенін айтты. Олардың айтуы бойынша газет арқылы арыз айтқан шаруалар осыған дейін бір де бір рет тиісті орындардан несие сұрап бармапты.

Облыстық баспасөз қызметі бізге жолдаған құжаттардың ішінде «Атамекен жер» АӨК-нің төрағасы Ибадуллаев Мұхиттың мәлімдемесі де бар. Мәлімдеме «Жас алаш» газетінің бас редакторының атына жазылған.

«2017 жылы «Мұрат» шаруа қожалығы арқылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалынан лизингке құны 5 миллион 750 мың теңгеге «Белорусь-80,1» тракторы, 1 млн. 349 мың теңгеге миниралды тыңайтқыш шашу жекпелі техникасын 7 жылға дейін 14,5 пайызбен алдым.

Облыстық ауыл шаруашылығы арқылы лизингке алынған техникалардың 25 пайызы субсидияланды.

Сондықтан, мақалада жазылғандай түйіні шешілмеген көтеретін мәселе жоқ», делінген хатта.

«Атамекен жер» АӨК төрағасы М.Ибадуллаевтың қолы қойылып, мөрі басылған. Мөр «Атамекен жер» АӨК-не тиесілі.

«Жас Алаш» тілшісі осы хатқа орай «Атамекен жер» АӨК басшысына хабарласып, істің мән-жайын білді. Бір қызығы Мұхит Ибадуллаевтың өзі бұл мәлімдемеден хабарсыз болып шықты. Тіпті, «Атамекен жер»-дің мөрін басқам жоқ», деп отыр.

М.Ибадуллаев: «Мәлімдемені мен жазғам жоқ».

– Сонда, бұл мәлімдемені сіз жазған жоқсыз ба?

– Мен жазғам жоқ. Маған ауданнан ауылшаруашылық бөлімінің бастығы келді. Нұрбек ӘЗІРБЕК. Сол кісі: «әкімшіліктен қозғау салып жатыр, «Жас Алашқа» Райбек Ахметовтің арызы бойынша мақала шығыпты», деп маған көрсетті. Қағазға шығарып алыпты. Оқып шықтым. Сосын айттым, «бұған менің қатысым жоқ, бұл Райбектің арызы, ол кісі біздің кооперативтің құрылтайшыларының бірі, қайда барып не жазам десе де мен қарсы тұра алмаймын».

Сосын, маған «алған техникаларыңыз туралы қолыңызды қойып, печать басып беріңіз», деді. Тексін, бәрін өздері жазып қойыпты. Бірақ, онда бұлай жазылмаған. Өзім де қазір көріп отырмын, мына жерде басқа текст.

Сізге тек мөр басып, қол қойып бер деді ме?

-Иә. Бірақ, мен «қазір басатын мөрім жоқ», дедім. Ол жерде жазылыпты, «Мұрат» шаруа қожалығы осындай техника алған, оның 25 пайызын мемлекет субсидиялады» деп. Сосын мен айттым оған, «бұл техниканы алу үшін қаншама жүгіргенімді, алғашқы жарнасын төлеу үшін басқа қаржылық құрылымдардан 26 пайызбен несие алғанымды білесіздер. 2 миллион теңге алдым осы үшін. Әлі төлеп жатырмын. Соны апарып соған (бағдарламаға. ред.) жапсырдыңдар. Әйтпесе, сендердің ешқандай көмектеріңді көрген жоқпын».

Нақты айтып беріңізші, қанша ақша, қандай техника алдыңыз?

-Ақша алғам жоқ. Трактор, сосын тіркеме алдым. Оларға айттым, «алғаным рас, бірақ өз қаражатыма алдым. Кооперативтің атынан ештеңе алғам жоқ. Ақша да, техника да. Ал, бұл өзімнің жеке шаруа қожалығыма алып жатқан дүниелерім. Осылай деп қол қойып бер десең, қойып берейін», дедім. Бірақ, мен кооперативтің атынан қол қоя алмаймын, «Мұрат» шаруа қожалығының атынан ғана қоя алам. Біріншіден, мен қазір «Атамекен жер» өндірістік кооперативінің төрағасы емеспін. Атқарушы директоры ғанамын. Екіншіден, қолымда мөр жоқ, ол құрылтайшыларда. Болған күнде де басып бермеймін. Өйткені, мен басқа құрылтайшылардың атынан жауап бермеймін. «Мұрат» шаруа қожалығының атынан қолымды, мөрімді қойып берейін», дедім. Мақұл, мақұл деп, қойдырып алды да кетті.

