Бүгінде қоғам үшін маңызды фактордың бірі дін болғандықтан, оны дұрыс оқытып-үйрету ең өзекті мәселелердің қатарына жатады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жастарымыз шекара асып, діни білімін жетілдіріп келгендердің қарасы қалың болды. Әрине, таяқтың екі ұшы болатындығы секілді бұл мәселенің де оң-терісі бар екені айтпаса да түсінікті.

Соңғы жылдары қоғамда жиі көтерілетін мәселелердің бірі азаматтардың шетелдердегі діни оқу орындарында білім алуын реттеу мәселесі болатын.

Жалпы, білім алу, оны үйрену, оқу адам баласын тұлғалық кемелденуге жетелейді. Діни білім беру – діни тәжірибе мен тіршілікті реттеп, бағыттап отыратын үдеріс. Сондықтан бұл мәселе өркениетті, зайырлы қоғамда аса маңызды. Әсіресе бүгінгі қоғам үшін діни білім алу өзектілігімен ерекшеленіп отыр. Діни білім дінді және діни процестерді дін тұрғысынан оқып-зерттеуді, діннің негіздерін және діни салт-жоралары мен тарихын оқытып-үйретуді білдіреді. Кезінде тәуелсіздік алған жылдары діни білім аламыз деп жастарымыз Пәкістан, Иран, Түркия, Араб елдері мен  Мысырға көптеп кеткені белгілі. Алайда шетелге кеткен жастарымыздың басым көпшілігі сол барған елдерінің мәдениеті мен дәстүрі арқылы діни санасы  қалыптасты. Қалыптасып қана қоймай, олар сол идеологияны елге келгеннен кейін насихаттаушыға айналды десек те болады. Сөйтіп, қазақ қоғамында деструктивті идеология насихаттала бастады.

Соңғы уақытта, өздеріңізге мәлім, Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуы мәселесі кеңінен көтеріліп жүр. Оған себеп –азаматтарымыздың шетелдегі күмәнді діни оқу орындарында оқып, деструктивті идеология ықпалына еріп кетіп жатқандығы. Олар әртүрлі курстарда білім алып, қазақстандық құндылықтарға жат әрі радикалдық көзқарасымен оралып жатқанын құзырлы органдардың берген ақпараттарынан аңғаруға болады. Жыл сайын мемлекет шетелде білім алып жүрген жүздеген жастарымыздың елге қайта оралуы бағытында жұмыс жасауда.

Осындай мәселені басшылыққа алған қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен әзірленіп ұсынылған «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында шетелде діни білім алуды шектеу туралы норма қоғамда қызу талқыланды.

Қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұсынылған заң жобасында Қазақстанда базалық діни жоғары білім алмағандарды шетелге шығаруды шектеу ұсынылды. Өйткені шетелдерде діни білім алатын жастардың әртүрлі келеңсіздіктер мен қақтығыстарға ұшырап, олардың жапа шекпеуіне мемлекет мүдделі.

«Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында шетелде діни білім алуды шектеуді енгізу арқылы, біріншіден, отандық діни білім беру мектебі дамиды, екіншіден, қазақстандық құндылықтарға жат және теріс пиғылды идеялардың елге ену жолдарына тосқауыл қойылады, себебі теріс діни ағымның арбауына ең алдымен шетелге ерте шыққан әрі діни білімді сол жақтан алған жастар ілігеді.

Заң жобасында қойылған шектеу бакалавриаттық деңгейдегі оқу бағдарламасын бітіргеннен кейін барып шетелде діни білімін жетілдіруге мүмкіндік берілді. Бүгінде  елімізде ислам бағытында тоғыз медресе (соның ішінде бес медресе-колледж), жоғары білім беретін «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жұмыс істейді. Университетте бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша оқи алады. Дегенмен елде қызмет ететін діни бірлестіктер қажетіне қарай, халықаралық келісімшартты негізге ала отырып, жастарды жетекші ислам ЖОО-ларына оқуға жібере алады.

Өзге конфессияларға қатысты елімізде Қазақстанның православие шіркеуінің жоғары діни оқу орны «Алматинская православная духовная семинария» білім беру мекемесі,  католиктік «Мария – матерь церкви» жоғары діни семинариясы дін қызметкерлерін дайындайды. Елімізде білім іздеген жанның жолы ашық. Елімізде азаматтардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Отандық діни жоғары оқу орындарында  оқыған жастардың діни санасы дұрыс қалыптасу арқылы Қазақстанның дәстүрлері мен мәдениетіне, руханилығына үйлесетін қасиеттерді, сондай-ақ  Отанына деген сүйіспеншілік сезімі мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті толық сезіне алатын деңгейге жеткізу болып отыр. Себебі шетелдік діни оқу орындарында білім алудың бірнеше қауіп-қатерлерін айтуға болады. Өз бетінше шетелдік діни оқу орындарына кеткен азаматтар төмендегідей бірнеше қателік пен кедергілерге бой алдыруы мүмкін:

— шетелде оқыған азаматтарымыздың діни білімі қазақстандық құндылықтарға үйлеспейтіндігі;

— діни білімі жан-жақты толықпаған жастар шетелде жүріп деструктивті идеологияның тұзағына түсуі;

— деструктивті ұйымдардың жетегіне кеткен жастарымыз халқымыздың терең тарихы мен дәстүрін, салт-санасы мен дүниетанымын, болмысын жоққа шығара бастауы;

—  халифат құруды көксейтін идеологияның жетегіне кетіп қалу қауіптілігі;

— олардың кез келген уақытта радикалды көзқарастарын ашық жариялап, зайырлы мемлекеттің заңдарын ашық сынай бастауы;

— шетелде өзге мәдениеттер негізінде оқығандықтан, елге келгеннен кейін діндар адамдардың мәселелерін шеше алмауы;

— дін саласы бойынша қызмет атқара алмай қалуы және т.б. кедергілер болуы мүмкін.

Сондықтан бұл мәселеге жастарымыз да, ата-аналар да қырағылық танытатын уақыттың жеткендігін тағы бір мәрте ескерте кеткім келеді. Бакалавриат бітіргеннен кейін шетелде оқығысы келетін азаматтарымыз таңдалған жоғары оқу орнын тиісті еліміздегі діни бірлестікпен (мәселен, ҚМДБ)  келісіп алғаны жөн.

Елде діни білім алуға қолайлы жағдайлар жасалып отырғанда діни білім алу үшін шетел асудың қажеті де жоқ деп есептеймін. Діни білімін өз елінде алу арқылы елдегі тұрақтылық пен тыныштыққа, мемлекеттің рухани тұтастығына үлес қосқаны жөн деп санаймын.

«Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында шетелде діни білім алуды шектеу туралы норма «сақтық шарасы, сақтану шарасы» деп қабылдайтын болсақ, ұтқанымыздың көп боларына еш күмән жоқ.

Бақытжан САТЕРШИНОВ, Қазақстан дінтанушылары конгресінің төрағасы, философия ғылымының докторы, профессор

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.