Бірінші дәптер: Ғазали   ғибраттары 

(еркiн пайымдаулар)

Аңғарту

Адамзат тарихының ойлау жүйесіне ұлы төңкерiс әкелген ғұламаның бiрi – Ғазали. Мұқым мүhмин әлемiндегi жаңаша ойлауды әкелген усусул-жадидтің дәнiн сеуiп, санаға сәулесiн түсiрген де сол Зайниддин Мұхаммед имам Ғазали (1058-59) — 1203). Хорасан уәлаятындағы Туси шаhарынан 20 шақырым жердегi Ғазали қыстағында дүниеге келiп, Нишапур, Самарқанд, Бағдат, Шам, Искендрия (Александрия) шаhарларындағы оқымыстылармен пiкiрлесiп, пәлсапалық сұхбат құрып, ақыл-ойдың ғұлама – хакiмi дәрежесiне жетедi. Қайда барса да, сол жердегi медреседе дәрiс оқиды, уағыз айтады. Сондықтан да ол ел арасында «имам Ғазали» атанады. Ол «Жауhар», «Негiздер» («Орталық»), «Түйiн» («Қысқа»), «Қорытынды», «Мұстафа», «Жас шыбық», «Философтардың терiстi терiске шығаруы», «Адасудан арылу», «Көзқарасты анықтау», «Iлiм өлшемi», «Мақсаттар», «Өзге халықтардың жаңылыс пiкiрлерi», «Алла есiмдерiнiң мағынасы», «Шығыс», «Мақсат пен уақыт аралығы», «Құстар жайлы кiтап», «Hақ жолының бастамасы», «Ей, перзенттерiм!», «Дiни iлiмдердiң тiрiлуi», «Түйсiктану», «Бақытқа жетудiң алхимиясы» атты пәлсапалық кiтап жазған. Дауани, Ауғани, Габдуку, Маржани, Абай сияқты әлемдiк ойлау жүйесiнiң данышпандары осы Ғазалидiң рухани шәкiрттерi.

ХIХ-ХХ ғасырлардағы мұсылман дүниесiнiң оянуы мен өрлеуi Ғазали iлiмiнен тамыр алады. Ұлы ғұламаға құрмет ретiнде әр кезде, әрқилы жағдайда, әрқилы көңiл күйде ойға оралған не өзгенiң пiкiрлерiн оқи отырып, соны өзiмiзше дамытып, қырнап-қырлаған қысқа түйiндердiң басын қосып, бұдан былай оны «Ғазали ғибраттары» деп атауды ұйғардым. Оның iшiнде сол Ғазалидiң өз пiкiрiне қарама-қайшы келетiн пайымдаулар да бар. Бiрақ  Абайдың ақыл-ойына сусын болған ғұламаның құзырына бас игенiмiздiң және оның  шарапаты тиер деген iзгiлiк ниетiнiң белгiсi болсын деген дәмемiз де болды.

Ғазали ғибраты дегеніміз «Естiлердiң айтқан сөздерiн ескерiп жүрген кiсi өзi де естi болады. Әрбiр естелiк – жеке өзi iске жарамайды. Сол естiлерден естiп, бiлген жақсы нәрселердi ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда iске жарайды, сонда адам десе болады», – деген Абай үлгiсi емес пе?!.

Даналықтан дәмемiз жоқ, бiрақ естiлердiң қатарына қосылудан үмiттенсек несi айып, несi мiн, несi намыс?!

Ой – адамның қайрағы.

1997 жыл 

Өлшем

Егер Ғазали маған мына сұрақтарды қойса:

-Аспаннан да биiк не?

-Көңiл.

-Теңiзден де терең не?

-Көңiл.

-Жерден де ауыр не?

-Көңiл.

-Көбiктен де жеңiл не?

-Көңiл.

-Оттан да ыстық не?

-Көңiл.

-Мұздан да суық не?

-Көңiл.

-Темiрден де қатты не?

-Көңiл.

-Мақпалдан да жұмсақ не?

-Көңiл.

-Күннен де жарық не?

-Көңiл.

-Түннен де қараңғы не?

-Көңiл.

-Ақ ниеттiң белгiсi не?

-Көңiл.

-Қара ниеттiң белгiсi не?

-Көңiл.

Өмiрдiң өлшемi – көңiл.

Көңiлдiң мөлшерi – өмiр.

Ақ ниеттiге – абиұр, сабыр берсiн.

Қара ниеттiге – қабiр берсiн.

Өйткенi:

Өмiрiңдi – көңiл өрге сүйрейдi,

Көңiлiңдi – өмiр көрге сүйрейдi, – деп  жауап берген болар едiм.

Ал Ғазали ғұлама мұны:

-Ақтық жолындағы жақсылықтың шарапаты – аспаннан да кең, аспаннан да биiк, аспаннан да жарық;

-Адал пенденi балағаттағандардың, өсекке iлiндiргендердiң, күндегендердiң күнәсiнiң салмағы – қара жер көтере алмастай ауыр;

-Кекшiлдiң, қастан шықпағандардың, қатыгездiң пиғылы – мұздан да суық;

-Қызғаншақтың өшпендiлiк сезiмi – оттан да ыстық әрi тез тұтанғыш;

— Кәпiрдiң көңiлi – темiрден де қатты;

-Өсекшiлер мен сөз тасушы сумақайлар – адамның ең қоры, бұралқысы, – деп бағалапты.

