Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты, Қазақстанның оңтүстігінде арнайы операция барысында ұсталған Дамирбек Асылбекуулын қамау мерзімі ұзарған. Бұл туралы Алматы қалалық сотына сілтеме жасаған ҚазАқпарат хабарлады.

Қалалық сот ақпаратына қарағанда, тергеу комитетінен Дамирбек Асылбекуулын қамауда ұстау мерзімін 2018 жылдың 15 қазанына дейін ұзарту туралы өтініш түскен. Сот тергеушілердің өтінішін қанағаттандыру туралы қаулысын 9 тамызда шығарған.

2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында 35 адам ұсталған. Олардың арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер болған. Ұсталғандардың үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 17 ақпанда Қырғызстан азаматтарын екі айға қамау туралы сот шешімін шығарған. Тергеу ұсталғандарды “шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды» және “трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты” деп күдіктенеді.

16 сәуірде Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы “өзге ел азаматтығын алған болуы мүмкін” деген себеппен Асылбекұлын депутаттық мандаттан айырған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Асылбекұлында қазақстандық паспорт барын айтқан. Асылбекуулының туыстары бұл мәліметті жоққа шығарып, қамалуды біреулердің бұрынғы депутатпен «есеп айырысуы» деп бағалаған.

Жамбыл облыстық прокуратурасы бұған дейін Азаттыққа Дамирбек Асылбекуулының қайда екенін жариялаудан бас тартқан. Облыстық прокуратура Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сүйеніп, бұл қылмыстық іс «қоғамдық пікір тудыруы мүмкін болғандықтан» сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін айтады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.