Қазақ қалаға кеңінен қоныстана бастағалы «балаң болсын он шақты» деген сөз мүлдем айтылмайтын болды. Қала тұрмысы мен мәдениеті саналы ата-ана болу деген түсінікті шығарды. Бірақ саналы ата-ана болу бәрінің қолынан келіп жатқан жоқ. Ересектердің өмірін бала кезде көрген отбасылық тәрбие қалай өзгертіп, нендей кедергі келтіретінін астаналық психолог-психотерапевт Айгүл Дүйсембаевадан сұраған едік.

Айгүл, ата-аналар бала туу шешімін өте үстірт қабылдайды деген сөзді соңғы кездері жиі естіп жүрміз. Осы пікір қаншалықты рас?

–Бала туу, балалы болуға қатысты қасаң пікір, стереотип өте көп. Соның бірі, бала – отбасының берекесін ұстаушы тұғыр.  Бала арқылы еркекті тырп еткізбей  ұстаймын деушілер бар.  Ал кейбіреулер бала тусам күйеуім ішкілікке салынғанын қойып, әкелік міндетін сезініп, жауапты болар деп үміттенеді. Тіпті кейде күйеуінің көңілдесі бар екенін білсе немесе күйеуін алысқа, шетелге оқуға, жұмысқа жібергісі келмесе, осы жоспарына жету үшін босануға бел буатындар да бар. Олардың ойынша, осы амал арқылы еркекті бақылауында, ешқайда қаратпай ұстап тұруға болады. Көңілдес келіншек те дәл осылай ойлайды. Бала туып берсем, қасымнан кетпейді деп түсінеді. Жалпы айтқанда, көпшілік бала тууға өз мәселесін шешіп бере салатын сиқыр немесе тылсым ретінде қарайды. Ал баланың жағдайы, оның тағдыры қандай болады деген басты сұрақ көп жағдайда ескерілмей шетте қалады.

Ал мұның соңы нендей жағдаймен аяқталады?

–Отбасының бақытты болуы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына тікелей байланысты. Ал түзу қарым-қатынас жоқ  жерде баланың жарық дүниеге келуі онсыз да әрең тұрған жағдайды ушықтыра түседі. Себебі қосымша тұрмыстық, қаржылық қиындықтар мен дау-дамай шығады. Ал одан бірінші кезекте бала зардап шегеді. Ата-ана өзара бақытты, тату болған кезде ғана дені сау, өз өзіне сенімді, шаттық пен қуанышқа бөленген бақытты бала өседі. Басқаша мүмкін емес. Сондықтан балалы болу шешімін ата-ана саналы түрде қабылдауы тиіс.

Бірде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді оңалту орталығына жұмыспен барған едім. Онда бір әйел үш баласымен отырды. Күйеуі күнара ұрып-соғады екен. Сұхбат алып отырған әріптесім «осындай жағдайыңызға қарамай, тағы да босанғалы отыр екенсіз» деп салды.  Әйел еш саспастан «күйеуім ғой» деді.  Мамандар осы үрдісті бала тудыру зорлығы деуші ме еді? Жалпы, осы мәселе бізде қалай шешіліп жатыр?

–Біздің елде бала тудыру зорлығы (репродуктивное насилие) деген түсінік әлі таралмаған. Қабылдауыма келетін әйелдердің ішінде көп бала туғысы келмегенін айтатындар бар. Бірақ күйеуінің талабымен ұл бала тапқанша босана берген. Психологтар осы әрекетті бала тудыру зорлығы деп айтады. Бұл зорлық әйелге ғана қатысты емес. Баланы ер-азамат та қаламауы мүмкін. Бірақ оны ұстап тұру үшін әйел жүкті боп алады. Бұл ер-азаматқа қатысты зорлық.