Ал осы өлшемдердiң өлшемi бар ма? Ол не? Салыстырмалы ой мен теңеу ме? Жоқ, қара тiлдi дiлмарлыққа құрылған қазақы  шешендiк пе?

Мәселе: дәстүрлi, қисынды ой мен дәстүрлi ойлау жүйесiнде ме, жоқ, шешендiк жүлгесiнде ме екен?

Әйтеуiр, түйсiктiң саңлауында бiр кiлтипан бар.

Пайғамбардың үш қиянатқа тыйымы

Бiрiншiсі: иянат (жала)

Иянат,

Иянат түбi қиянат.

Екiншiсi: hиямат (уәдеге опасыздық)

Һиямат,

Һиямат та қиянат.

Үшiншiсі: аманат.

Аманат,

Аманатқа қылма қиянат.

Осы үшеуiнiң бiреуiн бұзсаң, қиямет-қайымдағы орның  тозақ болмақ. Ол қиянатты ораза, намаз, пiтiр-садақа да жуып кетiре алмайды екен. Қажылықтың жеңiлдiк берер-бермесi ашып айтылмаған.

Соған қарағанда күнәнiң ең ауыры – қиянат. Қарыздың ең ауыры – уәде болғаны ғой.

Шындығында да, тiрi пенде қылдай қиянат жасамаса, уәдесiнде тұрып, айтқан сөзiнiң бәрi орындалса, онда о дүниедегi жұмақ – осы дүниеде, әлгi әлемдi елес боп кезiп жүрген «коммунизм» бүгiн-ақ орнар едi-ау.

Ең бастысы, «қағаз жолбарыстардың» орнында таза жолбарыстар отырар едi.

Жалған жобалар мен жолдаулардан баспасөздiң белi босап, рухани мәдениеттiң де жерi кеңiп қалар едi-ау.

Бiрақ қиянат пен иянаттың көкесi – зиянат  сонда басталмасын!

Ендеше, осыған да шүкiр, ә! 

Үш аманат

Бала ата-ананың қолындағы ұлтының болашағының аманаты.

Ата-ана – Алланың пайғамбарға берген аманаты.

Ал исi адамзат – Алланың өзiнiң аманаты. 

Демеу

Қарашығымен – көз қымбат.

Сарасымен – сөз қымбат. 

Сөз

Егер де дұшпаның басынған кезде:

Жанар отың – жайнап,

Жан отың қайнап,

Бұлшық етiң – ойнап,

Түбiн ойлап,

Жiгерiңдi қайрап,

Амалыңды сайлап,

Тiлiңдi – байлап тұрсаң – жеңгенiң!

Дұрыс-ақ, «Iнжiлде» де, «Тауратта» да, «Зәбурде» де: «Жаратқан иемнiң жаратқандарының iшiндегi ең бiрiншiсi және бастамасы – сөз», дейдi.

Құран Кәрiмдегi Алланың Мұхамед саллал-лаху ғалаихи-уассаламға берген аяны да – сөз.

Ендеше, ең қасиеттi, ең көне, ең қауiптi мамандықты таңдаған менi де Аллам тегiн жаратпаған-ау.

Тәуба!

Егер де дұшпаның басынған кезде:

Көзiң – жайнап,

Өзегiң қайнап,

Бiлегiң – ойнап,

Кеткен кегiңдi ойлап,

Намысыңды қайрап,

Амалыңды сайлап,

Тiлiң – сайрап тұрса – жеңiлгенiң!

Ғазалидiң пайымдауынша: «Дүниедегi күнәға батпаудың ең дұрыс амалы қайсы?» дегенде, пайғамбарым аузынан тiлiн шығарыпты да, қайтадан аузын жаба қойыпты. Бұл: «Дұрысы – үндемеген. Алақаның – ашық, аузың – жабық болса, амалыңды сайлап, тiлiңдi байлап тұрсаң – жарты күнәдан құтылғаның. Азаматтың басына апат әкелетiн басты қауiп – сөз», деген екен.

Астафир-Алла! Қандай ғана дауасыз дерттi таңдап алғанмын?! Абайдың: «Тiл өнерi – дертпен тең», дегенi осы екен-ау!

Әлгi мақтаныш, әлгi күпiрлiк, әлгi желiк қайда қалды?

Сонда дүниенiң кiлтi – сөз болғаны ғой. Тек сол сөз кiмнiң қолына түсiп, қай құлыпты қашан ашады – гәп осында боп шықты. Ендеше, «Ей, Алла! Сөздiң кiлтiн кiмге ұстатсаң, оған ұстат. Тек күншiлге жолата көрме!» деп тiлеу ғана қалады. 

Күбірткі

Көңiлдiң күбiрткiсi – күмән,

Өмiрдiң күбiрткiсi – күншiлдiк.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.