Тамыздың 14-і күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты «жалған куәлік берді» деп айып тағылған азаматтық белсенді Сүйін Абулданың ісін қарай бастады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот отырысына келген Сүйін Абулданың Азаттыққа айтуынша, алаяқтық ісі бойынша тергеушіге куәлік бергені рас.

— Тергеуші «естідім» деген сөзімді «көрдім» деген сөзбен алмастырып жазған. Тергеу кезінде «естідім» деп куәлік еткенімді дәлелдейтін құжаттар бар. Айтқан сөзім бұрмаланған, — дейді ол.

Белсендінің үстінен Қылмыстық кодекстің 420-бабымен (“Сарапшының, маманның көрiнеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма») іс қозғалған. Сотқа судья Болат Қарабаев төрағалық жасайды.

2017 жылдың 8 желтоқсанында Әл-Фараби аудандық соты Сүйін Абулданы екі айға қамауға алу туралы санкция берген. Түркістан облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген белсенді кепілмен қамаудан босатылған. 

Сүйін Абулда Азаттыққа кепілмен қамаудан босаудың өзі «үлкен машақат болғанын», бұл істі «азаматтық белсенділігімен байланысты, саяси астары бар» деп білетінін айтқан.

Сүйін Абулда 2016 жылдың 18 мамыры күні жер мәселесі бойынша митинг өтуі мүмкін екені туралы хабар таратқаны үшін 15 тәулікке қамалған. Сол уақытта бірнеше қалада үкіметтің жер реформасына қарсы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ауқымды әлеуметтік наразылық акциялары өткен еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.