Біздің қоғам да қызық. Жас отбасының ішкі мәселесіне араласып, ақыл айтқысы келіп тұрады. Мәселен, жаңа үйленген жастарды «қашан балалы боласыңдар?» деп қажап жібереді. Одан кейін «бір бала – бала емес, екі бала –жарты бала» деп ақыл айтуға кіріседі. Жан-жақтан жауған осындай кеңестің қысымына шыдамаған келіншек босана береді. Бірақ күйеуі екеуі психологиялық тұрғыдан бұған дайын ба, баспанасы бар ма, денсаулықтары сау ма, болашақ баланы қалай бағып-қағамыз дегенге мүлдем ойланбайды. Көпбалалы болу түсінігі бізге тұрмысы қиын да ауыр бұрынғы көшпелі өмірден қалған ғой. Ол кезде аман-есен жетілген әр бала қосымша жұмыс күші болды. Ал қазір заман  басқаша өзгерді. Қала өмірі бала бағуға, өсіруге жаңаша шарттар енгізіп жатыр. Бірақ осы қатал шарттарды ескермей жүргендер де бар.

Бала тудыру зорлығынан дүниеге келген сәбилер нендей қиындық көреді?

–Балаға сүйікті, қалаулы болу өте маңызды. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі баланы қаламаған болса, ол оған суық қарайды. Бала өте сезімтал. Әкесі не шешесінің оны жақтырмай, күйзеліске өзі үшін түсіп жүргенін тез сезеді. Бала осыдан  қатты қиналады.  Қарапайым ғана қағида бар: бала кездегі ата-анамен қатынас үлкейгенде жоғалып кетпейді. Қайта ол өз балаларына өздігінен бейсаналы түрде беріледі.  Сондықтан үлкендер өздерінің балалық шақтарына ой жүгіртіп, қажет болса психологқа қаралып алғаны дұрыс. Бала кездерінде ата-ана мейірімі, көңілі, жақсы көруі жетіспеген немесе әке-шеше өте қатал болып, күш көрсетіп, ұрып-соғып, қол жетпейтін мақсаттарды мойындарына ілгендіктен, психологиялық, эмоциялық, физикалық тұрғыдан күйіп кеткен балалар үлкейгенде өз балаларына саналы-санасыз түрде дәл осындай тәрбие береді. Мұның бәрі балаға керегі жоқ жүк, ауыр салмақ. Жүйкесі жұқарып, қыңыр боп өседі.  Ал оның осылай болуының түп-төркіні тым тереңде.

Баспасөзде күн сайын көтерілетін тақырыптың бірі – көпбалалы отбасының үйсіз-күйсіз,  жұмыссыз, тамақсыз жүргені. Мемлекет көпбалалы отбасына айтарлықтай қолдау көрсетіп те жатқан жоқ. Осыдан келіп  «жағдайы  жоқ ата-ана  жыл сайын бала тууға неге құмар?» деген сұрақ туады…

–Бұл көріністі кемелденбей, жетілмей қалған ұстанымға теңер едім. Кейбір әйелде көп баланың анасы болсам бәрі мені құрметтеуі керек, көмектесуі тиіс дегендей үстірт түсінік бар. Бұл түсінік әсіресе өзін-өзі танып-білмеген, өз мәселесін өзі шеше алмаған, өзін өзгеден қор көретіндерде кезігеді. Олар үшін бала туу – жетістікке жетудің бір жолы мен үлгісі. Сондай-ақ оқуда табандылық танытпаған, жұмыста белсенділік байқатпаған, жеке тұлға ретінде айтарлықтай табысқа жете алмағандар көп бала тууды құп көреді.  Сөйтіп, ана атанып, өзінің осы өмірде бос жүрмегенін, маңызды жан екенін көрсетеді. Олар білім іздеп,   ғылымның соңына түспегенін, жақсы жұмысқа ілінбеуінің себебін де бала туудан көреді. 

–Неге?

–Себебі бала кездерінде психологиялық жарақат алған.  Баланы жақсы көрмесе, ата-анасы дұрыс көңіл бөлмесе немесе туған-туыстарының тәрбиесіне бере салса, мұндай бала өскен соң өзін жақсы көретін жан, яғни бала туып алғысы келеді. Олардың ойынша, ол баласы өскен соң өзіне қамқор болып бағып-қағады, үлде мен бүлдеге орайды. Яғни мұндай әйелдер өздері еңбектеніп, өздерін дамытқаннан гөрі өзінен алыстап кетпейтін, тіпті көмегін аямайтын баланы  туып алғанды жөн санайды.

Сөйтіп, осы мақсатына жете ала ма?

