Атырауда бес мыңнан астам психикалық науқас бар

386

Атыраудың шет жағында тұратын Айнагүл айы-күні толып отырғанына қарамастан, көше жағалап енесін іздеп жүр. Қартайғанда ауруға шалдыққан ана үй кезіп, басы ауған жағына кетіп қалатын әдет шығарған. Ал баласының ақыл-есі кемшіндеу Самал есімді жалғызбасты ана осымен жетінші пәтерге көшіп жатыр. Бала интернатқа әлі рәсімделмеген, ал үй иелері мен көрші-көлем өзінен-өзі айқайлап, көрінгенге ұрынып жүретін науқас сәбиді жақтырмайды…

Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығынан алынған есепке сүйенсек, 2018 жылдың алғашқы жартысында тіркелген науқас саны – 5549. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгісі – 763, әйелдер – 2384, ерлер – 3165. Былтыр 5596 адам есепте тұрған. Науқастардың аздап болса да азаюы олардың қайтадан қатарға қосылуымен емес, көшіп кетуі, қайтыс болуы сияқты себептермен түсіндірілді. Қазіргі кезде бес мыңның үстіндегі психикалық дерті бар жандардың 130-ы стационарлық емдеуде. Орталықтың өзі осынша науқасқа ғана есептелген, артық қабылдай алмайды. Қалғаны – өз үйлерінде.

– Олар да біреудің ұл-қызы, бауыры, сіз бен біз сияқты адамдар. Біздің халықтың менталитеті солай, психикалық науқастардан қорқып, шеттетіп тұрады. Өздері тиісіп, ызаландырады. Маған қарайтын №2 емхана учаскесінде 357 жүйке жүйесінде ақауы бар адам тіркелсе, оның екеуі ғана әлеуметтік қауіпті саналады. Егер науқас дәрісін уақытылы қабылдап жүрсе, агрессивті болмайды. Ал көтеріліп ауыра бастаса, стационарға жатқызып, 30-45 күн емдеп шығарамыз, – деп түсіндіреді психиатр Тұрсынай КЕНЖИЕВА.

Білгеніміз, бұл процедураның бәрі науқастың өз еркімен жүзеге асырылады. Оған ешкім дәрісін күштеп беріп, ықтиярынсыз емдете алмайды. Бір жақсысы, психикалық науқас үшін дәрі-дәрмек тегін. Одан бөлек, жәрдемақы барлығына емес, кей категорияларына ғана тағайындалады. Ал ауру кісіні бағамын деп үйде де, түзде де берекесі кетіп отырған оның қамқоршысына мемлекеттен көк тиын да төленбейді екен. Шындығында, ауру туысының бар бейнетін арқалайтын – осы қамқоршы.

– Осы балаға қарап жұмысқа шыға алмай отырмын. Алдында жалғыз қамап кететін едім, біреудің үйін өртеп жібере жаздады. Осы күні дерті қозғанда қолына түскен затпен ұратын болып жүр, қайтейін енді, басқа түскенді көреміз де, – деп баяндайды Самал өз жайын.  

Өкінішке қарай, күнделікті өмірде ақыл-есі кемдеу жандардың көшеде, қоғамдық көліктерде біреулерді ұрып-соғып, балағаттап кеткен жайларын көріп-біліп жүрміз. Кеше ғана маршрутты автобуста алба-жұлба киінген еркек жөніне отырған жүргіншілерді қарғап-сілеумен отырды. «Осыларды амалсыздан аламыз, шыдаңыздар енді, жынды ғой» деп кондуктор ақталып жатты.

Егер біреуге зәбір көрсеткен психикалық науқас «өз әрекетіне жауап бермейді» деп танылса, ол үшін оның қамқоршысы жауап беруі тиіс. Іс жүзінде азаматтық сотқа ондай шағым түсіретіндер жоқтың қасы. Көбінесе «жарыммен жарым болам ба» деп қолды бір сілтейді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылы Атырау қалалық соты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы 92 істі қараған, оның 88-і қанағаттандырылып, төртеуін қанағаттандырудан бас тартқан. Биыл әзірге қаралғаны – 38 іс. Оның біреуінен бас тартылып, қалғаны түгел қанағаттандырылған.

Фото: kerek-info.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.