Бекболат Тілеуханның күйеу баласы әкім болды

5077

Бүгін Өскемен қаласының әкімі тағайындалды. Риддердегі қайғылы оқиғадан кейін бұрынғы қала басшысы Қуат ТҰМАБАЕВТЫ облыс әкімі Даниял АХМЕТОВ қызметінен босатқан еді.

Депутат Ержан РАХМЕТОВТЫҢ күйеу баласы Қуат Тұмабаев Өскемен шаһарын қимай-қимай кеткен сияқты. Қабанбай ескерткіші жаңында селфи жасап, «мен саған қайта ораламын» деп әлеуметтік желіде қоштасу жазбасын қалдырды.

Алайда, Қуат Мұхитұлының креслосы ұзақ бос тұрған жоқ. Оның орына тағы бір депутаттың күйеу баласы жайғасты. Ол – Жақсылық ОМАР. Бекболат ТІЛЕУХАННЫҢ күйеу баласы Даниял Кенжетайұлы ШҚО басқарып тұрған кездегі қаланың үшінші әкімі болды.

Фото: facebook.com

Ер кезегі үшке дейін деген сөз бар. Бәлкім, үшінші әкім Ахметовтың үмітін ақтар. Айтпақшы, Қуат Тұмабаевтың қоштасу жазбасы шындыққа айналуы бек мүмкін. Оның алдында Өскеменді басқарған Ержан АЙМҰҚАШЕВ жоқ болып кетіп Ахметовтың орынбасары бола қалғаны бар.

Жақсылық Омар біраз уақыт ШҚО-да еңбек еткен. Сондықтан да шығыстың бар мәселесімен ете таныс. 2016 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары болып Жетісуға ауысқан шененунік Амандық БАТАЛОВТЫҢ волейбол командасына да түсті. Жетісудағы білім мекемелерін аралап бір мектепте кириешки сатылатынын анықтап, мектеп директорына оның дұрыс еместігін түсіндірді. Оның барлығын көпшілік әлеуметтік желіде тамашалады. Арасында домбыра шерте алатынын да көрсетіп үлгерді. Бірақ та соңғы жарты жылда жұрттың көзінше өңір басшысы орынбасарын қатты сынай бастады. Сөзге бейім Жақсылық Омарды БАҚ-нан аластату да басталған болатын.

Фото: sputnik

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.