Баталовтың мұғалімдері де құрылысшы

2708

Мамандығы құрылысшы Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ мектеп мұғалімдеріне білгенін үйреткісі келді ме екен? Әлде Алматы облысы, Іле ауданының әкімі Қыдыргелді МЕДЕУОВ мұғалімдердің өңір басшысындай құрылысшы болғанын қалай ма? Қазынадан жаңа мектепке 1 млрд. теңге бөлінгенімен, сақалды құрылыс басында мұғалімдер тегін жұмыс істеп жатыр.

Алматы облысы, Іле ауданы, Төлеби ауылының №37 мектеп ұстаздары екі айлық жазғы демалыстарын мектепті жөндеумен өткізіп келеді. Бұл туралы алғаш facebook.com әлеуметтік желісінің қолданушысы Ақмарал ОМРАЛИНОВА жазды. Төле би ауылындағы 300 орындық мектеп былтыр пайдалануға берілуі керек болған. Бұл нысанға бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген (984 477 495,20 теңге). Мердігер – «Дуит-Телеком» ЖШС. Қосалқы мердігер «SHAKSHAM GROUP» ЖШС. Оның басшысы – Ғалымжан ТІЛЕМІСОВ. Авторлық қадағалауды «Арлан Жоба» ЖШС-іне (2 071 720 теңге) тиесілі. Директоры – Валерий АНН. Техникалық бақылауға жауап беретін – «Алатау» компаниясы (3 515 460 теңге). Оның басшысы –Эдуард НАГИЕВ.

Қыруар қаржыны алған бұл компаниялардың өкілдерін құрылыс басынан көре алмайсыз. 2018 жылдың маусым айынан қазірге дейін мектептің жұмысына мұғалімдер мен оқушылар жұмылдырылған. Тіпті Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімшілік қызметкерлері де қара жұмысқа жегіліпті. Ескі мектеп ұжымының басшысы Нұрбосын БӨБЕТАЕВ білім мекемесінің директоры екенін ұмытып, «прораб» болуға мәжбүр болған. Қызығы, оқу жылы жақындаған тұста орнынан алынып тасталыпты. Қазір бұйырса кіретін жаңа мектептің басшысы болып Шайгүл УНАЕВА тағайындалған.

«Ала жаздай мектеп мұғалімдері дабылсыз еңбек етті. Өткен жұма күні бүкіл Ащыбұлақ округі келіп болысты. Оқушылар жаздай демалған жоқ. Көктемнің сәуір айынан бері тыным таппады ғой», — дейді ауыл тұрғыны Тұрлыбек ҚҰРМАШ.

Құрылыс басындағы жұмыс уақыты таңғы сағат 9:00 ден 17:00-ге дейін жалғасады екен. Өз міндетіне жатпайтын жұмыстан бас тартқандар да болыпты. Бірақ та арыз жазуға тура келген.

«Жылтырап тұрған мектеп терезелерін біз жудық. Құрылысшылар қалай болса солай тастап кеткен еді. Шаң басып тұрған. Кафельдерді қырып тұрып тазаладық. Ол аз десеңіз, әкімшілік адамдары артымыздан келіп тексеріп, өздерін әдепсіз ұстайтын. Өз басым бір апта жұмыс істедім. Құқығым тапталған соң, арыз жазып жұмыстан шығып кеттім», — дейді Балнұр СЕЙІТҚҰЛОВА.

Көше аралау, сайлауға атсалысу, мерекелік шараларда массовка болу, ауылды қоқыстан тазалау, әншілердің концертіне билет салып алуға көндіккен мұғалімдер құрылысқа да бой үйреткен.

«Өткен аптада асар болған. Басқа мекемелердің де қызметкерлері келіп болысты. Бірақ соған қарамастан жұмыс әлі шаш етектен. Спорт зал бар. Көгалдандыруға ақша бөлінген екен. Алайда  бір тал да егілген жоқ. Ертең оның барлығы мұғалімдер мен ата-аналардың қалтасынан жасалады. Ұстаздардың барлығы бірдей теледидарға шығып сөйлеуге қорқады. Жұмыссыз қалып қаламыз ба деген уайым», — дейді Гүлмира есімді мұғалім.

«Жас Алаш» тілшісі Іле ауданы білім бөлімінің басшысы Ләззат КАТКЕЕВАҒА хабарласқанымен, ала алмады. Ләззат Жақыпқызының маңызды шаруалары болса керек, телефон тұтқасын көтермеді. Басшының өзімен болмаса да, орынбасарымен сөйлесудің мүмкіндігі туды.

Іле ауданының әкімі Қыдыргелді Медеуов

Гүлнар МАҚСҰТОВА, Іле ауданы, Білім бөлімі басшысының орынбасары: Жаңа мектепте жұмыс істеп жатқан мұғалімдер еңбек демалыстарына барып келген.

Журналист: Демалыстан келген мұғалімдер еден жуып, есік сүртуге тиіс пе?

Гүлнар МАҚСҰТОВА: Терезе мен полды жууға еден жуушылар шақыртылған. Көмектесуге дене шынықтыру мен еңбек пәнінің мұғалімдері келді.

Журналист: Басқа да мұғалімдер жүр ғой.

Гүлнар МАҚСҰТОВА: Енді көмектесуге шақыртылды ғой.

Қызығы, мұғалімдер құқықтарының тапталып жатқанына байланысты аудан басшысына шағым түсіре алмайды. Себебі Қыдыргелді Медеуовтың өзі мектепке тексеруге келіп тұрады. Мердігерлердің жұмысын қадағалай алмай, мұғалімдерді малайға айналдырған аудан басшысының іс-әрекетін Амандық Баталов біле ме екен?

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.