–Кейде жетуі де мүмкін. Бірақ оның өтеуі ретінде баласының жүйкесін тоздырады. Балалық шағында ата-ананың өте көп үміті мен талабын көргендер  есейе келе шешесіне, әйтеуір, бірдеңе жетпейтінін түйсінеді. Осыдан соң ол әйел бәрібір бақытты бола алмайды.

–Бізде үлкен балаға көп  жауапкершілік жүктелетін сияқты. Бұл қаншалықты дұрыс?

–Зерттеулерге қарағанда, үйдің үлкені көп жағдайда білікті басшы, тамаша ұйымдастырушы боп өседі. Бірақ бір кемшілігі – мұндай бала тез есейеді. Көп жағдайда бес жасар қыз өзінен кейінгілерге тәрбиеші боп кетеді. Бала боп ойыншық, қуыршақпен ойнауға мұршасы болмайды. Оған тіпті кішкентайларға дұрыс қарамағаны немесе үйді жинамағаны үшін ұрысып, жазалап та жатады.

Осыдан келіп бала өз қалауын жасырып, басқаларға көңіл бөлуге әдеттенеді. Осы әдет үлкейген кезде де қалмайды. Ең бірінші кезекте өзгелердің жағдайын ойлап, өзіне көңіл бөлмейді.  Мұның салдары психологиялық ауруға жетелейді. Өзінің арман-тілегін шектеп, өзгелердің қалауын орындай беру күйзеліске төте жол.

Балалық шақ – күш-қуатты сіміретін, өмірдің қуанышына алаңсыз шомылатын кезең.  Осы кезеңде жаңағы айтқан шарттар болмаса, үлкейген кезде адамға  демалу, шаттану қиынға соғады. Себебі ол үнемі тынымсыз боп жүруге дағдыланып қалады. Бала сияқты беймарал қуанып, шаттанудың не екенін білмейді. Қуану мен шаттану ол үшін ұятты істей көрінеді. Ал бір қиындыққа тап келгенінде іштегі осы сезім адам сағын сындырып тастайды.

–Үйдің үлкені қартайса да, артындағы іні-қарындастарына қамқор болып жүруінің себебі де сіз айтқан әдет пе?

– Іні-қарыңдасыңа бас-көз бол деп тұңғыш балаға ауыр жауапкершілік артып қоятын отбасылар бар ғой. Байқасаңыз, осындай нұсқау беруші ата-ана балалары алдындағы өз міндеті мен жауапкершілігін үлкен балаға  ысыра  салады. Осыдан келіп үйдің үлкені іні-қарындас немесе сіңлілерінің жағдайын жасаумен өз өміріне мән бермей өтеді. Ата-ана үлкен баланы өзінен кейінгілерді бағып-қағу үшін тумағанын ескеруі керек. Әр бала өз-өзіне жауапкер болғаны ләзім.

Іні-қарындас (сіңлілерін) бағып өскен тұңғыштар өскен соң, өз балаларын тәрбиелегенде қандай да бір қиындыққа кезіге ме?

–Үйдің үлкені бесіктен белі шықпай жатып бала бағушы болып кететіндіктен, ата-ананың қабағын бағып, өзінің эмоциясын ішке тежеп, бала боп ойнаудан қалып өседі. Ал олар өскен соң өз балаларын түсінбей қиналады. Өйткені балалары бостан-бос аяқасты айқайлайды, секіреді, шаттанады, жылайды, тағысын тағы. Ал өзі бала кезінде мұның бәрінен тыйылған. Күн тәртібі өзінің балалық шағындағыдай, үлкендердікі сияқты тәртіпке тізілуі тиіс деп түсінеді. Баласы еркелегенде ол ызаланып тәртіпке салуға, жазалауға жанын салады. Тіпті мұның соңы айқай-шу, дауға, қол жұмсап, күш көрсетуге ұласады.

Психолог қабылдауына келген кісілер «балалы болғым келді, оны өте-мөте жақсы көрем, бірақ өзімді ұстай алмай кейде айқайлап, ұрсып тастаймын» деп жатады. Мұндай адамдарға балаларымен ойнаудың өзі қиын. Өйткені балалық кезінде өзі ондай қарым-қатынасты көрмеген. Көрмеген соң білмейді, сезіне алмайды, тәжірибесі жоқ. Ерте есейген үлкендер болмаған балалық шағын саналы түрде түсініп, өзі шешімге келуі керек.

