Жасыратыны жоқ, дін соңғы жылдары қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызды факторға айналды. Сонымен қатар діншілдіктің өсу қарқыны тиісті мәдениет пен білімді қалыптастырудан озып кетсе, ол рухани, адамгершілік құндылықтардың бұрмаланып түсінуіне әкеледі.

Уақыт көрсеткендей, дінді дұрыс түсініп, оны дұрыс қолдану үшін тиісті салт-дәстүр мен діни мәдениеттің деңгейі қажет. Сенім мен дін деген ұғымдардың арасында белгілі бір айырмашылық бар. Сенім – бұл ең алдымен психологиялық, эмоционалды компоненті бар рухани көңіл күй. Адам не сенеді, не сенбейді. Адамды күштеп сендіруге болмайды. Оны белгілі бір жораларды жасауға мәжбүрлеуіміз мүмкін, бірақ сенімге ол саналы түрде, өз еркімен келуі керек. Сенім адам жүрегінің түбінде берік ұялаған.

Ал дін – белгілі бір қағидалардың, талаптардың, жазбалардың жиынтығы. Ол дәрі сияқты қабылдағанына байланысты пайдасы да, зияны да болуы мүмкін. Бұл діни экстремистер мен радикалдар тәжірибесінен  анық көрініп отыр.

Жақында Алматы қаласы орталық мешіті ғимаратында жергілікті ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің отырысы өткен болатын. Басқосуға Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы және Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы қатысты. Бүгінде Алматы қаласы бойынша 17 конфессиядан (республика бойынша 18 конфессия) құралған 179 тіркелген діни бірлестік жұмыс істейді. Қала бойынша 112 діни ғимарат тіркелген. Сондай-ақ Алматыда 153 миссионер (оның ішінде ислам – 4, православ –23, католик – 26, протестант – 57, мормон – 24, жетінші күннің адвентистері – 6, ехоба куәгерлері – 4, жаңаапосталдық – 5, вон-буддизм – 1, кришнаит – 3) тіркелген.

Радикалдану проблемасының басты себебі – дінге көзсіз еріп, сол қалпында (сөзбе-сөз) түсініп қабылдап, оны басқаларға таңуда.  Діни ілімдер түсіндірмесінің маңызы зор. Яғни барлығы да діни қағидалар түсіндірмесіне байланысты. Бүгінгі таңда әлемде әмбебап рецепт жоқ. Әрбір қоғам өзінің тарихы, мәдениеті, менталитетінен дін түсіндірмесінің өзіндік моделін жасайды. Біздің де дәстүрлі құндылықтарымыз шариғат нормаларымен өмір сүріп жатқан елдерден ерекшеленеді. Соған байланысты біз өткен тарихымыз бен ерекшеліктерімізге сәйкес, дінге деген өзіміздің жеке көзқарасымызды жасауымыз қажет.

Тарихтың дамуы барысында ислам біздің даламызда өмір сүрген тұрғындардың көбі қабылдаған негізгі дін болды. Ол үнемі ұлттық рухани дәстүрлермен сабақтастықта дамыды. Бабаларымыз сан ғасырлық ескерткіштер мен тарихи жәдігерлердің, бай рухани мәдениеттің мұрагері атанды. Ислам дінін татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екенін әрдайым өз ісімен  көрсетіп келеді. Бізге осы мұраны сақтап қалу  өте маңызды.

Бас имам Еркінбек қари Шохаев имамдар үнемі көпшілік халықтың ортасында жүретіндігін еске салып, ел мен діннің мүддесін даналықпен, дұрыс насихаттай алу қажеттігін тілге тиек етті. Ал басқарма басшысы Айдар Рахымжанұлы халық арасында зайырлы мемлекетіміздің ұстанымдарын, дініміздің өркендеуіне жасалып жатқан жағдайларды насихаттаудың маңызы зор екендігін айтты.

Шынында, ең біріншіден, исламға қатысты ақпаратты қоғамның қайсыбір мүшесіне болса да, имамдар арқылы жеткені дұрыс. Егер имамның, дәстүрлі бағыттағы теологтың ақпараты болмаса, басқа жолға түсіп кетуі мүмкін. Сол себепті балаларға да, ересектерге де ақпаратты дәстүрлі бағыттағы мамандардан алуын бір жолға қою керек.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісін атқаратын басқарма жұмысының қазіргі басты бағыттарының бірі – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осы тұста айта кету керек, 2018 жылы дін істері жөніндегі басқарманың бюджеті 475 млн 774 мың теңгеге жетті. Жоспар бойынша діни экстремизм мен терроризмді ескерту және алдын алу бойынша жалпы саны 100 мың адам болатын 600-ге жуық іс-шара ұйымдастыру көзделген. 2017 жылы жалпы саны 86 мыңнан астам адам қамтылған әртүрлі форматтағы 512 іс-шара өткізілді. Басқарма басшысының айтуы бойынша, бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр.

Халыққа діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін Құран мен хадистерге негізделген білікті ғұламалар мен имамдарды жұмылдырып, бізге жеткен бай мұраларымызды қайта жаңғырту үшін жұмыс жасауымыз керек. Діннен, ең алдымен, рухани, моральдық, этикалық құндылықтарды алуымыз қажет. Адамның жүрегін тек мейірімділік, ізгілік арқылы ғана баурап алуға болады. Қазақстанның этносаралық, дінаралық келісімнің үлгісін бүгінгі күні әлем елдері мойындады. Расында, өмірдің тіршіліксіз, ал тіршіліктің құлшылықсыз құны жоқ. Ислам діні тіршілік пен құлшылықты қатар үйлестіріп, өнегелі өмір салтын сабақтастырып, ғұмыр кешуге үндейді.

Жиын соңында Алматы қаласы көлемінде жүргізілетін насихаттық жұмыстардың жоспары бекітіліп, сол жоспарға сай оқу орындары, түзету мекемелері, мемлекеттік ұйымдар және халық көп шоғырланатын арнайы орындарда түсіндірме жұмыстары жасалатын болып келісілді.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.