«Мектепке жақын мешіттер сүріледі екен» деген әңгіме аяқастынан шығып, қызу талқыға ұласты. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген, жұрттың алаңдауына негіз болған нәрсе кейбір ақпарат құралдарында жарық көрген шағын хабарлар болғаны анық. Қазіргі қоғамның көзі ашық, құлағы түрік. Кез келген мәселеге өзіндік үнін қосып, пікірін айта береді. Осы жағынан келгенде бұл ақпаратты сан-саққа жүгіртіп жақтағандар да, даттағандар да болғаны рас. Елдің аузымен әртүрлі ой-пікірлер айтылып, түрлі болжамдар жасалды.

Әйтсе де іле-шала қоғамдық даму министрлігінің қоғамдық келісім комитеті баспасөз, сайт беттерінде жарық көрген «Қазақстанда мектепке жақын орналасқан мешіттер сүріледі» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Өйткені елімізде 2018 жылғы сәуір айында 300 метр аумақта орын тепкен барлық мешіттерді бұзатын ереже немесе діни ғимараттардың құрылысын регламенттейтін жаңа нормалар қабылданған жоқ. Яғни бұл жерде түсініспеушіліктің туындағаны анық. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаларға мұқият үңіліп қарайтын болсақ, ақпарат құралдары беттеріндегі жарияланған ақпараттың бір-бірінен алшақ кетіп жатқанын анықтауға болады.

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 9 маусымдағы №89 бұйрығымен бекітілген «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі» нұсқаулықтың 7-тармағына сәйкес, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай теміржол және автовокзалдарды, әуежайлар мен порттарды қоспағанда, осы нұсқаулықтың 5-тармағының 3-тармақшасында көрсетілген аумақтар мен ғимараттардан (оларға іргелес аумақтар болмаған жағдайда) 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады деп көрсетілген.

Бұл талап сауда орталықтарының ішінде, әуежай, сапаржай және теміржол вокзалдарында орналасқан, діни құлшылықты орындауға арналған ғибадат ету бөлмелеріне қатысты. Ал мешіттер немесе басқа да діни бірлестіктерге тиесілі діни ғимараттар үшін жоғарыдағы талаптар қойылмайды. Бұл жағдай басқа нормалармен реттеледі.

Атап айтқанда, ғибадат үйлерін салу Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі №147 бұйрығымен бекітілген «Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартымен реттеледі және осы стандартта 300 метрге қатысты ешқандай талап қойылмаған.

– Осы орайда, 300 метрден кем емес қашықтықта орналасу шарты тек қана діни заттарды сататын дүкендер және ғибадат үйлерінен (мысалы, мешіттер) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған орындарға ғана қолданылады. Сондықтан қоғамның мешіттер немесе басқа дін өкілдерінің діни ғимараттары сүріледі деп дүрлігуіне ешқандай негіз жоқ деп сендіре аламын, – деді бұл жөнінде қоғамдық даму министрлігінің қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Балғабек Мырзаев.

Жалпы алғанда, исламға қатысты ақпаратты қоғамның қайсыбір мүшесіне болса да, имамдар арқылы жеткені дұрыс екенін бұған дейін де талай мәрте жазғанбыз. Егер имамның, дәстүрлі бағыттағы теологтың ақпараты, пікірі болмаса, бұл жаңалық басқаша түрленіп кетуі мүмкін. Сол себепті ақпаратты дәстүрлі бағыттағы мамандардан, ислам әлеміне қатысты хабарлардың мән-жайын қоғамдық даму министрлігі немесе ҚМДБ-дан сұрап, ақ-қарасын анықтап алғаны жөн.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісін атқаратын басқарма жұмысының қазіргі басты бағыттарының бірі – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осы орайда, дін саласының мамандары жер-жерде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жұртқа дұрыс ақпарат беруге бар күштерін салуда.

