Астана және Ақмола облысында «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық серіктестігі» тақырыбында өткен жас ғалымдар форумы мәресіне жетті. Бұл форум осымен екінші мәрте ұйымдастырылды.

Форумда бас қосқан жас ғалымдар білім, ғылым саласындағы серіктестік, Қазақстан оқу орындарының шетелдік ғылым ордаларымен әріптестік орнатуы, ел ғалымдарының шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, бірігіп зерттеу жүргізуі тәрізді тақырыптарды талқылады. Ғылыми форумға 27 елден жасы 40-қа жетпеген 100 шақты жас ғалым қатысты.  Бұлардың арасында Қазақстан, Ресей, Литва, Беларусь, Армения, Әзірбайжан және Өзбекстанның белді экономистері мен саясаттанушылары да бар. Сонымен қатар бұл жиында ТМД жас ғалымдар кеңесі, отандық оқу орындарының ректорлары мен еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдері төбе көрсетті.

Былтыр өткен форумда ғалымдар агро, био және нанотехнологиялар, туризм, баламалы энергетика мәселелерін көтерсе, биыл ауыл шаруашылығы, мәдениет, физика, технология  саласындағы тақырыптар қамтылды.

Форумның ресми бөлігі алғашқы күні Астанада өтсе, екінші күнгі отырыс  Бурабайда жалғасты. Екінші күні ғалымдар мемлекетік орган өкілдерімен бірқатар мәселе талқылады.  Атап айтқанда, Қазақстанның шекаралық аудандарындағы аграрлық саланың инновациялық дамуы, білім және ғылым саласының дамуы, еліміздің Еуразиялық кеңістіктегі орны мен мүмкіндіктері сөз болды.

«Биылғы форум жаңа, сапалы деңгейге шықты. Күн тәртібінде талқыланатын мәселелердің ауқымы кеңейді. Оның үстіне форумға мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуы жас ғалымдарға білім, ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру, халықаралық серіктестік жөніндегі ұсыныстарын тікелей сол орган  жетекшілеріне жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді Тұңғыш президент қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

Форум соңында білімді тәжірибеде қалай қолданып, түрлі ғылым саласын дамытуды үйрететін мастер-кластар өтті. Мәселен, Ресей Ғылым академиясы биология институтының қызметкері жүргізген мастер-класта экономиканың нақты саласына биотехнология, экология, ауыл шаруашылығы жобаларын қалай ендіруге болатынын сөз етіп, нақты мысалдарын көрсетті.

Бурабай форумы келесі жылы да Ақмола облысында жалғасын табуы тиіс.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.