Өз баласын таспен ұрғанын мойындады

22

Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыдағы Шығыс айналма жолынан ессіз күйде табылған төрт жасар бала туралы суыт ақпарат тарағаны белгілі. Бірақ бұл белгісіз ақпарат көп ұзамай анықталған.

Дегенмен бұл істі ашудың да өзіндік қиындықтары болған. Істің созылып кетуіне алдымен жалған куәгер себеп болыпты (жалған куәлік берген ол қыздың заң алдында қалай жауап бергені әзірге белгісіз). Дегенмен жедел тергеу шараларының барысында баланың басынан өткен нақты оқиға анықталған. Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек істің жай-жапсарын былай түсіндіреді:

«Бастапқыда тергеу өзін «куәгермін» деп таныстырған қыздың жалған көрсетпесі бойынша жүрді. Кейін оның «баланы қара түсті көлік қағып кетті» деген сөздері жалған екені анықталды. Куәгердің айтқан сөздері жедел әрі арнайы шаралардың нәтижелерімен және қалалық видеомониторинг көрсетпелеріне сәйкес келмеді. Осылайша баланы көлік қақпағаны анықталды: Мұхамедтің жарақаты жол-көлік оқиғасына сәйкес келмейді. Тергеу осы шаралармен қатар, оқиғаның басқа да нұсқаларын қарастырды. Өзге куәгерлердің айтқан сөзі мен өзге дәлелдер базасы зерттелді. Видеобақылау камераларының бірі Мұхамедтің әкесінің оны қолынан ұстап, жол шетімен келе жатқанын түсіріп алған. Сөйтсек, ер адам баланы адам жоқ жерге апарып, баланың тәртібіне ашуланып, басынан таспен ұрған болып шықты. Оқиға орнын тыңғылықты қарап шығу үшін шөпті шауып, сол тасты тауып алдық, сол жерде ересек адамның болғанын айғақтайтын белгілерді таптық».

Бұдан кейін баланың әкесі қылмысын толықтай мойындап, қылмыс үстінде мас болғанын айтқан. Мазасызданып, қыңқылдай берген баласын таспен қойып қалған, бала талып жығылғанда есі шығып қашып кеткен. «Қазақстандықтардан, полиция қызметкерлерінен, маған көмектескен депутаттан кешірім сұраймын. Жаза тартуға дайынмын және кешірім сұрауға лайық емес екенімді білемін», – депті іс ашылған соң.

Әрине, әкеден таяқ жемейтін бала аз шығар, дегенмен дәл мына оқиға өте шетін жағдай. Бұл атышулы оқиғаның негізгі кейіпкері – төрт жасар Мұхамед Асқароғлының денсаулығы да көпті алаңдатқан жайт еді. Дәрігерлер бүгінде баланың жағдайы түзеліп келе жатқанын айтады. Қазір өз бетінше отырып, аяқтарын қозғалта алады.

«Бүгінде баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. 2018 жылдың 9 тамызында ол әрі қарай ем алу үшін №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды», – деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.