2018 жылғы 6 айда аудандық, қалалық соттар 1,8 млн. іс пен материалдарды қараған. Өсім — 40%.Негізгі үлес азаматтық істерде — 84%. 26 мың қылмыстық іс аяқталды. Сотталған — 16 302 адам. 4 094 адам бостандығынан айрылды. Бұл туралы Жас Алаш Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

  1. Азаматтық істер саны – 1 ,5 млн. Өсім – 53%.

Мемлекет Басшысы татуластыру институттарын дамытуды тапсырған болатын. Көптеген елдерде даулардың 50-60% бейбіт жолмен шешіледі.

Жоғарғы Сот бұл жұмысты екі бағытта жүргізуде.

1) Сотсыз татуласу. Әкімдердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Кәсіподақтар федерациясының, Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен татуласу орталықтары құрылуда. Алты облыста іске қосылды.

2) Соттарда татуластыру. Оған арнайы судьялар бекітілді. Сарыарқа аудандық сотында сондай судьяға келгендердің 60% әрі қарай соттасудан бас тартқан.

  1. Жоғарғы Сот Кеңесімен бірге жаңа судьяларды іріктеу жүйесін түбегейлі өзгертудеміз.
  2. Судьялардың ауызша, жазбаша тілін жетілдіру ерекше назарда. Елбасы айтқандай, мемлекеттік қызметшілер халықпен жеңіл, түсінікті тілде сөйлесуі керек. Бұл міндет судьяларға да қатысты.

Шешендік өнер саласындағы мамандардың қатысуымен өңірлерде тренингтер өтуде.

1 қыркүйектен бастап әрбір судья екі жаңа талапты орындауға міндетті болады:

1) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысымен бекітілген сот шешімінің, үкімінің, қаулысының тілі, құрылымы;

2) шешім, үкім жариялағаннан кейін неге сондай қорытындыға келгенін қарапайым тілмен түсіндіру.

  1. Ақтау үкімдерінің саны 4 есе көбейді. 2017 жылғы 6 айда 28 болса, ағымдағы жарты жылда 101. Бұл жеке айыптау істерін қоспағанда. Бұрын ақтаулар, негізінен, онша ауыр емес және ауырлығы орташа істер бойынша болса, қазір жағдай күрт өзгере бастады. Ауыр және аса ауыр істер бойынша ақтаулар көп.
  2. Судьялардың 7 съезінде Мемлекет бірыңғай сот практикасын қалыптастыруды тапсырды.

Соған сәйкес IT-бағдарлама әзірленуде. Мақсат – судьялардың бірыңғай сот практикасын ұстануына көмектесу. Сотқа бармай тұрып, кез-келген адам сол IT жүйе арқылы дау бойынша қандай шешім қабылдауы мүмкін екенін көріп, алдын-ала болжай алады.

  1. Дамыған елдерде, ТМД-да басым көпшілігі әлдеқашан әкімшілік юстицияны енгізген немесе енгізуде.

Жоғарғы Сот Әділет министрлігімен бірге сондай заңның жобасын әзірлеп, ол құжатты басқа мемлекеттік органдармен келісуде.

Әкімшілік юстицияның мәнісі – жеке немесе заңды тұлға мемлекеттік органның шешімімен немесе оның әрекетімен/әрекетсіздігімен келіспесе, дәлел іздеуге міндетті емес. Мемлекеттік органның өзі сотта өзінің шешімін немесе іс-әрекетін негіздеуі тиіс.

Бұл елдегі экономикалық, инвестициялық, бизнес-ахуалды жақсартады.

  1. Жоғарғы Сот 7 ірі бағыт бойынша жұмыс істеуде. Жалпы мақсат – сот төрелігінің сапасын арттыру, оны халыққа да, соттарға да ыңғайлы, қолжетімді ету.

Фото: informburo.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.