–Қандай шешімге келуі керек?

–Шектеу қойған тыйымдарынан  арылуы керек. Мәселен, өзі және басқалар үшін үлкен жауапкершілік алмауды үйренуі тиіс. Қателесуден қорықпау,  ішкі түйсігін тыңдау,  ара-тұра  еріну,  демала білуді үйренуі қажет. Осы амалдарды үйренсе, бұлар өз баласын түсініп білуге септеседі. Үлкендер мен балалардың қарым-қатынасы әдетте өздерінде болмаған балалық шақты еске түсіреді. Кейде ата-ана өз баласына қызғанышпен қарап,  «Сендерге осы не жетпейді? Барлығы бар ғой. Біздің кезде мұндайдың бірі де болған емес. Жалаң аяқ, жалаң бас жүргенбіз» дегендей сөздер айтып жатады. Әлбетте, «бұл сөздер қызғаныштан айтылмайды, өз балаңа қалай қызғанышпен қарайсың» деушілер көп. Ал жоғарыдағы сөздерін «ашуландым, сосын, аздап жазаладым, айтқан тілімді алмады, үйді жинамады ғой…» дегенмен ақтайды. Ал мәселенің түп-төркініне қарасақ, мұнда балаға тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Бар мәселе үлкен кісінің балалық шағынан шығады. Ол кісіде не ойыншық, не ойын ойнайтын бос уақыт, еркелік болмаған. Осы себепті қызғаныш бар. Мұны мойындау,  түсіну маңызды. Балалық шақта жанбаған сезім, шықпаған шаттық ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасқа кедергі келтірмес үшін психологқа барып қаралған дұрыс.

–Балаға үнемі жекіп сөйлейтіндер бар.  Осы әдет балаға қаншалықты әсер етеді?

–Оның зардабы көп. Бала өзін әр нәрсеге кінәлі сезінуге әдеттеніп алады. Табиғи мінезін жасырып, қалауын шектеп, ата-анасына қалайда ұнауға  талпынады. Бұл өзі өте-мөте сұрықсыз тақырып. Өйткені бізде балаға қатысты зорлық өте көп.  Олардың төркіні жоғарыда айтып өткен мәселелерге тіреледі.

Бала тудыру зорлығы, жоспарсыз жүктілік, ақша, күйеу, әйел, қоғамға құрметті көріну һәм өз ермегі үшін бала туудың барлығын балаға қатысты зорлық ретінде қарауға болады.  Осы зорлықтардың көптігінен өз баласымен тіл табыса алмайтын ата-аналар жетіп жатыр.

Бұдан басқа, қазір ажырасу да көп қой. Егер бала болғанымен, отбасында бақыт болмаса, не істеу керек? Бала үшін ажыраспаған дұрыс па?

– Ерлі-зайыпты бақытсыз болса, ондай отбасында баланың бақытты боп өсуі неғайбыл. Бала психологиялық  тұрғыдан сау болсын десе, үлкендер өздеріне мән беріп, мәселелерін шешуі шарт. Ол үшін өзіне не керек екенін, мақсатын анықтауы қажет. Сонда барып қасындағы адамның өзіне кім екені, онымен қатынасы қандай болмағын түсінеді. Ал мұндай өзгеріс болмаса, бала үнемі үлкендердің айқай-шуын көріп, ата-ананың бір-бірін құрметтемеуіне куә болып, жүйкесі жұқарып, сіркесі су көтермейтін жағдайда қалады. Әке-шешенің өзара айқайынан бала тіпті физикалық тұрғыдан ауруға да шалдығуы мүмкін. Балада жалғыздық, өзін айыпты санап, «олар мен үшін айқайласып жатыр, демек, бар пәле менде», «егер мен болмасам, бұлар ұрыспас еді, шешем бақытсыз болмас еді» деген ой ұялайды. Мұның соңы өз-өзіне қол жұмсау, бала суицидіне ұласады.

Ұрыс-керістің ортасында өскен бала үлкейгенде өз-өзіне сенімді болмайды. Өзін айналаға, қоғамға, ортаға қажетсіз көреді.  Отбасын да дәл балалық кезінде көргендейімен құрады. Әсіресе әкесі ішкілікке салынған қыздардың күйеулері араққұмар боп келеді. Шешесі өзін «құрбан» санап өмірін жылаумен өткізсе, қызы да сондай кепті қайталайды. 