Осының бір дәлелі ретінде Астана қаласы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының ұйымдастыруымен елордадағы мешіт имамдарына арналған «Қазіргі деструктивті діни ағымдардың доктриналық негіздері: алдын алу жолдары, оңалту шаралары» атты семинар ұйымдастырғанын айтуға болады. Семинарды «Пікір» діндерді қолданбалы зерттеу орталығының директоры Асқар Сабдин және Нұр-Мүбарак Египет ислам университетінің PHD докторанты, дінтанушы Бауыржан Әлиұлы жүргізді.

Бұл іс-шараның мақсаты мемлекеттің дін туралы саясатының басым бағыттарын түсіндіру, халықтың діни сауаттылығын арттыру мен имамдардың біліктіліктерін арттыру, сондай-ақ діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу болды.

Ал контртеррористік комитет Астана әкімдігімен бірлесіп деструктивті діни бірлестік өкілдерін анықтау, есепке қою және оңалту бойынша жоба шеңберінде ауқымды жұмыстарды атқармақ. «Контр – террористік комитеті» РҚБ басшысы Аманжол Оразбаев деструктивті діни бірлестіктердің мүшелерін анықтау, есепке қою және оңалтудағы жоспарларын айтты. Бұл қоғамдық даму министрлігі, ҮЕҰ және Астана әкімдігімен бірлесіп жасалып жатқан жұмыс. Астана тұрғындар саны үнемі көбейіп жатқандықтан, пилотты қала ретінде таңдалып алынды. Радикалды және басқа да жат діни ағымның өкілдерін сауалнама арқылы анықтайды.

– Өткен жылы Қазақстан мұсылмандары рухани басқармасының есебі бойынша дәстүрлі исламға деструктивті діни ағымның 940 мүшесі қайтарылған. Бірақ, өкінішке қарай, оны растайтын құжат жоқ. Біз қазір осы жұмысты деструктивті діни бірлестіккке тартылғандардың әрбірін растайтын база жасағымыз келеді. Онда біз құжат арқылы ол адамның діни атрибуттар тағынып жүрсе де, дәстүрлі исламның өкілі екенін дәлелдей аламыз. Барлығына бір өлшеммен қарауға болмайды. Шын мәнісінде көбісі кәдімгі діни киініп жүретін мұсылмандар, – деді А.Оразбаев.

Одан басқа, «Контр – террористік комитеті» РҚБ басшысы дінге тартудың жолдары туралы да айтып берді. Негізінен, ол танымал мессенджер мен сайттар арқылы жүргізіледі.

– Әлеуметтік желі арқылы ақпаратты таратады. Жастар мен тәжірибесі жоқ адамдар осы насихатқа елтіп, оңай беріледі. Бізде Қазақстан бойынша қазіргі таңда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Осы жұмысты да қатар дамыту керек, – деді А.Оразбаев.

Сондай-ақ ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт–Сырдария» орталық дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Б.Оспанов  жамағатқа дәстүр мен дін  сабақтастығы, қазақ халқының исламға негізделген өмір сүру үрдісі туралы тарихтан сыр шертіп, дін тақырыбын жан-жақты мысалдармен өрнектеп түсіндіріп берді.

Ал Алматы облысының жастар ресурстық орталығының коворкинг залында «Адамгершілік – рухани тәрбиенің мәйегі» атты тақырыпта жастармен кездесу өтті.  Қазақ жастарының мақсаты – білім алып, өмір сүру деңгейін арттыру, экономиканы дамытып, азаматтық қоғамды қалыптастыру, рухани ұлт тәрбиелеу және қоғамға пайдалы нәрсемен айналысу. Десек те, осы тұрғыда діннен алшақтамай, осының барлығын дінмен ұштастыра білу жолдарын тілге тиек еткен Талдықорған өңірі бойынша орталық «Иман» мешітінің наиб имамы Шынарбек Өкен ұстазымыздың айтары көп болды. Ақыл, қайрат, жүрек – үшеуі біріксе рухани бұғаудан босап, кемелді болашаққа бастар жастар жолының айшықталатынын да алға тартты. Аталмыш шарада жастар тәрбиесінің маңыздылығы жайында көптеген сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер ортаға салынды. Берері мен алары көп болған ашық әңгіме алаңында жауапсыз қалған сұрақ болмады.

А.Арыстанбек

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.