АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы жеке адвокаты Майкл Коэн Трамптың президент сайлауында жеңуі үшін қаржылық қылмыс жасағанын мойындады. Коэннің ісіне қатысты тергеуді Манхэттен прокуроры Джеффри Берман басқарады. Оның ресми өкілі әзірге Коэннің мойындауына қатысты комментарий бермеді.

Кінәсін мойындауға қатысты келісімнің мән-жайы әзірге толық жарияланбады. Коэн Трамптың мүддесі тұрғысынан әрекет еткенін және онымен өзара сөз байласқанын мойындап отыр.

Бұрынғы президент Билл Клинтонның бұрынғы кеңесшісі, саяси стратегияларды дайындаушы әрі АҚШ-тағы белгілі адвокат Лэнни Дэвис Twitter-де «Бүгін ол [Коэн] Дональд Трамп өзін сайлау нәтижесіне ықпал ету үшін екі әйелге ақша төлеу арқылы қылмыс жасауға итермелегені туралы айтты. Егер Майкл Коэннің мұндай төлем жасауы қылмыс болып есептелсе, онда бұл тұрғыда Дональд Трамп неге қылмыс жасаған болып саналмайды?» деп жазды.

Биыл сәуірде Федералдық тергеу бюросының (FBI) агенттері Трамптың сайлауалды штабы мен Ресей арасындағы ықтимал байланысты тергейтін арнайы прокурор Роберт Мюллердің сұрауы бойынша Коэннің кеңсесі мен қонақүйдегі бөлмесін тінткен.

Трамп бұған дейін Мәскеумен астыртын сөз байласқанын бірнеше рет жоққа шығарып, тергеуді «мыстан аулау» деп атаған. Ресей де АҚШ-тағы президент сайлауына киліккенін жоққа шығарады. Алайда, АҚШ барлау қызметі Ресей сайлау нәтижесіне ықпал етпек болған деген қорытынды шығарған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.