Ислам дiнiндегі мұсылманға жүктелген бес парыздың соңғысы – қажылық. Шариғатқа сәйкес, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман осы парызды орындауы тиіс. Ол жайында қасиетті Құранда: «Алла үшін адамдарға Қағбаны қажылық ету парыз» («Әли-Имран» сүресі, 97-аят), – деп айтылса, Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінде «Ислам бес негізге құрылған: Алла тағаладан басқа тәңiр жоқ және Мұхаммед оның елшiсi деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару» делінген.

Исламның әлемде кең қанат жаюы қажылыққа барушылар санының артуына септігін тигізді. Елімізде қажылық сапарға аттандыратын тур агенттіктердің көптеп ашылуы соның айқын дәлелі.

ҚМДБ қажылықты ұйымдастыруда Сауд Арабиясы Корольдігінің (САК) қажылық істері министрлігімен әр жыл сайын келісім (хаттама) бекітеді. Құжатта Сауд Арабиясы тарапының талаптары, оның ішінде зиярат жасаушылардың мүмкін санын анықтайтын квота және қажылықты жүзеге асыру тәртібі көрініс табады. Басқарманың қажылық бөлімі референті Нұрқанат Байзақовтың айтуынша, биыл қажылық сапарына бөлінген квота саны 500-ге көбейіп, 3000 бірлікке жетіп отыр. Ал былтыр бұл көрсеткіш 2500 болатын. 18 туристік компания қажылық сапарды қамтамасыз етуге қабілетті деп танылып, аккредитациядан өткен.

Биыл да қажылар менингитке қарсы екпе салдыруы керек. Екпе салынғаны туралы арнайы сертификат болмаса, виза берілмейді. Осы жайында мәлімдеген қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, бұл – Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігінің талабы. Әлемнің 160 мемлекетінен 2 миллионға жуық халық жиналған аймақта халықтың тығыздығы артып, адамдарда қолайсыздық туындайды. Бұл – қажылардың денсаулығына алаңдағандықтан туындаған талап.

ҚМДБ өкілі Нұрқанат Нұрдәулетұлының мәліметінше, осы жылы қажыларға әртүрлі киіммен жолға шығуға тыйым салынды, оларға бірыңғай киім әзірленген. Діндарлар елімізде дін істері комитеті ірге қалап, қажылық сапарын ұйымдастыруға араласқалы діни науқанның бір жүйеге түскенін айтады. Комитет мамандары ел мұсылмандары парызын орындауға жасалатын барлық жағдайды қадағалап, заңдастыруға, құжаттарын реттеуге, олқылықтардың орнын толтыруға бар күштерін салады. Қажылардың құқықтарын қорғап, өзекті мәселелерін, проблемаларын шешуге атсалысады.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.