Алдағы қыркүйек айында Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Мерекені өз деңгейінде тойлау үшін қажетті дайындық жұмыстары жыл басынан басталған болатын. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің сырты әрленіп, халық арасында «бағдаршам» деген атауға ие болды. Сол жағалаудағы құрылыс айрықша қарқын алып, мереке қарсаңында бірқатар нысанды пайдалануға беру жоспарға енді.

Қызылорданың 200 жылдығына өзге өңірлер қандай сыйлық жасамақ? Бұл сұрақ бүгінде жергілікті тұрғындардың көкейінде жүр. Әсіресе, Сыр өңірінің тұрғындары Астанадан айрықша сый күтуде. Себебі, елорданың 20 жылдығына қызылордалықтар ерекше тарту жасаған болатын. Бас шаһардың қақ ортасында «Союэ», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макетінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейін орналастырған еді. Бұл сыйлықты тарту үшін облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Әрине, сыр халқы бергенін бұлдамас. 200 жылдық тарихы бар қарт шаһарға жас қала бір тамаша сый жасаса, жарасымды болар еді. Сондай-ақ, Қызылорда  Астанадан бұрын елорда болған-ды. (1925 жыл) Яғни Орынбордан көшті Сырдария жағасына бұрып, Қызылорда советтік Қазақстанның бас шаһарына айналып еді.

«Қызылорда облысының тумасы ретінде мен барша жерлестерді келе жатқан мерейтоймен құттықтаймын! Екі ғасыр ішінде қазіргі және болашақтағы ұрпақтарға үлгі болатындай талай іс атқарылды, оларды неге атап өтпеске? Бірақ, сонымен бірге, бізде осындай айтулы даталарды атап өту көбінесе жоғары билікке жағыну, саяси конъюнктураны басқа мүдделер жолында пайдалану үшін атқарылып жатады. Астананың 20 жылдығы дәл солай болды! Әйтпесе, онсыз да бүкіл аймақтардың қаржысына салынып, гүлденіп жатқан ол қалаға аймақтар есебінен қосымша сый тартудың не керегі бар еді?! Мерейтойлатудың басқа да, заманауи, қоғам талаптарына сай, азып-тозып жатқан елдің наразылығын туғызбайтындай жолдары бар емес пе?!» — дейді танымал саясаткер Әміржан ҚОСАНОВ.

Әзірге, өзге өңірлердің Қызылордаға қандай сыйлық жасайтынын дөп басып айту қиын. Мерейтойға санаулы уақыттың қалғанын ескерсек, жаңадан көрші облыстардың тартуы ретінде салынатын нысандар да болмайтынға ұқсайды. Бағалы тартудың болуының өзі екіталай. Облыс әкімінің орынбасары Руслан РҮСТЕМОВТІҢ әңгімесінен осыны байқауға болады. «Енді мерейтойға өзге өңірлерден қадірлі меймандар келеді деп жоспарлануда. Айқымды шаралар ұйымдастырылады. Сол жағалаудан жаңа мөлтек аудан пайдалануға беріледі. Мерекелік шаралар жоспары дайындалды. Тұрғындарды көтеріңкі кештер күтуде. Өзге өңірлердің сыйлығы туралы нақты айта алмаймыз. Уақыт көрсететін болады», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы демеушілердің есебінен тойланбақ. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбеуі мүмкін. Дегенмен, кезекті рет кәсіпкерлерге иек артқан шенеуніктер ұмытылмас мереке болады деп сендіреді. Тағы бір айта кететін жайт, Қызылорда Түркістанға таңғажайып тарту жасауды көздеп отыр. Бірақ нақты қандай сыйлық болатынын әлі де айту ерте.

Коллаж: zhasalash.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.