«Мұрат» шаруа қожалығының мөрін бастыңыз ғой сонда?

Иә. «Атамекеннің» мөрін қазір көріп тұрмын.

-Сонда, оны қайдан алған?

-Оны компьтер арқылы бір жерден алып отыр ғой. Жолын тапқан ғой. Менен сұраған, «мөрдің өзі жоқ болса да, қағазға басылғаны жоқ па?» деп. Мен «ол мөрмен әлі жұмыс істеп көрген жоқпын, қағазға әлі басылған жоқ», дедім. Мөр қоятындай жұмыс та жүріп жатқан жоқ. Білмеймін, оны қайдан тапты, компьтермен келтіріп алған шығар.

-Мына құжатта сізді төраға деп жазыпты. Сіз атқарушы директормын дейсіз. Сонда қазір төраға кім?

— Бұл былай болды. Кооператив құрылған соң, бір жылға дейін жиналыстан көзімізді ашпадық қой. Әйтеуір құр сөз. Ауданға шақырады, ауданға шауып барамыз, Қызылордаға шақырады, ол жаққа жүгіреміз. Ол арада ештеңе шешілмейді. Сондай жиналыстың бірінде, кооперативтер қауымдастығын ашыпты, соның басшылары келді. Біз мұң-мұқтажымызды айттық оларға. Ешқандай жеңілдік көрген жоқпыз, 85 пайыздық кепілдік те жоқ. Сөйтіп ек, айтты, бұл кредит жұмыссыздарға арналған. Мұны алу үшін, бір адамды жұмыссыздыққа тіркеп, сосын екі ай оқытып, сертификат алу керек. Сосын, баламды екі айлық курстан өткіздік. Ол алдында жұмыссыздықта тіркеуде тұрған.

-Аты-жөні кім балаңыздың? Жасы қаншада?

-1994 жылы туған. Мақсат Самадинов. Жас бала ғой.

-Жаңа бір сөзіңізде, соңғы кездері «кооператив деген жоқ», деп айтатын болып жүр деп қалдыңыз…

-Иә, мен оны дәлелдеп, керек болса мойнына да қойып бере алам. «Алтынбек» шаруа қожалығы бар, «Тұрсын» шаруа қожалығы бар, мен бірге жұмыс жасап жатқан. Міне, сол кісілермен бірлесіп егіп жатқан егінім туралы анықтама керек болып барғам. Бермейді. «Онда ең болмаса, кооператив осындай егін егіп жатыр деп анықтама беріңдер», десем, «кооператив дегенді қойыңдар», деді. «Кооператив деген жоқ қазір», деді.

-Кім айтты?

-Фамилиясы есімде жоқ, Марат деген жігіт. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінде инспектор ғой деймін. Қасында тағы да адамдар бар ғой, солардың көзінше айтты. «Жұмысын енді ғана бастамап па еді, оны неғып жоғалтып жібердіңдер? Әлде, таратып жіберейік пе?» деп едім, «таратыңдар. Жауып тастаңдар. Кооператив дегенді қойдық», деді.

-Райбек Ахметов айтып еді өткенде, әкім-қараларға жақын жүретіндер ғана жеңілдік алады деп. Нақты куә болған жағдайлар бар ма осыған?

-Мен фактімен ештеңе айта алмаймын. Бұлар бізге «сендер мал сою алаңын алыңдар, 50 пайызын үкімет субсидиялайды», деді. Бізде бір де бір мал жоқ. Біздің шаруашылығымыз басқа бағытта. Ал, біз өкіметке қарыз болып, оны алғанда не істейміз? Қайдағы мал сою алаңы? Бізге сұрағанымызды бермей ме, қалғанын өзіміз-ақ дөңгелетіп кетеміз ғой. Қанша жерден айтсаң да құлағына қыстырмайды. Бір қатты қиналған кезде «аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін жауып тастау керек», деп те айтқанбыз. Рас қой, түк пайда жоқ. Жұмыс істеп, қарық қып жатқаны шамалы. Әйтеуір, отыр…

-Тракторды тіркемесімен қашан алдыңыз?

-Былтыр. Бұлардың бағдарламасына түк қатысы жоқ оның. Өзім кредит алып, алғашқы жарнасын құйып, сатып алдым.

-Сұрағымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Фото: zakon.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.