«Мұнай ұрлау» ісі бойынша 26 адамның үстінен Ақтөбеде өткен сот мәресіне жетіп, үкім оқылды. Ақтөбе облыстық сотының шешімімен 24 адам үш және 12 жыл аралығындағы түрме жазасына кесілсе, екі адам сот залынан бостандыққа жіберілді.

Осы іс бойынша айыпталған «Төрт ағайынды» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі Еркін Ізбасарды мемлекеттік айыптау 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған. Алайда ол Е.Ізбасарды 12 жылға соттады. Ал оның оң қолы Аухат Қалиев пен Қалдымұрат Қартжанов 11 жылға, Нұрлыбек Тонтаев 7 жылға, Болатбек Бекетов пен Мұрат Тұржанов 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот және тергеу материалдарына қарағанда, осы азаматтар ел ішінде «Төрт ағайынды» аталып кеткен ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері. Бұлармен қатар сотқа тартылған Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Рахат Аханов 7 жылға сотталды. Сот сондай-ақ оның дүние-мүлкін тәркілеп, полковник атағынан айыруға үкім етті және өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салды.

Үкім шыққан күні сотқа келгендердің көпшілігі залға сыймай қалып, соттың шешімін бірінші қабаттағы монитордан тыңдады. Судья Ахметқали Молдағалиев үкімді екі сағат бойы оқыды. Өзіне қатысты үкімді естіген Е.Ізбасар онымен келіспейтінін айтып, айқайға басты. Судьяға зекіп сөйлеп, сот тәртібін бұзған Е.Ізбасарды айдауылдар сот залынан әкетті.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, қылмыстық топ пен өзге сотталушылар кеніштерден мұнай ұрлаумен айналысса, Ақтөбе  облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Р.Аханов ұрланған мұнайды мұнай өңдеу зауыттарына жеткізуге көмектесіп, өзінің үлесін алып отырған.  Сөйтіп, Р.Ахановты қызмет өкілеттігін теріс пайдалану бабы бойынша кінәлі деп тапты. Өзге сотталушыларға «мұнай ұрлау», «адам ұрлау», «ақша бопсалау», «қару сақтау», «бөтеннің мүлкін талан-таражға салу» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» айыптары тағылған болатын.

Бұған дейінгі сот отырыстарында қылмыстық топтың нақты қанша көлемде мұнай ұрлағаны туралы әртүрлі дерек келтірілді. Сот отырыстарының бірінде геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің маманы 39 миллион теңгеге жуық мұнай ұрланды деген есебін ұсынған. Алайда өзге отырыстарда келтірілген сараптамалар  16 миллион теңгеге жуық мұнай ұрланғанын алға тартқан. Сот үкіміне сүйенсек, сотталғандар  39 миллион теңге көлеміндегі мұнай ұрлап, қолды қылған.

Тергеу материалдарына қарағанда, қылмыстық топ 2015 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Жарлы ауылдық округіндегі «Қағанай» кенішінен 530 тонна мұнай ұрлаған. Сондай-ақ сотта олардың «Ащыкөл» мен «Қаратөбе», Мұғалжар ауданындағы «Синельниковское» кенішінен мұнай ұрлағаны айтылды.

Сот кезінде айыпталушылар өздеріне тағылған кінәні мойындамады. Е.Ізбасар өзінің І топ мүгедегі екенін алға тартып, мұндай іспен айналыспағанын, оған тіпті денсаулығы жарамайтынын мәлімдеген.

«Төрт ағайынды» қалай мұнай ұрлады?

2014 жылға дейін «Төрт ағайынды» ұйымдасқан тобы, негізінен, криминалды қылмыспен айналысқан. 2004 жылы Ақтөбеде тағы бір «бәсекелес» қылмыстық топтың құрылатынын ести салысымен, Е.Ізбасар бастаған топ оның Нұрманов есімді жетекшісінің көзін жоюға тырысқан. Сөйтіп, Алматыда жүрген Нұрмановты іздеп тауып, 11 жерінен пышақ салған.

Ал 2010 жылы Е.Ізбасар бастаған топ қарызын даулап жүрген танысына көмектесіп, қарыз алған адамды қорқытып-үркітіп ақша бопсалаған, сөйтіп, 19 миллион теңгені қолға түсірген.

2011 жылы қылмыстық топ тағы бір кәсіпкерден ақша бопсалап, көзге түскен.

2014 жылдан бастап қылмыстық топ мұнай ұрлаумен айналыса бастапты. Дәлірек айтқанда, олар Байғанин ауданында кеніштерден мұнай ұрлап жүрген өзге ақтөбеліктерге «салық салып», ұрланған мұнайдың әр литрінен 1 теңгеден алып отырған. Кейін қылмыстық топқа мұнай ұрлаушылар ғана емес, кеніш операторлары мен мұнайды тасымалдайтын жүргізушілерді қатыстырған. Мұнай тиелген көлікті полиция тоқтатпас үшін Е.Ізбасар мен оның серіктері облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Р.Ахановты тартып, сыбайласқан. Мемлекеттік айыптау болжамынша, Р.Аханов қылмыстық топты жапқаны үшін ай сайын 300-400 мың теңге көлеміндегі «сыйақы» алып отырған. Артынша қылмыстық топ Байғанин ауданының күзетсіз қалған кеніштерін білетін жергілікті тұрғындарды тартқан.

Бұл қылмыстық топ 2016 жылдың желтоқсанында ҰҚК, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы мен ішкі істер министрлігінің бірлесіп, Ақтөбе облысы аумағында жүргізген арнайы операциясы кезінде ұсталған болатын. Тергеу материалдары 257 томға жетті. Сотта прокурор 180 беттен тұратын айыптау актісін екі күн бойы оқыды.

З.ЖЫЛҚЫБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.