Атыраулық жұп шетелде демаламыз деп шығындалды

1056

Биылғы ақпан айында жас отбасы кішкене баласымен бірге Түркиядағы Анталья курортына алдын ала үш жолдама рәсімдеді. Туристік фирма «ертерек брондалған» жолдамалардың құнын 660 мың теңгеге бағалап, ерлі-зайыпты оның тең жартысын төледі. Алайда, белгіленген мерзімге бір ай қалғанда отбасы мүшесінің бірі бара алмайтыны белгілі болды. Айналып келгенде, жағажайдағы демалыстан қағылған жұптың төлеген қаражатынан туристік ұйыммен келісім-шартқа сәйкес 20 пайыз ақша мен тұрақсыздық айыбы (издержки), яғни барлығы 190 мың теңге ұсталып қалды!

-Біздің туристік агенттігіміз қазақстандық туроператормен келісім-шартқа отырған, соның ішінде барлығы көрсетілген. Кейбір жағдайларда клиентке ол бармаса да төлеген ақшасын толықтай қайтарамыз, себебі, оның жолдамасы іле-шала сол бағасына қайта өтіп кетуі мүмкін. Кейде оның денсаулық жағдайын ескереміз, — деп түсіндіреді «Планета.кз» туристік агенттілігінің директоры Роза Бекенова.

-Мен айтып отырған отбасының қолында әйелдің ауруханаға жатқаны жөнінде медициналық анықтама бар? Ол неге есепке алынбаған?

-Мұны шешетін біз емес, екі елдің туроператорлары және отель келісім-шартқа сәйкес шығындарын есептеп отырып, әрқайсысы өзінің тұрақсыздық айыбын салады. Негізі, біз клиентті барынша жоғалтпауға тырысып, оған түрлі нұсқаларды ұсынамыз. Мәселен, баласы ауырып қалған бір отбасының Түркиядағы демалыс уақытын жолдама құнының уақыт өте қымбаттағанына қарамастан, екі айға жылжыттық. Әр елдің өзіне тән ерекшелігі болады. Айталық, Араб әмірліктеріне жолдама брондасаң орныңа басқа адам рәсімдеуге, уақытын жылжытуға болмайды, бас тартқан жағдайда – ештеңе қайтарылмайды.

-Біз сөз еткен отбасы жолдама құнының жартысын төлеген, қалған жартысына АҚШ доллары курсының өсуіне сәйкес үстеме ақы қосылған.

-Ертерек брондауда жолдама құны толықтай төленген жағдайда оған шетелдік валюта курсының қатысы жоқ. Ал 50 пайыз төленген кезде оның қалған бағасына курс әсер етеді. Туроператорлар мен отельдер валюта бағамына қарай шетелдік турлардың бағаларын өзгертіп отырады, бұл – қалыпты құбылыс. Тек ішкі туризм, яғни еліміздің басқа аймақтарына шығу, долларға тәуелсіз.

Мәселеге заң өкілдері қалай қарайды?

-Бұл кісілер бізге шағымданып келген жоқ, қазір екі арадағы келісім-шартты көріп отырмағасын пікір айту қиындау. Дегенмен, азаматтарымыз кез-келген жағдайда келісім-шартты мұқият оқып, қандай жағдайлар форс-мажор болып табылатынын және қай кезде қаражаты қайтарылатынын мұқият біліп алуы керек. Екінші жағынан, туристік ұйымдардың да белгілі бір тәуекелге барғанын ескеру керек, клиенттің сапардан бас тартуы оларға шығын әкелуі мүмкін, — дейді адвокат Қанағат Маштахов.

-Менің көріп жүргенім, турфирмалар турдан бас тарту салдары қандай болатынын алдын ала ескертіп айтып жатады. Алайда, адамның психологиясы солай: ол қандай да бір жағдай болып қалады-ау деместен бейқам жүреді. Мысалы, шетелге шыққанда баласына сақтандыру полисін алудан бас тартқан ата-аналарды білемін. Басқа елге барғанда бала күрт өзгерген ауа райына бейімделе алмай ауырды да, олар дәрігерге, дәрі-дәрмекке өз қалтасынан төлейміз деп көп шығындалды, — деген тәжірибелі турист Шынар Текеева туристік мекеменің қызметіне жүгінген адам өзінің құқықтарын рәсімдеу кезінде, шекара аспай тұрып анықтап біліп алуы керек деген пікірде.

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.