Дүйсенбіде ауған әскері «Талибан» содырлары Кундуз уәлаятының солтүстігінде кепілге алған 149 адамды босатып алды. Бұл ақпаратты жергілікті билік өкілдері хабарлады.

Ауғанстан Ішкі істер министрінің орынбасары Насрат Рахимидің айтуынша, 20 тамыз күні содырлар Кабулға мұсылмандардың Құрбан айт мерекесін тойлауға бара жатқан автобустарды тоқтатып, адамдарын кепілге алған. Жедел құтқару операциясы басталып, екі жақ атысқан. Рахимидің сөзінше, Талибан жағынан кем дегенде жеті содыр өлді. Бірақ олар әлі де белгісіз жерде 21 адамды ұстап отыр.  

Кундуз уәлаяты губернаторының өкілі Эсматулла Муради де арасында әйелдер мен балалар бар 149 адамның құтқарылғанын растады. 

Уәлаят кеңесінің мүшесі Сайед Ассадулла Садат «кепілге алынғандар арасында Ауғанстанның мемлекеттік органдар мен қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері де бар» деді. 

Жергілікті полицияның хабарлауынша, жолаушылар — Бадахшан және Тахар уәлаяттарының тұрғындары. Талибан содырлары оларды Хан-Абад ауданы маңында тоқтатқан. 

Бұған дейін Ауғанстан президенті Ашраф Ғани «Талибанды» және үкімет әскерін мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі қарсаңында оқ атыспауға шақырған еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.