–Күйеуі ауқатты, жақсы адам болса да ма?

–Ондай күйеуге шығу мүмкіндігі кем. Егер тіпті жақсы адамға жолықса да,  балалық кезде көрген жағдайды бейсаналы түрде қайталап отырады.Өйткені ол көрген  отбасылық әлеміндегі қарым-қатынас дөрекі әке, жылауық шеше, бітпейтін үйдегі айқай-шудан және бірінің-бірінен басым түсуінен  тұрады.  Қысқа қайырғанда, өз-өзін бақытсыз сезінбейінше, тыным таппай, соған ілік іздеп шарқ ұрады.

Сонда сіз айтқандай болмас үшін не істеу керек?

–Ата-анасы көрсеткен тәрбиенің қате екенін түсініп,  соның ықпалынан шыға білуі қажет. Сонда ғана өзінің жаңа өмірін жолға қоя алады.

–Көпшілік бала зардап шекпесін деп отбасын сақтап отырады. Кейбіреулер «мыналар ажырасқан екен» деген жұрттың сөзінен ығады. Тіпті кейбірі ажырасып жалғыз қалғанша, бақытсыз әйел болғанды құп көреді…

– Анығында, бір мәселе ғана маңызды. Ол – бала үшін ата-ананың бірге болғаны. Бірақ өмір болған соң бәрі болады.  Қарым-қатынас дұрыс болмаса, онда баланың ата-ананың біреуімен қалғаны дұрыс. Ал екіншісі жоғалып кетпей, баламен кездесіп тұрса, жақсы көретінін анық сездіріп тұрса… Әкемен қала ма, шешемен қала ма, үйде ұрыс болмаса, балаға жақсы. Психологиялық күйзеліске түспейді, денсаулығын құртпайды. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының зерттеуінше, мұндай баланың болашағы баянды, өмірі ұзақ болмақ. Ал ұрыс-керісте өскендерге өте қиын.

–Неге ?

– Мәселен, бала мектептен үйге қайтып келе жатыр делік. Ол үйге әкесінің қандай жағдайда оралатынын білмейді. Сау ма, мас па? Ұрыс-төбелес бола ма? Шешесі тағы жылай ма? Бұл балада үйге келгенде тыныш отырып дайын тамақ жеп, алаңсыз сабақ оқимын деген сенім жоқ. Қарасаңыз, әлі айтарлықтай ештеңе бола қойған жоқ. Бірақ ештеңе болмаса да, бала іштей күйзеліске түсіп тұр ғой. Бұл да бір психологиялық аурудың алғышарты. Ал үйге келгенде бәрі жақсы екен. Екі иығынан жүк түскендей қуанады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. Ертеңгі күнге дейін ғана.  Ертесі үйде ұрыс-керіс. Осыдан соң баланың жүйкесі тынышталмай, үнемі алаңдаумен жүреді. Бұл кейіп қайталанып, созылмалы түрге айналады. Ол қан тамырларының жұмысына әсер беріп, жүрек соғуын нашарлатады. Есейгенде инфаркт, инсульт, қан қысымы айналсоқтап алады.   Зерттеулерге қарағанда, балалық шағы баянсыз өткен ересектердің 40 пайызында жүрек тоқтап қалу қаупі басым. Міне, ата-ана баласының бақытты әрі ұзақ өмір сүргенін қаласа, өзінің проблемасын шешуі керек. Оған өздігінен шамасы жетпесе, отбасылық психологқа қаралсын.  Одан да баян таппаса, баласы 30-40 жасқа келгенде жүректен кетпесін десе, ажырасып, баланы өзі жеке баққаны дұрыс.

Үнемі күйзелісте жүрген баланың ержеткендегі өмірі қалай қалыптасады?

– Мамандар арасында «ішкіштердің үлкен баласы» деген түсінік бар. Бұл шектен тыс күйгелектік, бәрін бақылауда ұстауға тырысу,  өте жоғары жауапкершілікке ұмтылу, өзін өзгеден қор көру, өзін айыпты санау сияқты бірнеше «комплекстен» тұратын адамдар. Бұл топқа деструктивті отбасында өскен кез келген жастағы адам жатады.  Олар бәрін бақылауда ұстауға тырысып, жанын салады. Жұмыста олар қатаң басшы, үйде, мәселен, әйелінің ізін аңдушы. Немесе керісінше, күйеуі мен балаларына «қайдасың?», «қашан келесің?», «қашан тұрдың?», «не тамақ жедің?» дегендей қайта-қайта «смс» жаза беретін әйел. Бұлар үшін бәрін бақылауда ұстаған жөн боп көрінеді. Өйткені бала кездерінде бақылау жасау қолдарынан келмеді, соның кесірінен үнемі келеңсіздік болды. Енді тап қазір бақылауға алмаса, балалық шағындағы сияқты бассыздық болып кетеді деп қорқады.

Бұдан басқа, эмоцияны жасыру деген мәселе бар. Мәселен, балалық шақта бала отбасындағы жағдайды өзге ешкім білмесе екен деп қорқады. Қорқынышты білдірмеу  үшін олар жақсы көрінуге тырысып, «ешкімге жалынба», «ешкімге ештеңе айтпа», «ешкімге сенбе» деген ойға бекиді.  Осы ұстаным ересек өмірде де қалып қойып, адамның өзгелермен дұрыс қарым-қатынас орнатуына үлкен кедергі келтіреді.

Ал егер ата-ана ұрыс-керіс шығармай, бәрі жақсы деген кеп жасап, бала үшін отбасын сақтап жүрсе ше? Мұндай амал балаға кері әсер етпейтін шығар?

–Ерлі-зайыптының бір-біріне деген салқын қабағын бала бәрібір сезеді.   «Басқалардың әке-шешесі үйлерінде күледі, менікі неге олай емес?» деп ойлана бастайды. Оған жауап таба алмайтындықтан, «бәріне өзім кінәлі шығармын» деп ойлай бастайды. Ата-ана бала үшін бірге өмір сүріп жатыр ғой, ал бала «егер мен болмасам, әке-шешем бөлек тұрып, бақытты болып кетер» дейді.Жалпы, бала үшін тұрып жатырмыз деген ұстаным балаға өте ауыр және қайыры жоқ жауапкершілік артады.  Бала, мысалы, оқуда озат болмаса, мен үшін ажыраспай бірге тұрған ата-анамның үмітін ақтамадым деп таусылады. Кей жағдайда мұның соңы суицидпен аяқталады.

– Ересек адам бала кездегі проблемасын түсінді делік, бірақ соны баласына көрсетпеуі, қайталамауы үшін не істеуі керек?  

–Адам өзі қаламаса, жүйке жұқарып тұрғанда эмоцияны шектей алмай қалады. Ата-ананың балаға ұрсып шығатыны да осыдан. Бейсаналы әрекет. Бірақ бала оны қайдан түсінсін, оған оңай емес, соққы боп тиеді.  Бала жүйкесі мен жүрегін жарақаттайтын жаман әдеттерден құтылу үшін, ұрыс-керістен кейін өзіңді айыпты санауды доғару үшін психологқа қаралған дұрыс.

Үйде ұрыс-керіс болмауы үшін отбасын жоспарлау мәдениеті керек дейді.  Ондай мәдениет қалыптасу үшін не істеуіміз керек?

–Жастар арасында мұндай түсінік бар. Оны кеңінен талқылау да басталып кеткендей. Соңғы кездері жастар психологтарға ата-ана болуға қатысты көптеген сұрақ қойып жүр. Отбасын жоспарлау мәдениетінің өзегі – біреу ғана. Бала – жеке зат емес. Бала – ермек қып ұстайтын жан емес. Бала – күйеу мен әйелдің ортасын ажыратпаушы немесе қандай да бір жеке мақсатқа жетудегі манипуляция құралы емес. Бала – жеке тұлға. Оның өз өмірі, көзқарасы, балалық шағы болуы шарт. Осыны түсінуіміз керек. Көпшілік баланы ұрып-соғуды теріс әрекетке санамайды.  «Бізді де әке-шешеміз соққан, одан жаман адам болмадық» деп отырады. Міне, осындай түсініктің кесірінен әулетте бақытсыз бала өсіру үрдісі үзілмейді. Ол үзілмеген соң, үлкендер де бақытты болып кете алмайды.

–Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан  Анар Арыстанбек

Фото: brod.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.